09 Мамыр, 2015

Мемлекет басшысы Мәскеуде бірқатар кездесу өткізді

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
26-03-AkordaАСТАНА. 9 мамыр. Бүгін Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа қатысты. Сондай-ақ, Президент мереке аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оны әрі қарай жандандыру мүмкіндіктері, сондай-ақ, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

***

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, инвестиция және көлік-транзит салаларындағы өзара ықпалдастықтың негізгі жайттары туралы сөз қозғалды. Мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Венесуэла Боливариан Республикасының президенті Николас Мадуро екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ, осы байланыстарды кеңейтудің келешегін талқылады.

***

Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдоржпен кездесу барысында сауда-экономика саласындағы екіжақты ықпалдастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі қарастырылды. Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Куба Республикасының Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастро екі елдің түрлі саладағы өзара ықпалдастығын нығайтудың негізгі аспектілерін қарастырды.

***

Сербия Республикасының президенті Томислав Николичпен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ, екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдары талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.

***

Чехия Республикасының президенті Милош Земанмен әңгімеде чех көшбасшысының Қазақстанға былтырғы сапары кезінде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы сөз болды. Екі мемлекеттің көшбасшылары қарым-қатынастардың жүйелі даму сипатын атай келе, одан әрі кеңейе беретініне үміт білдірді.

***

Оңтүстік Африка Республикасының президенті Джейкоб Зумамен кездесуде саяси және сауда-экономикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды. Тараптар бірқатар перспективалы салалар бойынша сөз қозғап, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудің қажеттігін атап өтті. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: akorda.kz.