08 Тамыз, 2015

Дала данасының дархан тойы

590 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
000 (20) Адамзатқа алыптарды сыйлаған қасиетті Шығыс өңірі Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтті. Әлбетте, елімізде мерейтойлар 25 жыл сайын өтетіні белгілі. Қазақ халқының кемеңгер перзенті Абайдың туғанына 170 жыл толып жатқан кезде, қабырғалы елдің ақын мерейтойын өз дәрежесінде өткізуі орынды. Бұл – тарихи тағылымымен есте қаларлық ерекше мереке. Сан тараптан жиналған жұрт Жидебай жеріндегі ұлы баба тыныстаған ауаны жұтып, хакімнің ғибратты сөздерінен сана сергітіп, ой түйіп аттанды. «Абай әлемі» атты музыкалық кеште қазақтың зор дауысты майталман әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шаһимардан Әбілов Семей жұртшылығына Абай әндерінен шашу шашса, белгілі абайтанушы Ғарифолла Есім хакім жөнінде тұщымды ойларын ортаға салды. Семей шаһарында Абай әндерімен басталған мерейтойдың маңызды бөлігі – «Абай және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференция жұмысына облыс әкімі Д.Ахметов, Сенат депутаты С.Плотников, академик Ғ.Есім, Назарбаев Университеттің вице-президенті Х.Дайырова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұ.Есдәулет және алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар мен зиялы қауым қатысты. – Тәуелсіз Қазақ елі әлемдік өркениет көшіне жол тартқан тарихи кезеңде хакім Абайдың асыл мұралары болашаққа жол бастап, темірқазық болып отыр, – деді жиынды жүргізген Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шә­ріпбек Әмірбек. Түркиядан келген мейман, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі, Абай өлеңдерінің аудармашысы Зафер Кибар ислам дінінің қалыптасуы, түркі әлемінің исламды қабылдауы жөнінде айта келіп, Абай мен оның жауһар туындыларын Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік», Юсуф Хас Хажиб Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» атты мұрасынан кейінгі ұлылар еңбектерінің жалғасы екендігін айтты. – Заманауи қазақ ұлтын қа­лып­тастырған ұлы тұлғалардың бірі – Абай. Қыпшақ түркілерінің ең үлкен бөлігі болып табылатын қазақ ұлтының тілі ХІХ ғасыр­да әдеби тіл ретінде асқақтай көтерілді. Абай қазақ тілін араб, парсы, орыс және көне түркі тілі­нен алынған сөздермен байытты. Тарихымызда біздің қолымызға жетпеген мыңдаған жазбаша еңбектер болғандығы аян. Ұлы түркі мәдениетін дәлелдейтін құнды дүниелердің аздаған бөлігі ғана сақталып қалды немесе әлі жер астында зерттелуін күтіп жатыр. Міне, Абай еңбектері осы даңқты тарихтың, керемет мәдениет жиынтығының өз дәуіріндегі құзар шыңы, – деді Түркиядан келген қонақ. 000 (15) Зафер мырза Абайдың «Қара сөздерін» 2006 жылдан бастап аударған екен. Ол осы жұмысы барысында жұмбақ шешкендей ой әлемі тұңғиығына және өзіне бұл істің қызықты болғанын айтты. Аударма жұмысына Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылының тұрғыны Ахмеди Ысқақұлының көмегімен 1970 жылы жарияланған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» және Түркі тілі қоғамының қолдауымен «Үлкен түрік сөздігі» еңбектерін пайдаланған. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаевтың жәрдемімен түрік тіліне аударылған Абай шығармалары жиыны екі кітап болып, 2013 жылы Ескишеһир қаласында 5 мың данамен басылып шықты. Ғалымның айтуынша,Түркияның ұлттық кітапханасы мен университет және қала кітапханаларының қорында дана Абай туралы 53 дерек табылыпты. Оның ішінде Қазақстанда жарық көрген 11 кітап, 2 докторлық, 4 магистрлік диссертация және энциклопедиялық басылымдардағы мақалалар мен лотерея билеті, пошта маркасы бар. Ал Татарстандағы Қазан Федералдық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Хатип Миннегулов Абай мен татар әдебиеті арасында үлкен байланыс барлығын айта келіп, түркі әлемінің мақтанышына айналған хакім мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтіп жатқанына деген қуанышын жеткізді. – Татар поэзиясының классигі Сибғат Хаким «Абайдың жан дүниесінде қазақ даласының зар-мұңы мен көзінен аққан жасы бар. Ол қазақтың ұлы руханиятын қалыптастырды», деген еді. Мен Абай­ды ілкіде түпнұсқа бойынша және аударма арқылы оқыдым. Осы баяндамаға әзір­лен­г­енімде тағы да қарап шықтым. Таңғал­дырғаны, менімен алғаш рет кездесіп тұр­ған­дай ақын туындылары бірден бау­рап алды. Ой тереңдігі, сезім ағысы, ақыл ке­мел­­дігіне бас идім. Ақынды оқып отыр­­ған сияқ­ты емес, өз аузынан тыңдап отырған­дай­ әсер­де қалдым. Менің алдымда домбы­ра күмбірлеп, әуезді ән шалқығандай болды.­ Бұл сұлу да сырлы сөздің әуені бізді, ХХІ ға­сыр адамдарын да толқытады, – деді ол. Х.Миннегуловтың айтуынша, М.Әуе­зовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлем оқырмандарына белгілі болған Абайды татар халқы Сәрвәр Адгамованың аудармасы арқылы таныды. Аталған тәржіме 1957 және 1960 жылдары екі мәрте басылып шықты. Хатип Юсупұлы Абай мен татар әдебиеті мәселесін қазақ-татар арасындағы байланыс аясында қарастыру керек деді. Бұл мәселе Шоқан Уәлиханов, Сәбит Мұқанов, Сайфи Кұдаш, Темірғали Нұртазин, Резеда Ганиева, Лирон Хами­дуллин және Құлбек Ергөбек еңбек­терінде де көрініс тапқан. Туысқан халық­ты тіл мен діл, экономика, мәде­ниет және діни байланыстар да бірікті­реді. Татар этносы Қазақстанның Қызыл­жар, Семей және Орал өңірлерінде жиі шоғырланған. Мектеп-медреселер, баспалар да бұл үрдісті жандандыра түсті. Мәселен, 1863 жылы Семейде 9 жеке татар мектебі жұмыс істеген. Қазақтың көптеген әдебиет пен мәдениет қайраткерлері Қазандағы «Мұхаммадия», Уфадағы «Ғалия», Орын­бордағы «Хусаи­ния» сынды оқу орындарында білім алды. Татар жазушыларының көптеген шығармаларында қазақ өмірі мен тұрмысы суреттеледі. Бұл ретте Абай да бала күнінен татарлармен аралас-құралас болып, олардың өмірі мен тұрмыс-сал­тын жақсы білді. Хакім әйгілі «Қара сөз­дерінде» татарларға жақсы сипат­тама да берген. Абай алғашқыда ауыл молдасы, татар Ғабитханнан, одан кейін Семей­дегі «Ахмет Риза» татар медресесінде білім алды. Осы оқу жылдарында ол шығыс шайырлары, орыс жазушылары шығармаларымен, сондай-ақ, татар халқының белгілі ағартушылары Шигабуддин Марджани, Каюм Насыри, Хусаин Фейзханов еңбектерімен жақын танысты. Көптеген татар оқымыстылары сияқты Абай да исламды, мұсылманның рухани құндылықтарын терең танып, дәстүрлі сюжеттерді, кейіпкерлерді пайдаланып, оқырманына тағы­лым аларлық дүниелер ұсынды. Абай поэзиясы Ақмолла, Ғұмар Мұхаммадұлы шығармаларындағы шынайылықтан алыстамайды. Абайдың артықшылығы – тілінің жалпыға түсінік­тілігінде, араб-парсы сөздерін аз қолда­нуын­да жатыр. Ұлы ақынның өлеңдері мен әндері татар халқына, әсіресе, қазақпен етене жақын татарларға ертеден белгілі болған. Айталық, суретші Бакый Урманче, композитор Латиф Хамиди, жазушылар Кави Наджми мен Сәрвәр Адгамова, ақын Махмұд Хусаин сынды белгілі татар қайраткерлері қазақтың бай тілі мен дәстүрін жетік білді, – деді Х.Миннегулов. Татарстандық мейманның да Абайға бір табан жақындығы бар екен. Яғни, әйе­лінің әкесі Тауфик Хасанзянов Семейде туып-өсіп, Абай әндерінің орындаушысы, насихатшысы болған. М.Әуезовпен бірнеше мәрте кездесіп, заңғар жазушының қолтаңбасымен кіта­бын да сыйға алған. Х.Миннегулов Абай шығармалары туралы ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында татар басылымдары бірқатар мақа­лалар жариялағанына тоқталды. Мәселен, 1908 жылы «Уақыт» газетінің №333 санын­да Абай туралы материал мен бірнеше өлеңдері жарық көрді. Қырым татарларынан шыққан баспагер Ильяс Бораганский 1909 жылы Петербургтен Абай шығар­мала­рының жинағын басып шығарды. 1916 жылы Орынборда «Абай термесі» атты тағы бір жинақ шықты. Ал толықтырылған жи­нағы 1922 жылы Қазанда басылды. Сондай-ақ, Абайдың аудармадағы жолын татар ақыны Ғабдолла Тоқай жалғастырды деуге болады. М.Әуезов атындағы Оң­түс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Мекемтас Мыр­захметов Абайды тануда үш кедергі бар екенін атап өтті. Біріншісі, Абай өмір сүрген за­манның сырын білмеу. Екінші, Абай жазбаларындағы термин­дердің көптігі. Оны білмесеңіз Абай әлеміне кіре алмайсыз. Үшін­ші, Абай дү­ние­та­нымын фи­лософтардың толық аша ал­мауы. – Абай жетінші қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», дейді. Осы сөзде бүкіл дүние жатыр. Оны Еуропа қалай түсінді, біз қалай түсіндік? Еуропа айтты: «Дүниенің көрінген сырына барайық. Ал көрінбеген сырына бармайық. «Жан» дегенді көрмейміз, білмейміз, ұстамаймыз, оны не қыламыз?». Осылайша, бес ғасыр бойы Еуропа материализммен тәрбиеленіп, ақыры адамгершіліктен айныды. Себебі, олар дүниенің көрінбеген сырына мән бере алмады. Ал Абай дүниенің көрінбеген сырына мән берді. «Түп иеміз кім, бізді кім жаратқан?», – деген сауалдарға жауап іздеді. Абай тұжырымы арқылы квант физиктер үлкен жаңалық ашып отыр. Еуропа материализмнің негізін салса да, ­ұстанған жолының жалған екенін байқады. Ал біздің бас иеріміз – жоғары сана. Энергетикалық өріс бүкіл әлемді байланыстырып тұр. Өріс бізге, біз оған әсер етеміз. Жақсы ойласақ, ол жақ нұрланады. Жаман ойласақ, ол жақ бүркенеді. Материализм мен атеизм заманы кетті. Жоғары санаға бағынатын идеяға келе жатырмыз. Ендігі дүниені біз осы жолмен шешеміз. Абай ой түйінін осы негізде шешті, – деді М.Мыр­захметов. Ұлы ойшылды ескі сүрлеумен емес, жаңа жол арқылы тану қажеттігін жет­кізген ғалым Абайдың толық адам, жан­тану және сопылық ілімі адамзатты тәрбие­лейтін қуатты тәрбие екенін, материа­лизм тұрғысынан түсіндірілген Абай дүние­­танымын қайта қарау керектігін жеткізді. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Арап Еспен­бетов Абай кітапханасына тоқталып, ақын оқыған дүниелерді анықтау арқылы ұлы ақын әлемін жете тануға болатынын атады. 000 (16) – Абай Семей қаласына ке­ліп жүрге­нінде, қоғамдық кітапханадан басталған жол қала­дағы некен-саяқ кітап дүкен­деріне де тірелгені анық. Оқу үшін уақытша алған баспа өнімдерінен бөлек, дүкендерден сатып алған қымбат кітаптары болғаны белгілі. Ұлы адам жөнінде естелік қалдыр­ған есті адамдардың деректеріне қарағанда, Абайдың аса бай кітапханасы болған. Ұлы бабаның баласы Тұрағұл бұл жөнінде өз естелігінде жазды. Абайдың інілері мен балалары оның жеке кітапханасының үнемі толығып отыруына назар аударған. Мысалы, Омбы кадет корпусында оқы­ған Халиолла Өскенбаев жыл сайын демалысқа келгенінде көптеген кітап ала келеді екен. Бұл туралы жазушы Әбіш Жиреншин жазды, – деді А.Еспенбетов. Ол Абайдың оқыған кітаптарының ішін­де белгі салынғаны табылса, үлкен олжа бола­тындығын айта келіп, Абай кітапханасында болған кітаптардың тізімі жасалуы қажет­тігін жеткізді. Айталық, бүгінде Абай қорық-мұражайында, Абай атындағы кітапханада 3 мыңнан астам ескі кітап қоры бар. Осының ішінде Семейде алғашқы кітапхана ашылған 1883 жылдан Абай қайтыс болған 1904 жылға дейінгі аралықта шыққан кітаптарды іріктеп, ұлы ақынның өзі қолына алған, оқыған кітаптары ретінде ортақ каталогы жасалуы керек. Семейде ашылған, жұмыс істеген орыс және шет тілдеріндегі алғашқы кітап дүкендерінің тарихы туралы мұрағат мәліметтерін жинастыру да Абай оқыған әдебиеттерді анықтауға көмектеседі. Конференцияда сонымен бірге, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Б.Ердембеков Абай өлеңдерінің шығу тарихына тоқталса, Абай қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкір ақын мұражайы мен абайтану тақырыбы туралы әңгімеледі. * * * Хакім Абайдың тойы ақын­ның туған жері Абай ауданында жалғасты. Өңір басшысы Д.Ахметов бастаған меймандар «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде болып, ұлы баба рухына тағзым етті. Бұдан кейін Қарауылдағы Құнанбай алаңында осы мерейтойға арналған «Абай тойының бас балуаны» атты қазақ күресінен рес­публикалық турнир өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге тарта ай мүйіз, атан жілік жігіттер қатысқан бәсекеде Абай ауданының тумасы Айбек Нұғымаров бас бәйгеге тігілген жеңіл автокөлікті же­ңіп алды. Сондай-ақ, ауыл көркіне көрік қосқан Мамай батыр ескерткіш-сая­бағы ашылды. Ғасырға жуық өмір сүріп, еліне ержүректігімен де, ел билеген шешен­дігімен де қызмет еткен батыр баба ескерт­кіші – 3,8, ал тұғыры 4,5 метрді құрай­ды. Бұл жобаны Мамай батыр қоры қаржыландырды. Қор жетекшісі Базарбай Бейсенбаевтың айтуынша, ескерткіш құрылысына 4,5 млн. теңге жұмсалды. Абай тойының ең қызықты тұсы Қарауылтөбеде өтті. Дала төсіне тігілген ақшаңқан киіз үйлер, Абайдың асыл сөздерімен әспеттелген сахна да тойдың салтанатын асыра түсті. Тіпті, әр жердегі балбал мүсіндер де ауданның ақын мерейтойына тыңғылықты дайындалғанын көрсетеді. Облыс әкімі Д.Ахметов өңір жұртшылығын ақын тойымен құттықтаған соң театрландырылған көріністер басталды. Арғымағын ойнатқан ауыл азаматы Абай тойының басталғанын жар салып, сүйіншіледі. Мамай батыр бастаған батырлар шеруі – жаугершілік заманның жеңісті сәті іспетті. Ел қорғаған ақ сауытты айбынды сарбаздар алдынан шығып, шара толы қымыз ұсынған қыз-келіншектер көрінісі де жадымыздан көмескілене бастаған ұлттық игі дәстүрлерді еске түсірді, Абай ауылындағы тұнық тәрбиені танытты. Бір кезде ұлы ақын ауылының байсалды көші көрінді. Арғымақ атқа, атан түйеге мінген ақсақалдар мен ақ кимешекті әжелер бастаған салқар да сұлу көріністен кейін Абай жырлары әлемнің бірнеше тілдерінде поэтикалық нақышымен оқылды. Сахнада «Қаламқас» ансамблінің өнерпаздары Абай әндерін үзілдіре орындады. Әсіресе, жұртшылыққа ат тұяғының жер апшысын қуырған үнін естірте билеген «Жылқы биі» ұнады. Мәдениет үйінде өткен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты ақындар айтысында еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын сөз жарыстырып, Абайдың тағылымы мол мұрасын жасын жырларымен жеткізуге тырысты. Айтыс қорытындысы бойынша, астаналық Сара Тоқтамысова бірінші орынды жеңіп алса, қарағандылық Дидар Қамиев Абай тойының бас ақыны атанып, 1 млн. теңгенің сертификатын иеленді. Атшабарда көрерменнің қанын қыздырған жорға жарыста «Приречное» агрофирмасының тайпалған жорғасы топ жарса, 15 шақырымдық топтық жарыс­та Алматы облысынан келген Рүстем Досжановтың Айғара атты сәйгүлігі оқ бойы озып шығып, жеңіл көлікке ие болды. 25 шақырымдық аламан бәйгеден алма­тылық Ғабит Үмбетовтің Ақбақай жүйрігі бірінші боп келіп, «Джип» көлігін иеленді. Ақын тойының тағылым­ды­лығы – Абай мұрасы мен «Мәңгілік Ел» идеясы­ның ­са­бақ­тастығын көрсете білуінде деуге ­болады.   Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.