11 Тамыз, 2015

Қазақстан танкистері үздіктер үштігінде

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алабино полигонында «Танк биатлоны» экипаждары жеке сайыстарының қорытындысы шығарылды, сондай-ақ, жарыстың жартылай финалында бәсекені жалғастыратын сегіз команданың аты аталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Сонымен, жеке және жалпы командалық есепте үздіктер үштігінде Қазақстан, Ресей және Қытай танкистері, ал Үндістан мен Армения төртінші және бесінші орында. Сегіздікті Сербия, Қырғызстан және Тәжікстан жабады. Кувейт, Моңғолия, Венесуэла, Ангола мен Никарагуа «Танк биатлонынан» шығып қалды. «Қазақстан командасының шеберлігі анағұрлым шыңдалған. Нәтижелер өте жақсы. Өткен жылмен салыстырғанда бәсекелестік күшейген. Ойындар өте сәтті өтуде. Бұл машиналар мен экипаждардың сайысы ғана емес, бұл елдер арасындағы достастық», – деп РФ ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-полковник Олег Салюков ойын білдірді. Жеке жарыстың басынан бас­тап «Танк биатлонындағы» негізгі бәсеке Қазақстан мен Ресей арасында өрістетілді. Екі елдің экипаждары теңбе-тең келе жатты. Командаларды бірнеше ұпай ғана бөліп тұрды. Енді танкистерімізге соңғы «Эстафета» кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, шешуші кезеңге сытылып шығу қажет. Онда мықты командалардың ішінен «Танк биатлоны-2015» жарысының бір жеңімпазы анықталады. «Егемен-ақпарат».