Осыдан кейін қазба, зерттеу жұмыстарының жауһары іспетті жұмбағын жасырған жартастарды кешенді түрде зерттеу мақсатында Алматы облысының бюджетінен қаражат та бөлінгені белгілі. Содан бері де Талдықорған қаласының түбінде жатқан қазыналы таудан әлі де еш жерде тіркелмеген, зерттелмеген, жартастарға қашалған мыңдаған суреттер табылып келеді.
Осы Арқарлы ескерткіштері 2017 жылы Мұратхан Сыдықбеков пен Үсен Құранбеков есімді жергілікті адамдардың арқасында табылғанын да айта кету керек. Аталған кешенді бірінші болып зерттеуді қолға алған тарихшы Алексей Марьяшев (1933–2018) пен «Петроглиф ізшілері» қорының ғылыми еріктілері. Осы қор 2017–2021 жылдары өз есебінен Арқарлыға бірнеше халық экспедициясын ұйымдастырғанын білеміз. Сол жұмыстардың нәтижесінде биыл жыл басында «Арқарлы тауының петроглифтері» атты монография да жарық көрді.
Содан беріде «Петроглиф ізшілері» еріктілері қарап отырмай, 2025 жылы 27 экспедицияға шығып, Алматы, Жамбыл мен Жетісу облысында көне жазулардың 11 жаңа шоғырын, оған қоса бұрын беймәлім болып келген ерте темір дәуірі мен түркі кезеңіне жататын ондаған қоныс пен қорымды, жергілікті ұлтқа тиесілі XVIII–XIX ғасырлардағы оннан астам рулық зиратты анықтаған.
Отандық ғылымдағы соны жаңалыққа орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында көне жазбалардың жоқшылары биылғы барлау жұмыстарының жай-жапсарын баяндады.
Қор өкілдері биыл ғылыми ортаға бұрыннан белгілі жерлердің өзінен біраз жаңа петроглиф табылғанын жариялап отыр. Толайым алғанда биыл археологиялық ескерткіштер тізіміне енбеген жиырмаға жуық жаңа қорым табылған.Қорғандардың жалпы саны 300-ден асады. Олардың арасында Аманбөктер шоғырындағы петроглифтер, Баянжүрек маңындағы жаңа топ, сондай-ақ Қызылағаш ауылының маңындағы жазық пен Жетісу облысының Ақтекше ауылы жанындағы Мұқыр шатқалынан табылған жартастағы суреттер де бар.

Еріктілердің айтуынша, зерттеу жұмыстарын жүргізуге шалғайдағы елді мекендердің де тұрғындары көп үлес қосқан. Қор өкілдері әлеуметтік желілер мен БАҚ-та үнемі белсенді болғандықтан, ауыл тұрғындарынан жаңа орындар туралы хабарламалар түсіп отырған. Олар көзден тасада жатқан қаншама көне ескерткіштердің табылуына жол ашқаны сөзсіз.
Баспасөз мәслихатында Қордың атқарушы директоры Ольга Гумирова: «Петроглиф ізшілері» жобасындағы ең басты құрал – адам. Қорымызда ерікті болып жүргендердің әрқайсысы әртүрлі саладан қосылған мамандар. Әсіресе жыл өткен сайын іздеу жұмысына ауылдар мен шалғайдағы елді мекеннің тұрғындары көп араласып жатқанын көріп, жігерленіп қаласың. Әркім өзінің туған жерінің тарихын бүкіл әлем білсе екен дейді. Бұл – нағыз патриотизм», деді.
«Петроглиф ізшілері» еліміздің көне тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға атсалысып, биыл сегіз ашық лекция, бес баспасөз туры мен балаларға арналған іс-шараларға мұрындық болыпты.
«Қазақстан – петроглифтер елі» жобасының негізін қалағандардың бірі Юрий Дорохов атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқтала келе: «PR саласының маманы ретінде айтарым, Қазақстанда қандай тарихи қазына жасырулы жатқанын халық неғұрлым көбірек білсе, соғұрлым нағыз елжанды азаматтар көптеп шығар еді. Мұндай іске әсіресе, жастарымыз мүдделі болуға тиіс», деді.
Журналистермен өткен кездесу көне жәдігерлерді бақылау, тіркеуден бастап, жергілікті тұрғындарға оларды сақтау ережелерін түсіндіру мен еріктілердің археологиялық нысандарды қорғау бағытында жасалып жатқан жұмыстарымен қорытындыланды.
Қоғам белсенділері алдағы 2026 жылға арналған жоспарларының шетін түріп, келесі маусымда жаңадан табылған жазбалар шоғырын зерттеуді жалғастыратындарын айтады. Мысалы, Ешкіөлмес кешенінің виртуалды 3D-турын жасап, жаңа барлау экспедицияларын ұйымдастыруды көздеп отыр.
АЛМАТЫ