06 Шілде, 2010

ҚАЛЫҚТАП БИДІҢ ҚАНАТЫ

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Қазақстан” Орталық кон­церт залында ине шаншар орын болған жоқ. Германия, АҚШ, Ресей, Түр­кия, Қытай елдерінің сахнасында өнер көрсетіп жүрген майталман әртістер өздері келіп өнер көрсетіп жатқанда мұндай тарихи оқиғадан кімнің шет қалғысы келеді дейсің. Ресейдің халық әртісі, Мәскеу Үлкен теат­рында басты партиялар­ды орын­даушы Николай Циска­ридзенің өнерін бір тамашалап қалғанның өзі не тұрады? Сахнада тау қыранындай қалықтайтын биші қала күніне орыс компо­зиторы Игорь Стравинскийдің музыка­сы­на жазылған “Нарцисс” биін әдейі дайындап әкелген көрінеді. Бақыт таңын аңсаған ғашық жүректің лүпілін жеткізетін шы­ғарма желісі мұндағы жастар­дың арман-мұратымен үйлесе өріледі. Қай жерде болсын адамзат бала­сының мызғымас тірлігіне тиек болар махаббат толғамының толағай үмітіне жолығасыз. Тек сол арманның ақжелкен сәулесі өмір айдынына адастырмай алып шықсын деңіз. Қытайдың балет өнері өкіл­дерінің қалтқысыз пластикалық қалыбын қайта-қайта көре бергің келетіні ғажап. Халықаралық бай­қаулардың лауреаттары Цау Шуцы мен Жанг Шидің орын­дау­ындағы А.Аданның “Жизель” балетіндегі көріністер қойылымға шы­ғыстық бояу дарытуымен да­раланады. Осыған қоса К.Бай­сейі­това атындағы ұлттық опера және балет театрының труппасы А.Бородиннің – “Князь Игорь”, ал Нью-Йорк сити балетінің өнер­­паз­дары Эшли Буде мен Эндрю Вейет Л.Готтшальктің – “Таран­тел­ла”, Берлин Штатсо­пер­ден кел­ген Элиза Кабрера мен Михаил Канискин Д.Росси­нидің – “Grand pas de deux”, Анкара мемлекеттік опера және балет театрының та­ны­мал биші­ле­рі Өзге Башаран мен Бахри Гюрд­жан П.Чайков­ский­­дің “Ұй­қыдағы ару” балет­те­рінен күрделі иірімдерді именбей орындап, сүйіспеншілікке бөлен­ді. Құдайға шүкір, мұндай әлем­дік есімдер қатарында қазақтың да талантты ұл мен қыздары же­терлік. Соның бірі де бірегейі, бү­­гін­де Цюрих опера және балет театрында өнер көрсетіп жүрген Әлия Танық­па­ева мен К.Бай­­сейітова атындағы ұлттық опера және балет теат­ры­ның әртісі Сержан Кәуі­ков­тің А.Адан­ның “Кор­­сар” балетінен кел­тірген бір үзік кө­рі­нісі үздік өрі­ліп, кө­кейден кет­пес­­тей өр­нек қал­дыр­­ды. Ас­тана аспа­ны қи­ял­дың қыл­құй­ры­ғы­мен жел­­­­пі­гендей әс­ем саз­бен тол­­қып тұр­­ды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.

* * *

ШАБЫТТЫ ҚЫЗДЫРҒАН “ДЕЖАВЮ”

Аты әлемге мәшһүр опера жұлдызы Дмитрий Хворо­стов­ский­­­­дің сазгер Игорь Крутоймен бірлесіп қойған концертін өн­ер­­сүйер қауым “Қазақстан” орталық концерт залынан тамашалады. Хворостовский мен Крутойдың бұл жолғы ұсынған “Де­жавю” жобасында сан алуан шығармашылық стиль мен түрлі жанрдағы 24 композиция орындалды. Адам­ның жан дүниесін тебірентер концертте Виктор По­повтың Хор өнері академиясының академиялық хо­ры және Константин Орбелянның басқаруындағы камера­лық оркестрі де өз өнерлерін ортаға салды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.