Іс-шараның ұйымдастырушысы – Қазақстан кинологтар одағы тек көрмелер мен байқаулармен шектелмей, өздерінің шынайы жұмыс қауқарын көрсету үшін 15 мықты тазы іріктеп алған.
Бұл сынақтар қазақы ит тұқымын сақтау, молайту мен асылдандыру және оның халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың бөлігі.
Дала жағдайындағы бағалау – формальды рәсім емес. Жабайы аңды алған тазының қабілеті арқылы тұқымның тарихи аңшылық қасиеттерін сақтап, оны әрі қарай асылдандыру мақсатында қолдануға лайықтылығы айқындалады.
Бұл іс-шара, бұған дейін Астана маңында жүргізілген сынақтың жалғасы болды. Астанада иттер орқоянға салынса, бұл жолы тазылар құмқоян аулады, бұл өз кезегінде қуу сипатын түбегейлі өзгертеді.
Орқоян көбіне жоғары жылдамдықпен түзу бағытта қашса, құмқоян жүгіріс бағытын жиі өзгертіп, иттен жедел әрекет етуді талап етеді.
Қазақы тазы бойынша тәжірибелі мамандардан құралған сарапшылық комиссия иттерді келесі негізгі көрсеткіштер негізінде бағалады:
Жылдамдық пен маневр - тазының қаншалықты тез және қоянның соңынан бағытын қаншалықты шапшаң өзгерте алатыны;
Іздеу және иіс сезімін пайдалану - тазының аңды өздігінен табу қабілеті, иісті және желді пайдалануы;
Төзімділік - иттің ұзақ уақыт бойы жоғары жұмыс қарқынын сақтай алуы;
Интеллект және қуу шеберлігі - тазы қоянның қылығын «оқи» білуі және оның қашу бағытын алдын ала болжай алуы.
Қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болды, жүлделі орындар үшін күрес тартысты өтті. Сынақ нәтижелері:
1-орын: Әрекет, иесі – «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қоры;
2-орын: Адырна, иесі - «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қоры;
3-орын: Қaблан, иесі – Муптекеев Ернар.
Қазақстан кинологтар одағы алдағы уақытта мұндай сынақтар қазақы тазы бойынша далалық тексерулер мен асылдандыру жұмысының бірыңғай жүйесінің негізіне айналатынын атап өтті. Осындай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу және оларды тазыны асылдандыру жұмысының міндетті талабы қылу жоспарланып отыр.
Бастама еліміздің түкпір-түкпіріндегі аңшылар мен тазы өсірушілер тарапынан қолдау тапты.
Егер қазақы тазыны тек фотосуреттер мен аңыздарда ғана емес, нақты жұмыс істейтін аңшылық ит ретінде сақтап қалғымыз келсе, далалық сынақтар қалыпты және тұрақты тәжірибеге айналуы тиіс.