Мақтаның отаны – Оңтүстік деп жатамыз. Сол үшін өңірімізде тоқыма кластерін қалыптастырдық. Алайда, неге базарларда біздің фабрикаларда тігілген киімдер жоқ? Сауда қатарларында көрші Қытай мен Қырғызстаннан әкелінген тауарлар қаптап тұр. Тоқыма саласын көтереміз дегенімізге қанша уақыт болды. Не себепті жағдай әлі өзгермей отыр? Осы сауалдың жауабын жеңіл өнеркәсіп саласында бірталай жылдан бері тер төгіп жүрген белгілі кәсіпкер «Гаухар» тігін фабрикасы» ЖШС директоры Әнипа ХАЛБАЕВАДАН сұраған едік.
– Шындығын айтайын, тоқыма өндірісінің дамуы өңірімізде кенжелеп қалды, – деді кәсіпкер. – Бірақ, саланы өркендетуге басшылық тарапы барынша күш салып жатыр. Киімдер бүгінгі таңда негізінен Қытай мен Түркиядан келеді. Бұрын керемет фабрикаларымыз болатын. Онда тігілген киімдер тіпті шетелге экспортқа шығарылатын. Мысалы, «Восход» фабрикасының костюм-шалбары Шымкенттің бренді еді. Рас, қазір жаңадан ашылған фабрикалар баршылық. Алайда, шығарып жатқан өнімдерін еш жерде көрмейміз. Тағы бір кемшілігіміз, тігін фабрикалары бір-бірімен өзара байланыста жұмыс істемейді. Тәжірибе алмасу деген жоқ. Содан кейін, мойындау керек, бүгінгі таңда халыққа арнап киім тігіп жатқан фабрика жоқтың қасы. Бәрі мемлекеттік тапсырыста отырғандар. Тек мектеп оқушыларын, медицина қызметкерлерін, құқық, кеден және теміржол саласында істейтін мамандарды киіндіреді. Бір сөзбен айтқанда, қызметтік киімдерді тігумен ғана шектелуде. Фабрикалардың халыққа арнап киімдер тігуі үшін алдымен оларды шикізатпен қамтамасыз ету керек. Себебі, тоқыма саласын өркендетпей тұрған қиындықтың бірі – шикізат жетіспеушілігі. Яғни, бізге сапалы маталар мен тоқыма жіптері қажет.
Кәсіпкердің «фабрикалар баршылық, бірақ өнімдерін көрмейміз» деген сөзін ойымызға қазық етіп, халыққа арнап киім тігетін бір-екі кәсіпорынға бас сұқтық. Ақсукент елді мекенінде ашылған «Golden Nomad» деген атаумен костюм-шалбар тігетін фабрика директорының орынбасары Балжан Халмұрадовамен тілдескенімізде, өнімдерін өткізу жағы біраз қинап тұрғанын жасырмады.
– Нарыққа өнім шығара бастағанымызға бір жылдың көлемі болды. Тауарымыз сапасы жағынан шетелдік киімдерден қалыспайды. Бірақ, мәселе бағада болып тұр, – деп қынжылады кәсіпкер. – Өйткені, біздің костюм-шалбарымыздың өзіндік құны Өзбекстанның түркиялық фирмалардың атын жамылған арзан костюмдерінің жанында жоғары. Сондықтан баға бәсекесінде ұтылып жатырмыз. Яғни, базарларда саудасы қызып тұрған біздің емес, заттың жапсырмасына «Made in Turkey» деп жазылған Өзбекстанның арзан костюм-шалбарлары. Соның кесірінен өнімдеріміз қоймада сыймай тұр. Қарапайым халықтың базарға қалтасындағы ақшасын есептеп баратыны белгілі. Сондықтан сатылымға енді ғана шығарыла бастаған отандық тауардан гөрі, жұртқа бағасы төмен Түркияның брендті костюмін сатып алған әлдеқайда тиімді. Алайда, Түркия киімдерінің шын мәнінде Өзбекстандікі екенін аңғал сатып алушылар біле бермейді.
Өңірімізде өзбекстандық костюм-шалбарлар сататын бірде-бір дилерлік орталықтар жоқ. Өйткені, оларды шекарадан өткізген уақытта құжатқа дайын өнім емес, шикізат деп толтыртқызады. Алым-салықтың болмауы себебінен де көрші ел киімдері арзан бағамен бізді «тұншықтырып» жатыр. Өнімдеріміздің өзіндік құны неліктен жоғары? Себебі, маталарды Түркиядан қымбат бағаға алдырамыз. Өзімізде технолог мамандар жоқ десек болады. Сондықтан оларды да Түркиядан шақыртып отырмыз. Шетелдік маман болғандықтан, әрине жоғары айлық төленетіні белгілі. Ал, өзбекстандық тауардың өзіндік құнының төмен болуына ол жақтағы газ, су, электр энергиясы мен еңбек күшінің арзандығы себеп.
Көрші елден ағылып жатқан арзан тоқыма бұйымдарына «Бал Текстиль» кілем тоқу фабрикасының өнімдері де бәсекелестікте ұтылып жатқан жайы бар. Кәсіпорынның атқарушы директоры Жомарт Керімшеев өзбекстандық кілем өнімдеріне баж салығы салынып, акциз қойылмаса, отандық кілем өндірісінің қарқыны келешекте бәсеңдеп қалуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. «Жуырда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен болған кездесуде Өзбекстаннан келетін барлық тауарларға бірегей құқықтық құжат жасау жөнінде мәселе қозғалды. Шешімін күтіп отырмыз. Негізінде отандық өндірісті мемлекет те, халық та бірге қолдауы тиіс. Шетелде сол елдің тұрғындары 5-10 теңге қымбат болса да, өз өнімдерін сатып алуға тырысады. Осылайша отандық кәсіпкерліктің дамуына өз үлестерін қосуда. Бізде солар секілді өз еліміздің патриоты болуға ұмтылуымыз керек», дейді ол.
Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірімен еркін сауда айналымы жөнінде халықаралық келісім жасасқан. Сондықтан өзбек ағайындардың тауарына ешқандай баж салығы салынбайды. Яғни, Қазақстанның ішкі нарығына еш кедергісіз, емін-еркін жөнелтіледі деген сөз. Өз кезегінде біздің де тауарларымыз көрші елге экспортталып жатыр. Бірақ, бір айырмашылығы, олар бізге бүкіл тоқыма өнімдерін жіберіп жатқанда, біздің бұл салада ұсынарымыздың болмай тұрғанын қараңызшы? «Бұрын шетелден келетін тауарларға алым-салық тәртібін өзгертуді Қазақстан өзі шешетін. Қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы бұл мәселені 4 елдің өкілдерінен құралған арнайы комиссия ғана қарай алады. Сондықтан Өзбекстан тауарларына баж салығын енгізуге бүгінгі таңда Қазақстан Үкіметі құзыретті емес», – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Асхат Исақов.
Кәсіпкерлер өзбекстандық, қытайлық тоқыма өнімдері сапа емес, баға жағынан бәсекеге шыдатпай отырғанын айтып шырылдауда. Ендеше, неге бізде де отандық өнімнің өзіндік құнының арзан болуына күш жұмсалмайды? Базар нарқы баға саясатының басты барометрі. Ал, баға мәселесін реттеуге энергия өндіруші, тасымалдаушы монополистер мен отандық өндірісшілердің өзара байланысы мен отандық өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді ұстанымдары негіз болса, отандық тауарлардың өтімділігі арта түсер ме еді?!
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарының жарияланғанын баршамыз жақсы білеміз. Осы жоспардың «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау» деп аталатын 39-қадамында «Тауар салық салу мақсатында Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады» делінген. Сондықтан Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, қозғалып отырған бүгінгі мәселе алдағы уақыттарда өз шешімін табар деген үміттеміз.
Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ,
журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.