08 Тамыз, 2015

Даму жоспары мақұлданып, нақты тапсырмалар берілді

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

gulshara

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадр­лар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда 2016-2020 жылдарға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамыту жоспары қаралды. Отырыста Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің «Бо­ла­шақ» халықаралық стипен­диясының әлеуетін Мемлекет бас­шысының бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жос­парын іске асыруда кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. «Соңғы кезде осы бағдарлама бойынша 2016-2020 жылдарға дейінгі ұсыныс дайындалды. Ол ұсыныстар қазір «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары­мен байланыстырылып жатыр. Сондықтан да, Премьер-Министр­дің қатысуымен Үкіметте де бір­неше рет қаралды. Енді Елба­сына басты ұсыныстарды енгізуі­міз керек», – деді Г.Әбдіқа­лықова.

Бұл ретте Комиссияның өткен жылғы отырысында Мемлекеттік хатшы Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 еліне кіру жолын­дағы қарышты қадамы саналатын Елбасының «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты аясын­дағы жоғары білікті кадрларды даярлау айрықша маңызға ие екен­дігіне екпін берген-ді. Кешегі отырыс та білікті кадрлар даярлау мәселесінің әлі де жетілдіріле беретінін көрсетті. Сондай-ақ, Комиссия мүшелері «Болашақ» халықаралық стипен­диясының 2016-2020 жылдарға арнал­ған даму жоспарын мақұл­дады. Бұл ретте даму жоспарын­да көзделген «Болашақ» стипен­диясын дамытуға және жетіл­діруге бағытталған бастамалар тал­қы­ланғандығын айта кету керек. Өйткені, еліміздегі ауқымды инфрақұрылымдық даму, жаңа өндіріс орындарын құру және ел өңірлері арасында көлік ком­му­никацияларының барлық түрлері арқылы бизнес ынтымақтастықты жандандыру үшін де біліктілікке ие жоғары деңгейлі менеджерлерге деген қажеттілікті тудыратыны белгілі жайт. Сонымен қатар, жиында кезекті конкурстық іріктеудің үміткерлеріне стипендия тағайындау мәселелері және азаматтардың өтініштері қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын одан әрі ұйымдастыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».