Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей астанасы Мәскеуге ресми сапармен келді. Онда Елбасы ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммитіне, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Ал ертең Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруге қатысады.
ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесіне биыл Қазақстан төрағалық етіп отырғаны белгілі. Осыған орай ресми кездесу алдағы қазанда біздің елде өтеді. Сондықтан кешегі кездесу бейресми деп аталды. Саммитке ТМД Мемлекет басшылары түгел жиналған жоқ. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің төрағасы – ТМД атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Жиынды бастаған Ресей Президенті В.Путин әріптестеріне келгендері үшін алғысын айтып, барша ТМД халқына Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай құттықтауын жолдады. Осы ретте ол 2014 жылдың ақпанында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары тарапынан мақұлданған Жеңістің 70 жылдығына дайындалу және оны мерекелеу жоспарын іске асыру бойынша ауқымды бірлескен жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Отан үшін отқа түскен ардагерлерімізді ардақтау бұл мерекемен ғана шектеліп қалмауы керектігіне тоқталып, Ұлы Жеңістің баршамызға үлкен тарихи маңызы бар екендігін алға тартты. Қысқаша алғысөзден кейін Ресей Президенті бұдан әрі сөз тізгінін ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің іс жүзіндегі төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.
Елбасы лауазымына қайта сайланғанынан бергі бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы ресми сапары. Осыған орай В.Путин сөз реті келгенде Қазақстан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап өтуді де ұмытпады. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде бұл жолғы кездесу ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
– Қасіретті соғыс жылдарында біздің халықтарымыз нацистік қатерге қарсы біртұтас болып жұмылды. Соғыстың негізгі ауыртпалығы нақ осы біздің елдерімізге түсті. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз жеңді. Егер олар жеңбегенде саясат пен экономика қандай бағытта дамитыны, біздің халықтарымыз қазір қайда болатыны белгісіз еді. Басшылары осында отырған барлық елдер секілді Қазақстан да Ұлы Жеңіске зор үлес қосты.
Сол кезеңдегі халқымыздың 20 пайызға жуығы – бір жарым миллион адам майданға аттанды, соның жартысы ғана оралды. 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Өзге елдермен қатар Қазақстан да қарулы күштердің сенімді тылына айналды. Бұл жеңіс баршамыз үшін – ардагерлерге де, жастарға да маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, қазіргі кезде жекелеген саясаткерлер мен мемлекеттердің соғыс қорытындысын тарихи деректерді бұрмалау арқылы қайта қарауға ұмтылысы байқалып отырғанына тоқталды.
«Өкініштісі, соңғы уақытта кейбір саясаткерлер мен мемлекеттердің Ұлы Отан соғысының қорытындысына тексеру жүргізгісі келіп, тарихи фактілерден ауытқып, бұрмалауы байқалады. Меніңше, біздің бәріміз үшін мұндай әрекет ешкімге абырой әкелмейді. Біз Жеңіс туралы ақиқатты бірлесіп сақтауға, болашақта осындай қасіретті болдырмас үшін келесі ұрпаққа айтып жеткізуге тиіспіз. Бүгінде біз өткен тарихтан барлығы сабақ алмағанын көріп отырмыз, өткеннің қателіктері қайталанып жатыр. Біз күрделі кезеңде тұрмыз, тұрақсыздық ошақтары ұлғайып келеді, жаңа шиеленістер туындауда. Мәселені дипломатиялық жолмен емес, күшпен шешуге ден қойылуда, бұл өте қатерлі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бұдан әрі қазіргі заманның елеулі сын-қатері ауқымы жаһандық сипат алған халықаралық терроризм болып отырғанына назар аударды.
– Қауіп-қатер көптеген мемлекеттердің ішкі саяси тұрақтылығы мен бейбіт дамуына төніп тұр. Мұндай жауыздыққа тек жұмылған күш-жігер арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Қазіргі кезде ТМД аясында терроризмге қарсы әрекеттің ұйымдасқан кешенді жүйесі құрылды. Осыған байланысты біздерге қалыптастырған Достастық тетіктерінің тиімділігін арттыру қажеттілігі туындайды, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алдағы мерекемен құттықтады.
– Барлық қазақстандықтар сияқты мен үшін де Ұлы Отан соғысындағы жеңіс әрдайым қаһармандықтың және біздің халықтарымыздың бірлігінің символы болып қала береді. Сол жылдары көрсетілген батырлық пен ерлік, жанқиярлық пен Отанға деген сүйіспеншілік әскери-патриоттық тәрбиенің іргелі негізі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Саммитте одан әрі президенттер кезек-кезек сөз алып Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылына байланысты негізгі мәселелерді талқылады. Бұл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойлау алдындағы жиын болғандықтан, Мемлекеттер басшылары талқылаған мәселелердің негізгісі Ұлы Отан соғысы төңірегіндегі әңгімелерге түйісті. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жайын талқылап, Кеңес нда сонымен қатар, ЕАЭО-ның интеграциялық әлеуетін жүзеге асыру және мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылықтарын дамыту мақсатында ЕАЭО елдерінің болашақтағы экономикалық дамуының негізгі бағыттары талқыланды. Ол қазіргі экономикалық жағдайларда ЕАЭО-ға мүше әр мемлекетке қосымша экономикалық тиімділік алу үшін жаңа серпін бермек. Сол сияқты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің дағдарысқа қарсы бағытқа ие негізгі макроэкономикалық бағдарлары да талқыланды. Бұл құжат әлемдік экономикада, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикаларында да байқалып отырған дағдарыс көріністерін ескере отырып қалыптастырылады. Ол мүше мемлекеттердің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуді, интеграциялық үдеріске қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімін қалпына келтіру үшін жағдайлар жасауды көздейді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте сөйлеген сөзінде теңдік, мүдделерді ескеру, прагматизм мен кезеңділік қағидаттарына негізделген интеграциялық бірігудің әлемдік дағдарыстың күрделі жағдайларында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасын нығайта алатынына сенім білдірді.
Сөз басында Қазақстан басшысы кездесуге қатысушыларға жылы лебізін арнап, ресейлік тарапқа посткеңестік елдердің барлық халықтарын Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге қатысуға шақырғаны, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шешім қабылданған соң ЖЕАЭК-тің алғашқы отырысын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
– Мен сіздерге барлық халықтарды Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге қатысуға шақырғандарыңыз, сондай-ақ бүгінгі кездесуді – Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шешім қабылданғаннан бергі Одақтың алғашқы отырысын ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына сәлемімді жолдап, оларға табыс тілеймін, – деді отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев.
– Келісімге қол қойылған күннен бері бір жыл уақыт өтті, бүгін Еуразиялық экономикалық одақты құрған күннен бері алғаш рет отырыс өткізіп отырған күніміз айтулы күн. Беларусьтік тараптың төрағалығымен жобамызды іске қосқаннан бері төрт айдан астам уақыт өтті. Біз жариялаған қағидаттарға – теңдікке, мүдделерді ескеруге, прагматизм мен кезеңділікке негізделген интеграциялық бірігу әлемдік дағдарыстың күрделі жағдайларында біздің мемлекеттеріміздің экономикасын нығайта алатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, «біздің экономикалық одағымыздың толыққанды жұмысы басталғаннан бері оның қатары толыққанын, оған Армения және Қырғыз республикаларының қосылғанын» атап өтті.
«Біріккен ынтымақтастық болашақта біздің елдеріміздің байланыстарын нығайтып, жалпы Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қуатты серпін беретініне сенімім мол», – деп атап өтті Елбасы.
Жиын қорытындысында Мемлекет басшылары бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Соның бірі – ЕАЭО-ның ортақ электр-энергетикалық рыногын қалыптастыру тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдаманы бекіту 2019 жылы құрылатын ЕАЭО-ның ортақ электр-энергетикалық рыногын құруға кірісу үшін жағдай жасайды. Ол болашақта мемлекеттердің электр-энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Қазақстан үшін ол сондай-ақ, саланың экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігін береді. ЕЭК Кеңесінің отырысы шеңберінде болашақтағы негізгі мақсаты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тасымалдаушыларының Одақ ішіндегі қызмет көрсетулерге қолжетімділігін жеңілдету болып табылатын Автомобильмен жүк тасымалдауды сатылап бейтараптандыру бағдарламасы қолдау тапты. Ол бизнес үшін көлік шығындарын төмендетуге жағдай жасайды. Қазақстан бұл бағдарламаға 2025 жылдан бастап қосылады деп күтіліп отыр.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары деңгейіндегі кешегі отырысының басты жаңалығы – Одақтың қатары тағы бір мемлекетпен толықты. Яғни, осы күнге дейін талай талқыға түскен Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелігіне қабылданды. Осылайша үштік болып құрылған одақ бестік боп бекіді.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.