Астананың туған күнімен орайлас келді
6 шілдеде еліміздің аграрлық білімі мен ғылымы, өндірісінің дамуына өзіндік үлес қосып, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау ісінде көшбасшы оқу орны болып саналатын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің стадионында биылғы бітіруші түлектердің салтанатты шеруі өтті. Айтулы шараға білім ордасының оқытушылары мен жұмыс беруші кәсіпорын басшылары да қатысты.
Қалай десек те, бұл айтулы күн биылғы университет бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан түлектердің есінде ұзақ сақталары хақ. Өйткені, ол екі айтулы датамен – бірі биыл өздері бес жыл білім алған қара шаңырақ сексеннің сеңгіріне шықса, екіншісі – елордамыз Астана қаласының туған күнімен орайлас келіп отыр.
– Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 80 жыл бойы қалыптасқан тамаша академиялық дәстүрлер бар, – деді өз сөзінде университет ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов. – Соның бірі – бүгінгі бакалавр және магистратура бойынша университет бітірушілерге диплом тапсырудың салтанатты шарасы. Бұл шараның еліміздің ордасы, өркениеттің жүрегі, табыс пен қарқынды дамудың басты символы – Астана қаласының туған күнінде өткізілуі аграрлық сала мамандарының болашағына ақжол тілеудің нышаны. Себебі, Астана тарихи аз уақыттың ішінде халықаралық қауымдастық таныған әлемдегі ең жас елорда, сонымен қатар өркениетті үнқатысудың өзіндік моделі қалыптасқан өр рухты елдің қарқынды дамуының дәлелі бола білді. Бұл – елорданы Арқа төсіне көшіруден бастап, оның әр ғимаратының салынуы мен әр көшесінің тартылуын жіті қадағалап отырған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлан-асыр жеңісі.
Одан әрі ректор аталмыш оқу орны еліміздегі аграрлық саланың ғылыми элитасын қалыптастырып отырған бірегей университет екенін, себебі онда прогресшіл ғылыми инфрақұрылымның барлығын, сонымен қатар ҰҒА-ның аграрлық бөлімшесінің аталмыш оқу орнында орналасуы – ғалымдарға ауқымды ғылыми-зерттеу жобаларын, зерттеулерін іске асыруға мүмкіндік беретіндігін айта кетті.
Университет өзінің 80 жылдық тарихында аграрлық білім мен ғылымның жарқын үлгісі болып келеді. Оған дәлел 150-ге жуық авторлық оқу құралдары қолданыста. Бүгінгі таңда университет әлемнің 157 мемлекетіндегі оқу ордаларымен меморандум негізінде, 53 халықаралық жоғары дәрежелі университеттермен тікелей тәжірибе алмасуды жүзеге асырып келеді. 2001 жылдан әлемдік 300 үздік аграрлық университетті біріктіретін, аграрлық жоғары және ғылымның жаһандық консорциумының мүшесі. Соңғы 5 жыл көлемінде университеттің 500-ге тарта студенті мен жас ғалымдары элиталы Еуропа, АҚШ университеттерінде білім алмасу бағдарламалары аясында шетелдік тәжірибеден өтті.
Қазір оқу орнында 7 факультет жұмыс істейді. Оның құрамында 40 кафедра болса, онда 600-ден астам профессор, ғылым докторы мен кандидаты қызмет етеді. Жекелеген кафедра оқытушыларының барлығы дерлік ғылыми атаққа ие.
Биыл бакалавр бойынша 720 студент, ал магистратура бойынша 129 жас өрен тәмамдаса, олардың ішінде 14 президенттік шәкіртақы, 70-ке жуық үздік диплом иегері бар. Шеруді университетте тұңғыш ашылған Ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің түлектері бастаса, бір атап өтерлігі ветеринариялық санитария және зоотехнология факультетін үш президенттік шәкіртақы, 24 үздік диплом иегері бітіріп отыр.
Оқу орны жұмыс беруші мемлекеттік мекеме, корпорация, ұлттық, трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық меморандумдарын қабылдаған. Салтанатты рәсімге барлық мамандықтар бойынша жұмыс беруші компания өкілдері қатысты. Олардың атынан сөз алған “Қазақэкспертиза” АҚ техникалық экспертиза департаментінің директоры Шайх Жүсіпов бітіруші түлектерді жұмысқа шақыратындығын, ал биылғы оқу барысында тәжірибе алмасу негізінде 5 студентті өздеріне жұмысқа алғандығын атап өтті. Сондай-ақ, “Оңтүстік” ауылшаруашылық өнімдері корпорациясы 10 білім грантын бөліп, 209 бітіруші студентті жұмысқа шақырды. Қызылша және қант өндіруші ассоциациясы ғылыми жобаларды жүзеге асыру мақсатында 5 білім грантын, 5 атаулы шәкіртақы мен қосымша 13 млн. теңге қаражат бөліп, 14 түлекті жұмысқа шақырды. Маңғыстау аймақтық басқармасының агроөндіріс корпорациясымен бірлесе жұмыс жасау негізінде келісім-шартқа қол қойылып, аталған рәсімде 50 атаулы білім гранты бөлініп, 59 түлекті өздеріне шақырды. Жалпы, университет бүгінде 100 атаулы гранты мен 50 атаулы шәкіртақы тағайындау бойынша, 2010 жылғы 350 түлекті жұмысқа орналастыру келісім-шартын жасасқан.
Сондай-ақ, шараға Медеу ауданының әкімі М. Бидәліұлы, “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары А.Желдібаев қатысып, жастарға ақ жол тіледі.
Диплом тапсырудың салтанатты рәсімі Астананың туған күніне арналған мерекелік концертке ұласты. Университеттің ұлттық киім киген 500 студентінен құрылған бишілер тобының “Қара жорғасымен” ашылған концерттік бағдарлама көркемөнерпаз студенттер мен танымал әртістердің өнерлерімен ұласып, қонақтардың көңілін қанаттандырды. Ал бітіруші түлектердің бірі өмірлеріндегі қуанышты күнде ізгілік тілеп, аспан көгіне көгершін, шар ұшырып, мерекені қыздыра түсті.