Зерде • 17 Қараша, 2025

Кубик-рубикті 1 минутта жинайтын робот жасалды

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арнайы сенсорлар арқылы кубиктің қырларын сканерлеп, түстерін анықтайтын робот алынған деректерді талдап, ең тиімді алгоритмді таңдап, күрделі логикалық тапсырма ретінде танылған кубик-рубикті дәл әрі жылдам жинайды, деп жазады Egemen.kz.

 

Кубик-рубикті 1 минутта жинайтын робот жасалды

Фото: Астана әкімдігі

Ақылды робот жобасын көпшілікке таныстырған – Астанадағы Әлімхан Ермеков атындағы № 38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Шахназар Камалов.

Әкімдіктің мәліметінше, жоба – LEGO Mindstorms EV3 конструкторы негізінде құрастырылған.

«Бағдарламалау EV3 Classroom платформасында Python тілінде жүзеге асырылған. Бұл оқушыға алгоритмдік ойлау дағдыларын дамытуға, инженерлік есептерді шешуге, сондай-ақ робот қозғалысының әр бұрышы мен айналуын дәлдікпен басқаруға мүмкіндік берген», делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Робототехника – жасанды интеллект пен инженерия тоғысқан, қарқынды дамып келе жатқан маңызды бағыттардың бірі. Осындай жобалар оқушылардың техникалық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ғылым мен технологияға деген қызығушылығын күшейтеді.