Қазақ жұртының жеті жүз жылдық тарихын хатқа түсіріп қалдырған тұғыры мықты тума талант Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналған басқосу Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филолог ғалымдары мен студенттерінің қатысуымен өтті. Ұлтқа қызмет еткен қаламгердің атаулы мерейтойы Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзінде үлкен мән жатқаны анық. Өйткені, ұлтымыздың тарихын тереңнен қозғап жазған белгілі романдарында ол қазақ хандарының, батырлары мен билерінің, ақылман абыздарының бітім-болмысы жан-жақты суреттелген. Сол асылдарды суреттеген шығарма билігі жүріп тұрған кеңес заманында жарық көріп, толқын-толқын ұрпақтың санасына сәуле түсірді. Бізде де мықтылар бар екен-ау, қалайша қаға берісте қалдырғамыз дегізді. Алдыңғы толқын мен кейінгі толқынның басқосуын академик Сейіт Қасқабасов келелі сөзбен бастап, ХХ ғасырдың қасіретті қайшылығы да, жақсылығы да болғанын тарата айтып, 30-жылдардағы ойранды деректерден білгенін, 50-жылдардағы аумалы-төкпелі тұсқа куә болғанын, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың ақталып, жұртымен қайта табысқанын, 30 жылдан кейін Ахмет, Мыржақып бастаған Алаш арыстарының «тірілгенін» тілге тиек етті. Одан кейін Ілияс Есенберлиннің шығармаларына тоқталып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың дені Ілияс Есенберлин романдарын оқығандар екенін еске салды. Ал негізгі баяндаманы ілиястанушы профессор Құныпия Алпысбаев жасап, қарымды қаламгердің үш романнан тұратын «Көшпенділер», «Алтын орда» трилологияларын сөз етіп, ондағы оқиғалардан мысалдар келтіріп бұл дүниелер тарихқа жаңа көзқараспен қарау керектігін ұғындырғанына да дәлел-дәйектер келтірді. Ол бұл шығармалар эпопея деуге тұрарлық екенін де бүкпесіз айтып, ондағы кейбір сөздердің астарына үңілді. Мәселен, «Әбілқайыр ірбіз терісінің үстінде аунап түсті» деген бір сөйлемнің арғы жағында хан қаһары, айбаты жатқанын алға тартты. Партия сарбазы бола тұрып, басын тәуекелге тігіп, тарихи тақырыпқа алғаш барған Ілияс Есенберлин жолының бастау басына барғанда осыдан 20 жыл бұрын айтқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ақиқат шындық темір шымылдықтың ар жағында тұтқындалып, ата тарихының «ақтаңдақтарын» зерттеуге тыйым салынған жылдары Ілекең қазақ қаламгерлерінің алғашқысы болып қиын да күрделі тақырыпқа – Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес тақырыбына қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнелерін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы – «Көшпенділер» тарихи трилологиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүниежүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек, артық бола қоймас», деген сөзін дәйекке келтірді.
Бұдан кейін белгілі қоғам қайраткері, қазақ теледидарын қалыптастырушылардың бірі, профессор Сұлтан Оразалы Есенберлиннің шығармаларына жан-жақты тоқталып, «Айқас», «Қатерлі өткел» романдарынан кейінгі туындыларына тереңдеп барып, ұлтымыздың жеті жүз жылдық тарихын жазған қаламгердің мерейтойы – ұлт тойы екенін назарға салды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы жазушы романдары толқын-толқын ұрпақты тәрбиелегенін, соның бірі өзі екенін айта отырып, кейбір өзіндік жеке пікірлерін де ортаға салды. Профессор Серік Негимов қазақ жұртының өткеніне ренішпен емес, сүйінішпен қарауға жол ашқан жазушының «Қаһар» романына бойлап барып, біраз тарихи деректерді жан-жақты таратты. Айтулы алаштанушы ғалым, жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай Ілияс Есенберлин қазақ әдебиеті мен тарихына төңкеріс жасап, ұлттық идеяны әкелгенін жеткізсе, профессор Рақымжан Тұрысбек қарымды қаламгердің «Менің өнерімнің бастауында өлең жатыр» деген сөзіне жүгініп, поэзиясы туралы, әсіресе, сұрапыл соғыс туралы толғайтын «Айша», «Сұлтан» поэмалары, бейбіт өмірді көрсеткен өлеңдері жайлы ой өрбітті.
Ақиқатына келсек, Ілияс Есенберлин өзінің алға қойған мақсатына толықтай болмаса да, жеткен қаламгер деуге болады. «Қаһардан» кейін «Алмас қылыш» романы жарық көріп, сынға ұшыраған тұста ол бұл туындылардың үшінші кітабы, «Жанталас» жарыққа шыққан соң «Көшпенділер» деген трилология болып, жұрт қолына тиетінін, жалпы, мақсаты қазақтың арғы тарихынан бастап, өзі өмір сүрген кезеңдерін толық қамтитын романдар сериясын жазатынын жеткізген болатын. Тәубе, жазушы бұл мақсатына жетті деуге болатын шығар. Осындай пікірін қаламгер Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің мұражайында ұлт руханиятына арналған сабақта айтқан еді. Ал оны үзіліссіз ұйымдастырып жүретін, қазақтың өзіндік бітім-болмысын кеңес дәуірі дүркіреп тұрған тұста түрлі жолдармен таныта алған, әсіресе, оған саналары әлі улана қоймаған жастарды тарта білген академик Рахманқұл Бердібай болатын. Ілияс Есенберлин Лениндік сыйлық ала алмай қалған кезде мұражайда өткен тағы бір сабақта ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов бұл қазақ руханияты үшін өкініш екенін жеткізгені есте. Бұл ұлы тұлғалардың ұлттық істе ұйыса білуі деп білеміз.
Басқосуды түйіндеген Сейіт Қасқабасов айтулы қаламгердің туындылары ұлт қазынасына қосылған асыл жауһар екенін, астары қатпар-қатпар ХХ ғасырда әдебиет алыптары Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сәкен, Мұхтар, Сәбит – бәрі де қазақты көркейту үшін жұмыс істегенін, ол жолды әрқайсысы өздерінше таңдағанын еске салып, олар қазіргі азат елдің керегесіне қадалған бір-бір болат уық екенін атап өтіп, кейінгі ұрпақ солай таныса деген ниетін жеткізді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».