09 Мамыр, 2015

Жеңіс күніне орай Астанада мерекелік іс-шаралар өтті

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
9-5-15-parad 02АСТАНА. 9 мамыр. Бүгін – Ұлы Жеңіс күні Астананың басты алаңдарында мерекелік іс-шаралар өтті. Оған еліміздің әр аймағынан келген 500-ге жуық Ұлы Отан соғысының ардагері мен тыл еңбеккері және қала тұрғындары қатысты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Жеңіс күніне орай акцияны ұйымдастырушылар салтанатты қабылдау өткізіп, шатырлы қалашықтар тұрғызды. Осындай қалашықтардың біріне жауапты – Астана қаласы Табиғат қорлары басқармасының жетекшісі Мирас Гайсин өз шатырларында 50-ге жуық ардагерге құрмет көрсеткендерін айтты. «Бұл ардагерлер Қызылорда мен Астана қаласынан келген. Біз оларға кең дастарқан жайып, шын жүректен тілек білдірдік. Қарт майдангерлердің құрметіне концерттік бағдарлама қойып, оларға бейбітшілік үшін алғысымызды айттық», – дейді басқарма жетекшісі. Шара шеңберінде «Отан қорғаушылар» монументіне жиналған қауым жауынгер ботқасынан дәм татса, Астананың ашық алаңдарында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған концерттік бағдарламалар қойылды. Дәл осындай мерекелік шаралар «Бәйтерек» монументі, қала әкімдігі алдындағы алаң, «Студент» паркі, «Жастар» театры мен Есіл өзенінің жағасында да ұйымдастырылды. Құрметті қонақтарды мерекелік шараларға алып келу үшін қалалық автобус паркі 11 жайлы автобусын ұсынғанын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: yvision.kz.
Соңғы жаңалықтар