08 Тамыз, 2015

Германиядан шыққан неміс велосипедшісі Астанаға жетті

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
10-08-2015-ЭКСПО-2017 сурет 03АСТАНА. 8 тамыз. Бүгін Германиядан велосипедпен шыққан неміс саяхатшысы Астанаға жетті. Энергиямен жабдықтау, орталықтан жылыту және телекоммуникациялар саласындағы «жасыл» технологиялармен айналысатын RTS неміс компаниясының қызметкері Фолькер Штювенің мұндай сапар жасаудағы мақсаты – ЭКСПО-2017 кешенінің нысандарымен танысу. Шілденің басында ол туған қаласы Билефельдтен (Германия) шығып, Астанаға дейінгі 5 200 шақырымдық жолды жарыс велосипедімен жүріп өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Велосипедші 40 күнге созылған саяхатын 4 шілде күні RTS компаниясының Билефельдтегі штаб-пәтерінен бастады. Балтық елдері мен Ресей аумағын басып өткен ол 8 тамызда Астанаға жетті. Оны «Екатеринбург-Астана» тасжолында бір топ жергілікті велосипедші қарсылап, елорданың орталық көшелерімен алып жүрді. Саяхатын көрменің құрылыс алаңында аяқтаған Штювені ол жерде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының өкілдері күтіп алды. «Біз сізді ЭКСПО-2017 аумағында қарсы алып тұрғанымызға қуаныштымыз. Сіз экологиялық таза көлік және жасыл технологиялар дәуірі басталғанының жарқын үлгісін көрсетіп отырсыз. Астанада өткізілетін көрме тәжірибе алмасу мен инновациялық жетістіктерді көрсетуге арналған жаһандық алаңға айналатын болады», – деп атап өтті «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының өкілі Сәуле Бөлебаева. Сондай-ақ, құрылыстың қарқыны туралы әңгімелеген ол қонаққа арнайы естелік сыйлықтар табыс етті. Одан бөлек, неміс велосипедшісі салынып жатқан нысандармен танысып, кешенді аралап көрді. Веложорықтың соңғы 100 шақырымында Штювеге оның әріптесі, RTS компаниясының басшысы Дирк Шаумбург қосылды. Компанияның геотермалды жылумен қамтамасыз ететін өнімі ЭКСПО-2017 нысандар құрылысында пайдаланылады деп жоспарланған. «Құшақ жая қарсы алып, экскурсия ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазірдің өзінде ЭКСПО-2017 жобасы өзінің ауқымымен және мақсаты биік жоспарларымен таңқалдыруда. Сондықтан екі жылдан кейін отбасыммен Астанаға міндетті түрде келемін», – дейді Фолькер Штюве. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: expo2017astana.com.