08 Тамыз, 2015

Шағалалы Шардара

2575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

000 (2)

Балығы тайдай тулаған, шағаласы шаңқылдап көк аспанда ойнаған Шардара су қоймасы – Оңтүстіктің көз қуанышы. Тянь-Шань тауларындағы еріген тау суы, сансыз бұлақтардан бас­тау алатын көлдің суы тұщы, сары сазанының еті балдай тәтті. Шардара балығының дәмін татқан адамдар оны Шымкенттегі сауда орындарынан іздеп жүреді.

Облыс әкімдігі «Балық ша­руа­шылығын 2015-2017 жыл­дарға дейінгі дамыту» бағдар­ламасын қабылдаған. Осы ретте Шардарада қандай шаруалар атқарылатындығы, жобалардың қаржыландыру тетіктері тал­қыланған. Нәтиже жақсы. Бұрын 3800 тонна балық ауланып келсе, қазір ауданда 8 000 тоннаға дейін балық ауланады. Болашақта 27 тауарлы балық шаруашылығы іске қосылмақ. Дайын өнімді Еуропа нарығына экспорттау үшін қосымша 400 млн. теңге бөлінеді. Бұл шаруаға керекті қар­жы «Максимум» аймақтық ин­­вес­­тициялық орталығынан беріл­мек. Шардарада облыс әкімді­гінің ұйымдастыруымен өткен семи­нар-кеңесте осындай жағдаяттар айтылды. Семинарға қатысушылар «Хамит» селолық тұтыну коопе­ративінің 387 гектар аумақты алып жатқан балық шаруашылығында болды. Мұнда балықты қабылдап алғаннан тазартып, филесін мұздатқышқа салып, дайын өнімді қораптарға қаттауға дейінгі процестер атқарылады. Шардарада су қоймасы балық шаруашылығынан табыс табудың үлкен мүмкіндігін көрсетіп отыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында тағы екі шағын балық зауыты мен бір балық өңдеу цехы іске қосылу үстінде. Балық кәсіпорындары шабақтарды көл аумағындағы торда өсіру әдісін меңгеріп алған. Браконьерлердің шабақтарға дейін сүзіп алатын қытай торында кетпейді, көлдің көркіне айналып көбейеді. Бұл қанатқақты жобаның осындай ерекшеліктері бар. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов тағы бір күрделі мәселенің түйінін тарқатып қайтты. Шардара – Оңтүстіктің облыс орталығынан ең алыс ауданы. Жолдар жөндеуден өтті дегенмен, машинаға ұзақ. Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған шағында Шымкент–Шардара бағытында АН-24 сияқты ұшақтар қатынаған. Асқар Мырзахметов ескі әуежайда болды. Ұзындығы 1625 метр, бетондалған аумағы 75 мың шаршы метрді құрайтын аэропорт кешені қайта қалпына келтірілу үшін күрделі жөндеуден өтеді. Облыстық энергетика, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және жолаушылар көлігі басқар­ма­сының басшысы Нұрлан Алдамжаров: «Жұ­мыс тобын құру жөнінде облыс әкімі шешім шығарды. Әуе­жайды қай­та құрылымдау жұмы­сы бір ай кө­лемінде баста­лып, екі айдың ішін­де аяқта­луы тиіс. Бұл шаруаға 200 млн. теңге жұмсалмақ. Жөндеу жұ­мыстары «Оңтүстік СПК» ар­қылы жүргізіледі. Алла жазса екі айдан кейін Шардараның әуежайы алғашқы ұшақтарын қа­был­дайтын болады», деді. Шардара – шалқар көл. Жағалауы шаңсыз алтын құм. Демалыс орындары көп. Басқа облыстардан да адамдар келіп көлге түсіп, балық аулап күнге қыздырынып рахаттанып жатады. Яғни, ішкі туризмді дамытуға нағыз лайық жер. Ал туризм дегеніңіз – қазынаға құйылған қаржы, қосымша жұмыс күші. Шағаласы шарқ ұрған Шар­дара аспанында енді күміс қанат ұшақтар да жиі көрінетін күн алыс емес. Аудан әкімі Қамытбек Ай­төреев болашақта Алматы, Аста­надан да әуе кемелері Шардараға қатынайды дейді.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.