08 Тамыз, 2015

«Қайраттың» жорығы жалғасады

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

000 (6)

Бұрнағы күні «Қайрат» Еуропа лигасы іріктеу турнирінің үшінші раун­ды шеңберінде Шотландияның «Абердин» командасымен қарымта кездесу өткізді. Кельттер елінде болған матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Апта бұрын қос команда Алматыда күш сынасып, алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Осы екі ойынның нәтижесі бойынша «Қайрат» аталған турнирдің плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Абердиндегі айқастың бірінші таймында шотландтар өте ширақ қимылдады. Ал қайраттықтар негізінен қарымта шабуылға иек артып, көбіне қорғанысқа көңіл бөлді. Нәтижесінде қарсыластар үзіліске дейін есеп аша алмады.

Матчтың екінші бөлігі де алаң иелерінің басымдығымен басталды. Олар бірнеше өткір шабуылдар ұйымдастырып, біздің қақпаны нысанаға алғанымен, «Қайраттың» қорғанысы сыр бермеді. Есесіне, 59-минутта «Абердиннің» қорғаушылары қонақтардың шабуылшысы Жерар Гоудан көз жазып қалды. Өзіне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланған Форвард гол соғып, есеп ашты. Таблодағы нәтиже тек 84-минутта өзгерді. Кезекті шабуылдарының бірінде абердиндіктер таразы басын теңестіріп кетті. Допты қақпаға енгізген – Кенни Маклин. Бұл нәтиже ойын соңына дейін сақталды. Осылайша, екі кездесу қорытындысы бойын­ша «Қайрат» келесі айналымға шықты. Алматылықтар мұндай нәтижеге клуб тарихында тұңғыш рет қол жеткізіп отыр. Бұған дейін Еуропа лигасы іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесінде отандық командалардан «Ақтөбе» мен «Астана» ойнап көрді. Өкінішке қарай, екі жасақ та одан әрі аса алмады. Ал 2013 жылы Қарағандының «Шахтері» турнирдің топтық сайысында ойнаған болатын. «Кеншілер» бұл мүмкіндікке Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің плей-офф сынына шығу арқылы қол жеткізді. Айта кетейік, кеше Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы іріктеу турнирлерінің плей-офф сыны үшін жеребе тарту рәсімі өтті. Соның қорытындысына сәйкес, «Қайрат» топтық кезеңнің жолдамасын Францияның «Бордо» командасымен сарапқа салады. Алғашқы ойын 20 тамызда ойналса, қарымта кездесу бір аптадан кейін өтеді. Бірінші матч Францияда болатынын айта кетейік. Ал Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап жүрген «Астана» бұл айналымда Кипрдің АПОЭЛ-імен күш сынасады. Қос команда алдымен Астанада, кейін Кипрдің Никося қаласында шеберлік байқасады. Аталған ойындар 18-19 және 25-26 тамызда ойналады деп күтілуде.

Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».