09 Мамыр, 2015

Өз қаржысына танк жасатқан

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өз қаржысына танк жасатқан тұңғыш ұжымшар төрағасының есімі елеусіз қалып барады «Қызыл армияның бронды танк күштеріне қосқан үлесіңіз үшін, Темірбаев жолдас, менің сәлемім мен Қызыл армияның ілтипатын қабыл алыңыз. Сіздің тілегіңіз орындалады», деген мәтіндегі жеделхат жергілікті мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұр. Оны 1943 жылдың 28 ақпанында Ленин ауданы «Жаңалық» ұжымшарының төрағасы Төлеген Темірбаевтың өз есебінен 130 мың сомды майдан қорына аударған отансүйгіштік қасиетін жоғары бағалаған И.В.Сталин арнайы жолдаған. 17 жыл табан аудармастан ұжым­шарға жетекшілік еткен азамат саналы ғұмырын туған жерін көр­кейтуге жұмсап, ат үстінде өт­керген жан. Қиын-қыстау кезең­де әр жерде бытырай қонған ауыл­дардың басын біріктіріп, үлкен елді мекенге айналдырған. Соғыс ке­зінде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранына жер­лес­терін жұмылдырған. Зор ұйым­дастырушылық қабілетімен игі іс­терге жетелей білген. Бала-ша­ға­ның аузынан жырып, жинап-терген қаражатын майдан қорына жіберу арқылы еңсені езген ауыр тұрмыс тезірек келмеске кетсе екен деген игі тілектен туғанын аңғару қиын емес. – Соғыс жылдары әкеміз ұжым­шардың қамымен таң атқаннан кеш батқанға дейін түзде жүргендіктен, 6 баласын тізесіне отырғызып, еркелетуге уақыты болған емес. Өмір­ден ерте озды. Еңгезердей биік тұлғасы, әр сөзін ой елегінен өткі­зіп сөйлейтін болмысы, мақтан­шылықты ұнатпайтын мінезі ел ұйытқысы болуға жаратылғандай әсер қалдыратын, – дейді 70-терден асқан қызы Мәрзия апай. Ауылдастарының ұжым­дасуына зор үлес қосып, тылда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен оның есімі қалай ұлықтаса да жарасады. Осы жағын мектеп ұжымдары, жергілікті әкімдіктер ескерсе, өткенге құрметтіліктің бір белгісі болар еді. Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ. Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы.