20 Ақпан, 2015

«Ертісте жақсы жүзе алады екенсің...»

264 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
(Күнделік беттерінен) Жазушы Кәдірбек Сегізбаев Зайсандағы Жарсу ауылынан ғой, менің де туған ауылым сол жер. Үлкен аталарымыз түрікпен қожалардан тараймыз деп отыратын. Біз де ағамыздың жолын қуып, өмірі бітпейтін жазудың соңына түстік. Ауылға барғанда «Егеменге» шыққаннан оқыған ғой, «бірыңғай журналистік жұмыспен айналыс­пай, әңгімелер де жазады екенсің ғой...», деп демеп те қояды. Әлі есімде, ҚазМУ-дің журналистика факультетінің соңғы курсында қыс кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде  марқұм Оралхан Бөкей редактор кезінде тәжірибеден өттім. Бірақ, Алматыда қалмай, «Павлодар қайдасың?» деп солтүстікке қарай тартып отырдым. Өйткені, 4-курстан соң практиканы осы жақта өткенімде «оқу бітірген соң үй береміз, жеңілдіктер бар», деп марқұм редактор Балтабай Сейсенбеков шақырған еді. Сөйтіп, жүргенде бір күні Кәдірбек ағамнан хат алдым: «Қарындасым-ау, Өскемен емес, Семей емес, Павлодардан барып бір-ақ шыққаныңа жол болсын. Не де болса, әйтеуір, бір Ертістің бойы, Қара Ертістің жағасында туып-өстім деп «ағынға» қарамай жүзіп кеттің бе?!.», депті. Содан, қызық болғанда, мен бір жылдан кейін, 1986 жылы Түменнің жігітіне тұрмысқа шықтым. Түскен жерім – Сегіз серінің, Көшебе батырдың ұрпақтары, Танабас зергердің әулеті екен. Тойымыз өтіп, Павлодарға келген соң, біраз уақыттан кейін Кәдірбек ағамнан хат келді. «Құдай-ау, мына қара Ертістің ағыны сені қайда алып бара жатыр өзі?! Ертіспен өзің жақсы жүзе алады екенсің ғой, Омбыдан асып, Түменге қарай кеткеніңе қарағанда...», деп жазыпты. Кейде, әсіресе, қазір, ой тоқтатқан кезде ағаны, үлкенді тыңдаған да дұрыс екен ғой, «жүземін» деп жүріп Ертіске батып кетпегеніме де шүкір, деп қоямын. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».

 Никарагуалық келін

Омбы аэропортында отырғанмын. 1987 жыл. Қасыма бір ағай келіп жайғасты. Киім киісіне, жылтыраған сөмкесіне қарап, басшы кісі деп ойладым. Жұбайым Есет билет алуға кассаға кеткен. Екеуміз оның Түменде тұратын әке-шешесіне бара жатырмыз. – Қызым, қайда бара жатырсың? – деді бір кезде әлгі аға. Қалың орыстың ішінде не ғып жүрген қазақтың қызы деді ме екен. – Түмен жаққа, – дедім. – Құдай-ау, ол жақта кімің бар еді? Жалғызбысың өзі?! – деді таңырқап. – Жолдасым бар қасымда, билетке кетті. Ата-енем сонда тұрады, – деймін. – Орыс па?! – деп кекеткендей жақтырмай қалды. – Жоқ, қазақ, Түменде қазақтар көп, – деп жатырмын түсіндіріп. Түп-тамырыңды қозғамай қазақ қайбір жәй отырсын енді. – Зайсанның қызымын деймісің! Құдай-ау, мына жаққа қалай тап болғансың өзің!? Қыз Жібек пен Төлегенге ұқсағың келіп, немене, соңынан еріп жүре бергенсің бе?! Сонша алыс жерге тұрмысқа шығармысың!? – деп бұрқылдап біраз сөйлеп алды. Сөйтті де, біраздан соң, ашуы басылып, есіне бірдеңе түсті білем: – Құдай-ау, Түменді алыссынып отырғаным не?! Айтпақшы, әлгі біздің Алматыдағы ректор ағайдың қызы ел аман, жұрт тынышта сонау жердің түбі – Никарагуадағы бір жігітке күйеуге шығамын деп! Олар да КазГУ-де оқыған. Енді әлгі қара құда-құдағиларға барайық десек, Никарагуада соғыс жүріп жатқан көрінеді, – демесі бар ма?! ПАВЛОДАР. сурет : http://kaz.gazeta.kz