09 Мамыр, 2015

Қырғызстанда әйелдерді Сириядағы соғысқа жіберуші топ ұсталды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

08-05-15-kirgizstan-1

АСТАНА. 9 мамыр. Қырғызстан ішкі істер министрлігінің қызметкерлері әйелдерді Сирия территориясында болып жатқан ұрыс қимылдарына қатысуға азғырып, аттандырып тұрумен айналысатын қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы Қырғызстан ішкі істер министрлігінен хабарланды. «Біздің қызметкерлеріміз жүргізген жедел шаралардың нәтижесінде оңтүстік аймақта әйелдер экстремизмі деп аталатын жүйе анықталды, - делінген ведомство баспасөз қызметі таратқан хабарламада. – Ол елдің оңтүстік аймақтарында жұмыс жасап жатқан үгітшілерден, азғырушылардан және олардың лидерлерінен құралған». Азғыруға түсіп қалғандардың бәрі әйелдер болып шықты. Олар Қырғызстанда «атинча» деп аталатын әйелдер арасындағы экстремистердің астыртын ұйымының мүшелері болып табылады. Министрліктің мәліметі бойынша, бұл топ соңғы уақыттары белсенділіктерін арттырған. «Оларға өздері ұдайы байланыс жасап тұратын жекелеген бірлестіктер, қорлар мен үкіметтік емес ұйымдар үлкен көмек көрсетеді», - делінген хабарламада. Мұндай ұйымдардың бір бөлігі діни-ағарту жұмыстарымен айналысады. «Әйелдер экстремистік ұйымдарының діни лидерлері өздеріне ыңғайлары келетін бойжеткендерді іздестіріп, олардың психологиялық, моральдық және басқа да ерекшеліктерін зерттеумен шұғылданған, - деп атап көрсетеді министрлік. – Сосын одан әрі дайындықтан өтуді ұсынады». Қырғыз милициясының қызметкерлері қатарға жаңадан қабылданғандар сапында «экстремистік идеялар үшін өз өмірлерін құрбан етуге дайын тұрғандардың көп» екенін атап өтеді. Әзірге тергеудің мүддесіне орай ұсталған топ мүшелері жөніндегі мәліметтер таратылып отырған жоқ. Ресми мәліметтер бойынша, өткен жылы Сирия мен Иракқа ұрыс қимылдарына қатысу үшін Қырғызстаннан 230-ға жуық адам аттанса, олардың 30-ы әйелдер болған. Кеткендердің 30-ға жуығы қазірге дейін қаза тапқан. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: Қырғызстан ішкі істер министрлігі.