АСТАНА. 9 мамыр. Алматы қаласында қарулы қарақшы «РЭМ Кран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлеріне шабуыл жасап, 9 млн. теңгені тартып әкетті. Бұл туралы news.mail.ru хабарлады.
Ұрланған ақша «РЭМ Кран» фирмасы жұмысшыларының еңбекақысын төлеуге арналған екен. Куәгерлердің айтуынша, серіктестік қызметкерлері көліктен түсіп, ғимаратқа кіріп бара жатқан. Тура кіреберісте оларға қолында травматикалық тапаншасы бар ер адам жақындайды. Қарулы қарақшы қызметкерлердің бірінің қолындағы сөмкені тартып алып, бірнеше рет оқ атқан. Осыдан кейін қылмыскер оқиға орнынан қашып кеткен.
Шабуыл кезінде ауыр жарақаттанған фирма қызметкерлерінің бірі сол жерде көз жұмды. Ал арқасынан ауыр жарақаттанған екіншісі дереу ауруханаға жөнелтілді. Қазіргі таңда бұл қанды оқиға бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға орай қалалық ішкі істер департаменті криминалдық полиция қызметкерлері мен Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасының сақшыларынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қылмыскерді құрықтап, жеке тұлғасын анықтау мақсатында бірқатар жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері шабуылға қатысты өзге де мәліметтерді анықтауды қолға алды.
«РЭМ Кран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сайтындағы ақпараттарға сүйенсек, фирма 1985 жылы «Облтеплокоммунэнерго» өндірістік бірлестік базасында құрылған. Кәсіпорын қазан, қазан-қосымша және тағы басқа құрылғыларды жасап шығарады. Ал 1996 жылы «РЭМ Кран» серіктестігі жүк көтеретін құрылғылар нарығына қайта маманданады. Кәсіпорынның қазіргі басты қызметі – жүк көтеретін крандарды жасап шығару, қалпына келтіру, қайта құру, сондай-ақ, жүк көтеретін көліктердің шынжырларын құрамдау болып табылады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: news.mail.ru.