Әр салмақта чемпион атанған боксшы 300 мың доллар алады. Тіпті 5-орын алған боксшылар да Дубайдан құралақан қайтпайды. Ерлер сынында еліміздің боксшылары да алтын медаль алуға барын салатыны анық. Доданың алғашқы жекпе-жектерін өткізген жерлестеріміз сенімді ақтады. Нұрмағамед Юсупов (92 кг) тәжікстандық Навруз Джафоевты нокаутпен жеңді. Санатәлі Төлтаев (67 кг) замбиялық Геральд Кабинданы 4:1 есебімен еңсерді. Келесі жекпе-жегінде бразилиялық Сантос Оливейраның күшін бағамдайды. 80 кг салмақта Ерасыл Жақпеков Буркина-Фасо боксшысы Зуграна Эвензерді бірінші раундта айқын басымдықпен ұтты. Даниял Сәбит (51 кг) кениялық Кевин Мичира Майраны, әлем чемпионы, Токио жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (54 кг) ботсваналық Катлего Кеопарецені 5:0 есебімен таза жеңді. 57 кг салмақ дәрежесінде Оразбек Асылқұлов Кабо-Верде елінің өкілі Элисандро Санчес да Силваны айқын басымдықпен жеңсе, тәжірибелі боксшы Серік Теміржанов (60 кг) моңғолиялық Тценбатар Ерденебаатты ұтты. Ертуған Зейнуллинов та Моңғолия боксшысы Даваадалай Алтангерелді еркін еңсерді. Әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (71 кг) армениялық Арарат Харутюнянды, Дәулет Төлемісов (86 кг) бразилиялық Рамон Соузаны 5:0 есебімен таза жеңді. 75 кг салмақ дәрежесінде Сабыржан Аққалықов Сейшель аралдарының боксшысы Джошуа Арон Кунинді екінші раундта нокаутқа түсірді.
Ерлер арасындағы жаһандық дода Дубайдағы теннис орталығында ашық аспан астында өтіп жатыр.