Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жақында бір топ БАҚ өкілдері «Астана Тазалық» кәсіпорны ұйымдастырған баспасөз турына барып, мекеменің қысқа қамданысы барысын бақылап қайтты. Серіктестіктің бас директоры Замир Сағынов күн сайын желіге 700 жол жұмысшысы шығатынын, орта есеппен 408 арнайы техника қар тазалауға, қолайсыз ауа райында жедел әрекет етуге дайын тұратынын мәлім етті. Қар қатты түспесе де, жаяу жұмысшылар мен көлік жүргізушілері әдеттегідей жұмысқа жұмылған. Мекеме көліктері қар тазалап, көк мұзға тұз себуге ғана шықпайды. Қалада асфальт төселмеген көшелер бар, кең жолдардың өзі ызғарлы ауа райында лайланады. Оны тазалауға арнайы техника қажет. Жаяу жұмысшылар қармен қоса күл-қоқыстарды, тұрмыстық қатты қалдықтарды, лайды тазалайды.
«Қала жылдан-жылға кеңейіп, тұрғын үйлер көбейіп барады. Жол үсті, жиегі бүлінбей тұрмайды. Қала маңында асфальт төселмеген көшелер көп. Сол аймақтан шыққан ауыр, жеңіл көліктер қалаға кіреді. Олардың алып келген батпақ, басқасын тазалауға біздің мекеме жұмылады. Бүгінде қысқа қажетті материалдар қорын толық көлемде жинақтадық. Қоймаларда 1 200 текше метрден астам құм, 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспалар, 1 000 тонна реагент сақтаулы. Арнайы техниканың үздіксіз жұмысын қалада орналасқан үш сұйық реагент құю пункті қамтамасыз етеді. Олар «Есіл», «Нұра», «Сарайшық», «Алматы», «Сарыарқа», «Байқоңыр» аудандарына қызмет көрсетіп, елорда халқының жолда алаңсыз қозғалуына мүмкіндік береді», дейді З.Сағынов.
Қысы қатал, аязды болатын Астананың ауа райы – коммуналдық қызметке жауапты мекемелерге нағыз сынақ. Ызғарлы желдің екпіні күшейгенде көше жиегіндегі қарды күреу – тіпті бейнетті еңбек. Сол себепті қала тазалығына жауапты мекеменің басшылығы жұмысшыларға жайлы жағдай жасауға тырысады. Қызметкерлердің барлығы дерлік жұмысқа мекеменің көлігімен қатынайды. Суық күндері аз-кем тынығып, жылынып алуға қолайлы орындар сайланған. Бет қаратпайтын боранда жұмысшылар сонда тынығады. Барлық жұмысшыға түскі ас беріледі. Осыған қоса, мекеме басшылығы жұмысты жеделдететін, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тың шешімдер қабылдап жатыр. Соның көбі цифрландырумен байланысты. Мысалы, бұдан былай басшылық Астана көшелеріне шыққан әр техниканың қай бағытта жүргенін, қандай көлемде реагент шашқанын, қашан жұмыс бастағанын – бәрі-бәрін нақты уақыт режімінде біліп отырады. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, қала тазалығындағы жұмысты ширатуға көмектеседі.
«Электронды жол парағы» деп аталатын жүйені тек бақылау құралы деп танығанымыз дұрыс емес. Бұл – коммуналдық қызметтің ашықтығын арттыратын, жұмыстың тиімділігін бірнеше есе күшейтетін жаңашылдық. Жүйеге қазір қаланың 393 арнайы техникасы қосылды. Жобаға Алматы қаласының әкімдігі де назар аударып, жүйені енгізу жөніндегі сатып алу рәсімдерін бастап кеткен. Бұдан өзге, біздің мекеме Шымкент қаласының, Павлодар, Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Астанада бұл технология «Астана-Теплотранзит» АҚ көлік құралдарына енгізіліп жатыр. Жүйе жеке компаниялардың да айтарлықтай қызығушылығын тудырып, коммуналдық саладағы цифрлық шешімдерге деген сұраныстың артқанын көрсетіп отыр», деді З.Сағынов.
Жұмыс барысындағы тәуекелдерді азайту мақсатында серіктестік «Med365», «Adal Check» жүйелерін енгізген. Бұл платформалар қызметкерлердің күнделікті медициналық тексеруден өтуін онлайн форматта тіркеп, жүргізушілердің жұмысқа рұқсат алу тәртібін бақылайды. Нәтижесінде, төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, маршрут ауыстырса немесе ұйықтап кетсе бақылайтын, ескертіп, көмектесетін тағы бір жүйе іске қосылған. Осындай цифрлық шешімдер қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп, жұмыс өнімділігіне, жұмысшылардың қауіпсіздігіне оң ықпал ететінін көрсеткен.
Баспасөз туры барысында журналистер кәсіпорынның техникалары алаңын, реагенттер жиналған қоймаларын аралап көріп, қысқа дайындығына қанықты. Сондай-ақ «Астана Тазалық» серіктестігінің жұмысшыларға көрсетіп отырған әлеуметтік қолдау шараларымен танысты.