Жамбыл өңірі өзіндік оң дәстүрі қалыптасқан көпсалалы аграрлық өңір. Облыс халқының 59,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауылдың болашағы еліміздің болашағы екені анық. Кеше Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдің 2014 жылғы даму нәтижелерін қорытындылап және алда атқарылатын міндеттерді белгілеп, халық алдында есеп берді.
Жалпы алғанда, жыл сайынғы есепті кездесулер өңірдегі проблемалар мен өзекті мәселелерді шешуге әрі уақтылы шара қолдануға мүмкіндік береді. Өткен жыл бүкіл ел үшін де, Жамбыл облысы үшін де табысты әрі маңызды оқиғаларға толы болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ірі компаниялар басшыларының назарын жұмыс орындарын қысқартпауға аударған болатын. Бұл жұмыстар облыста белсенді жүргізіліп, қазірдің өзінде ірі кәсіпорындармен 153 меморандум жасалды. Өңірде жұмыс орындарын сақтап қалуға және тұрғындарды жұмыспен қамту үшін инфрақұрылымдарды дамыту бағыттары бойынша 8 мыңға жуық адамды жұмысқа тарту жоспарлануда. Яғни, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға барлық мүмкіндіктер бар.
Жоғарыда Әулиеата жері негізінен ауыл шаруашылығы дамыған аймақ деп айтып қалдық қой. Бұл ретте, өткен жылы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына барлық көздерден бөлінген қаржы 49 пайызға өсті. Құрғақшылыққа қарамастан, 163 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, көлемі 2,6 пайызға артты. Өңірде жалпы 581 мың гектар жерге өсімдік егіліп, 2013 жылмен салыстырғанда, 38 мың гектарға ұлғайды, оның ішінде суармалы егіс көлемі 1400 гектарға артты. Өңірдегі су тапшылығына байланысты, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары тұрақты назарда. Өткен жылы тамшылатып суару алқаптарының көлемі 1,7 есеге артып, 5 мың гектарға жетті. Биылғы жылы оның көлемін 7 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Жамбыл жері су ресурстарының 80 пайызын көрші Қырғыз елінен алады. Өткен жылы Елбасының Кырғыз Республикасының Президентімен кездесуі барысында осы мәселе көтерілген болатын. Нәтижесінде, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев суармалы суды қажетті көлемде толық және уақтылы беру туралы Чу облысының губернаторымен меморандумға қол қойды. Енді биыл облысқа Шу өзені бойынша 370 млн. текше метр су берілетін болады.
Сүт өнімдерін өңдеуде шикізат тапшылығын жою мақсатында Бурный ірімшік зауыты 40 млн. теңгеге шаруашылықтарға 230 сауын сиыр сатып алып берді. Ол сиырлардан сауылған сүт кәсіпорынға белгіленген бағамен өткізіліп, берілген несие өніммен өтелуде. Сонымен қатар, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойынан 13 сүт тауарлы фермасының құрылысы аяқталып, сүт бағытындағы асыл тұқымды мал сатып алынуда. Жалпы, 2017 жылға дейін 57 шаруашылық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Ал ауыл шаруашылығына инвестиция мен жаңа технологиялар тарту мақсатында Малайзия елінің компаниясымен 350,0 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестицияға жаңа мал шаруашылығы фермаларын құру туралы келісім жасалды. Ол үшін аудандарда қажетті ауылшаруашылық жерлер дайындалды. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының Сияань қаласында келіссөздер жүргізіліп, «Қазақстан-Қытай» ғылыми-инновациялық ауылшаруашылық паркі құрылысының бірінші кезеңіне 120 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Мұны өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың осы қызметіне келгелі бергі ең табысты да нәтижелі еңбегінің бірі деп айтуға толық негіз бар.
Облыстың жер қоры 14 млн. 426 мың гектарды құрайды. Алайда, әлі де қолданылмаған жер резервтері бар. Бүгінгі таңда 547 мың гектар ауылшаруашылық жерлері пайдаланусыз жатқаны анықталды. Сөйтіп, оның 86 пайызы мемлекет иелігіне қайтарылды. 238 мың гектар жер қайта айналымға қосылды.
Денсаулық сақтау жүйесі – қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Өткен жылы осы салаға 40 млрд.теңге бөлініпті. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген қаржы көлемі 8,3 пайызға артып, 28,7 млрд. теңгені құрады. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартты. Бұл салада, әсіресе, кардиология қызметі қайта ұйымдастырылғанын атап айтуға болады. Екі инсульттік орталық жұмыс істеуде. Өткен жылы халыққа кардиологиялық көмек көрсету көлемі ұлғайып, жыл бойы жүрекке 1 363 операция жасалған, бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 42 пайызға артық. Жергілікті бюджет есебінен кардиологиялық қызмет үшін 217 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды.
Өткен жылдың соңғы тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін, ал, жастар арасында 4,3 пайызға дейін төмендеді. Облыста «Өрлеу» шартты ақшалай көмек қанатқақты бағдарламасы іске асырылып, 13 800 азаматқа 308 млн. теңгенің көмегі тағайындалды. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылар 981 адамға және 18 жасқа толмаған балаларға берілетін жәрдемақы алушылар саны 229-ға кеміді. Әйтсе де, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмекті тек мұқтаж азаматтарға беріп, жұмысқа жарамды азаматтарды әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамту тәжірибесін жалғастыруы қажет.
Бүкіл елді елеңдетіп, қызығушылығын оятқан «Ежелгі Тараз» қалашығының қорғаныс жүйесі, цитадель, шахристан, рабад бөліктерінде археологиялық қазба жұмыстары жалғастырылуда. «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес жоспары әзірленіп жатыр. Қазір саябақ аумағында археологиялық жұмыстар қарқынды атқарылып келеді, жобаға сәйкес туристік кешендер құрылысы басталып кетті. Бұл жобаның алдағы уақытта өңірді, оның ішінде туризмді қарқынды дамытуға берер мүмкіндігі зор.
«Биылғы жылы Елбасының шешімімен Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында негізгі мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар Тараз қаласында өтеді. Бұл – барша жамбылдықтарға үлкен абырой және жауапкершілік. Біз бұл мерекенің мәдени, рухани жағына аса көңіл бөліп, абыроймен өткізуіміз керек. Айта кетерлік жайт, осы мерейлі тойға Тараз қаласының көшелерін жөндеуге және аббаттандыруға еліміздің барлық өңірлері мен облысымыздың аудандары тартылмақ. Елбасы атап өткендей, мерейтойлар – бұл тек той тойлау емес, бұл жетістіктерімізді бағалау, бекемдеу, болашақты жоспарлау. «Ынтымақ түбі – игілік» деген, әрине, облыс экономикасындағы қол жеткізген табыстар өңірде ел бірлігінің, барша жамбылдықтардың еңбегінің, ынтымағының арқасында болып отыр», деді есептік жиында Кәрім Көкірекбаев.
Шынында, тарихи құндылықтарды, бабалар ерлігін қастерлеу және сақтау бүгінгі ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан, мерейтойлардың идеялық маңызын ескере отырып, әрбір тарихи оқиғаның тұжырымдамалық негізін ашатын, халықты топтастыратын мақсатты және жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуы тиіс.
Әкімнің баяндамасынан кейін бірден залдағы халыққа сөз беріліп, ел де нағыз күйіп тұрған мәселелерді көтере білді. Оқушы көп болғандықтан Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы мектептің тар екені, Тараз қаласындағы су арналарын, ирригация жүйелерін жаңғырту, жайма базарларды жабу, Құлан ауылына ауыз су құбырын тарту және басқа да мәселелер кеңінен сөз болды. Ешқашанда үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істер атқарылмайды. Жоғарыда келтірілген тірліктерді айтуға ғана оңай, ал, оның астарында мыңдаған жанның, облыс басшылығының тынымсыз еңбегі, маңдай тері, талап, міндеті, табандылығы жатқаны анық. Облыс әкімі К. Көкірекбаев осынау көтерілген мәселелердің бәрі арнайы қаралып, сарапталып, өз шешімін табатынын нақты айтты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.