06 Шілде, 2010

БІРЛЕСКЕН ІСТІҢ БЕРЕРІ МОЛ

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық және мәде­ни-гуманитарлық ынтымақтас­ты­ғын одан әрі дамыту перспекти­ва­сын талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев ресей­лік әріптесіне Қазақстанның елор­дасы – Астана күніне бай­ла­нысты сал­танатқа тікелей қа­ты­суға келгендігі үшін ризашы­лы­ғын білдірді. Қазақстанда Елорда күніне байла­ныс­ты қазақстан­дық­тардың қуа­ны­шын өздерімен бірге ең сенімді және шынайы достары атап өтетінін бағалайды. – Екі ел арасындағы қарым-қатынас сындарлы дамуда. Қазақ­стан­да Ресейдің көмегімен жоба­лық жалпы құны 700 миллион дол­ларды құрайтын Екібастұз ГРЭС-2-ні қайта құрылымдау жос­парлануда. Атом энергети­ка­сын­дағы ынтымақтастық та дамуда, Қазақстанда ресейлік технология бойынша бірлескен кәсіпорын құру, сондай-ақ АЭС құрылысы жоспарланған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тараптар сондай-ақ биылғы жылы күзде өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтасты­ғы­ның дәстүрлі Форумы аясын­дағы алдағы кездесулерге әзірлік барысын талқылады. Кездесудің қорытындысы бойынша “Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергия блогын орната оты­рып, кеңейту және қайта құры­лымдау” жобасын қаржыландыру үшін несиелік келісімге қол қойылды. *  *  * Ақордада еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесу өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында екі мем­ле­кеттің басшылары екі жақты сау­да-экономикалық ынтымақтас­тық­тың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Беларусь Қазақстан үшін маңызды әріптестің бірі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Беларусь арасындағы өз­ара тиімді экономикалық ынты­мақ­тастықтың жақ­сара­тынына,  сондай-ақ бірлескен ин­дустриялық жобалардың та­бысты жүзеге асатынына сенім білдірді. *  *  * Ақордада еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Королі Абдалла ибн Хусейнмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынастарды дамытудың жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ бірлескен экономикалық өзара іс-қимылды талқылады. *  *  * Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі ке­зеңдегі Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаевамен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Р.Отун­баеваны өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының Президенті қызметіне сайлануымен және елдің жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады. Екі елдің Президенттері қос мемлекет арасындағы екі жақты қа­рым-қатынастарды дамыту мәсе­лелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республика­сы­ның Президентіне жаңа қыз­ме­тінде табыстар, ал бауырлас қыр­ғыз халқына тыныштық, тұрақ­тылық пен өркенділік тіледі.