Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Бюро отырысына қатысты.
Отырыс барысында Елбасы үлкен жұмыс атқарғаны үшін Бауыржан Байбекке алғыс айтты және партия Төрағасының жаңа бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті таныстырды. Президент «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің ынтымақты жұмысы арқасында оның сайлауалды тұғырнамасының 70 пайызы орындалғанын, басқа бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Парламенттегі фракция біз жүзеге асырып жатқан барлық бағдарламаларды заңнамалық тұрғыдан нығайтуды қамтамасыз етіп отыр. Партия азаматтық қоғаммен кең ауқымды диалогты жолға қойды. Оның бастамасымен құрылған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы біздің қоғамды ұйыстыратын алаңға айналды, бұл жұмысты жалғастыру қажет. Партияның қоғамдық қабылдаулары халықпен байланысты тиімді қамтамасыз етуде. Интернеттегі, соның ішінде, алғаш рет енгізілген «электронды партия» арқылы жұмыс күшейді. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының жаңа бағдарламасының қабылдануымен бірге жастармен жұмыс жаңа сапалы деңгейге шықты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы біртіндеп орталықсыздандыру және өкілеттіктерді жергілікті жерлерге беру жағдайында партияның өңірлерді басқару тәжірибесі бар кадрларға зәрулігі арта түсетінін атады. Сонымен қатар, Президент қазіргі уақытта жетекші әрі бүкіл халық алдындағы жауапты саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясының алдында аса маңызды міндеттер тұрғанын айтты. Соның біріншісі – қазақстандықтарды бес институттық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыру болып табылады. Жаңғырту жұмыстары күрделі жағдайда өтіп жатыр. Біздің экспорттық тауарларымыздың бағасы айтарлықтай төмендеп, бюджет ақшасы азаюда. Сондықтан мен Үкіметке және әкімдерге халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бюджетте қажетті қаражат болуын қамтамасыз ету үшін қаржыны қатаң үнемдеуді тапсырдым. Ел арасында да тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Президент «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын тиімді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Біз қабылдаған осы және басқа бағдарламалар дер кезінде жасалған, оны түсіндіру қажет. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруға кейбір ірі кәсіпорындардан босауға мәжбүр болған адамдарды тарту керек. Бұл барша әкімдердің міндеті, бұған қажетті ақша бөлінген, барлық жерде автомобиль жолдарын, аурухана, мектеп, баспана, ТКШ нысандарын жөндеу және салуды қамтитын жұмыстар баршылық, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев партияның қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтауға ықпал етіп, барлық туындайтын мәселелер бойынша халықпен белсенді жұмыс істеуі тиістігіне назар аударды. Сонымен бірге, Президент партияға келесі жылы болатын және күрделі экономикалық жағдайда өтетін Парламент сайлауы науқанына дайындықты қазірден бастау керектігін атап өтті. Отырыс соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі, Үкімет, «Нұр Отан» және оның Парламенттегі фракциясының үйлесімді жұмыс жүргізуі қажеттігін атай келіп, А.Мырзахметовке белсене жұмыс істеу керектігін айтты. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26