Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы олимпиадалық ауқымдағы жаңа мұз сарайында болды. Кешеннің инфрақұрылымымен танысқан Мемлекет басшысы оның елордада спорт кластерін дамыту және қысқы спорт түрлерін ілгерілету үшін маңызы зор болатынын атап өтті.
– Бүгін біз тағы бір маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуының куәсі болдық. Оны шынымен де мұз сарайы деуге болады. Өйткені, мұнда 12 мың көрерменге есептелген әлемдік деңгейдегі арена, Хоккей академиясы, олимпиадалық бассейн бар. Бұл ғимаратты елімізге, астанамызға үлкен сыйлық деп санауымыз керек. Астана қаласы солтүстікте орналасқандықтан, спорттың қысқы түрлерін көбірек дамытуға тиіспіз. Қысқы спорттық ойындардан алдыңғы қатарда болуымыз қажет. Ал бұл стадион біздің спортшыларымызды жаңа жеңістерге жігерлендіретініне, осы бір ғажайып спорт түрінің жанкүйерлерін қуантып, бірегей жарыстар өткізетінімізге сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев нысанды аралап көргеннен кейінгі брифинг барысында.
Қазақстан Президенті өңірлік және халықаралық турнирлер, концерттер мен өзге де шаралар өткізу қызметі есебінен кешеннің өзін өзі ақтауына қол жеткізу қажеттігін, бұл әлемдік тәжірибеге сай екенін атап өтті. Жалпы алаңы 86 000 шаршы метр мұз сарайы – хоккей корты, жүзу бассейні және Хоккей академиясының ғимараты бар көп функционалды кешен.
Президент, сондай-ақ, бүгінде еліміздің біраз облыстарында хоккей стадиондары бар екендігін, ал ҚХЛ-дағы қазақстандық команда жақсы орында келе жатқандығын еске салды. Бұл өте жақсы көрсеткіштер. Менің ойымша, осы стадион біздің спортшыларға жаңа серпін береді. Біз осында әлемдік танымал командаларды қабылдайтын боламыз. Сондықтан, мен спортшылар мен жастарға құттықтауымды жеткізгім келеді, – деді Елбасы.
Нысанды аралау барысында Мемлекет басшысының назарына кішігірім мұзды шоу ұсынылды. Оны «Барыс» ХК жас тәрбиеленушілері көрсетті. Қойылымда Қазақстан хоккейінің қазірге дейінгі даму жағдайы көрініс тапты. Сонымен қатар, Елбасы ондағы «Барыс» хоккей клубының фирмалық дүкенін де аралады. Дүкен мұз сарайының бірінші қабатында орналасқан. Онда клубтың символдары бейнеленген заттар қойылған.
Айтпақшы, бұл спорт кешенінде бүгінде алғашқы шаралар басталып та кетті. Мәселен, 9 тамызда туын көтерген хоккейден Қазақстан Президенті кубогының турнирі осы сарайда өтіп жатыр. Турнирге «Барыстан» бөлек Ресейдің бірқатар клубтары – Новокузнецк қаласынан «Металлург», Ханты-Мансийскіден «Югра» және владивостоктық «Адмирал» қатысуда.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.