Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеу және технология министрлігінің ұйымдастыруымен жуырда Теһран қаласында Ислам әлемі баспагерлерінің 1 басқосуы болып өтті. 32 елдің баспагерлері бас қосқан халықаралық форумға Иран Ислам Республикасының президенті Махмұд Ахмаденижад қатысып, сөз сөйледі.
Екі күндік мәслихатта “Ислам әлеміндегі электронды БАҚ мәселелері”, “Құран Кәрімнің аудармалары”, “Кітап тарату жүйесі және экономикалық алғышарттар”, “Авторлық құқық және аударма мәселелері”, “Кітаптарды идеялық және мәдени тұрғыдан сараптау” атты бес секция жұмыс жасады. Ислам әлемі баспагерлері жыл сайын Теһран қаласында бас қосып, ақылдасып, кеңесіп отыруға келісті. Аталмыш жұмыстарды үйлестіруші болып президенттің кеңесшісі, доктор Әли Заре Нағафдари сайланды.
Осы халықаралық форумға қазақ баспагерлері арасынан “Арыс” баспасының директоры Ғарифолла Әнес қатысты. Ол “Құран Кәрімнің” қазақ тіліндегі аударма нұсқалары” атты баяндама жасады.
“Егемен-ақпарат”.