Басылым • Бүгін, 08:13

Жоқшыдай жол кезген шумақтар

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадан шалғайдағы ақындардың үні елордадан естіле бастады. Әдебиет пен кітапқа бетбұрыстың бір белгісі шығар, аймақтарда сөз ұстап, жырдың туын құлатпай жүрген ақын-жазушылардың кітаптары мемлекеттік тапсырыспен шығып, таныстырылымы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқаны.

Жоқшыдай жол кезген шумақтар

Күні кеше аталған кітапханада Жазушылар одағы­ның мү­шесі, қарағандылық ақын Мүсіркеп Сейдахметтің «Жоқшы» атты жыр кітабы таныстырылды және ав­тор­дың 70 жасына орай «Кәу­­­сарын жырдың атқылап, тас жарып шыққан қайнармын» атты кездесу ұйым­дас­тырылды. Ақынның жыр жинағына туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігі, ұлттық болмысқа, тарихи жадыға деген сағынышы, рухани ізденісі мен пайымы туралы толғаныстары топ­тастырылған. «Жоқшы» – қазақтың жоғын жоқтап, барын бағалауға үндейтін сыршыл туын­ды.

Ақын-жазушы Серік Сағынтай тізгіндеген кездесу кешінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмас Мырзахмет ақынға министрдің құттықтау хатын табыстады. Жазу­шылар одағы Астана қалалық филиа­лының төрағасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы мерейтой иесіне одақтың басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын оқып, иығына шапан жапты. Ақын Мұхарбек Жәкей кітап авторының жыр шумақтарына тоқталып, шұрайлы тұстарынан үзінді келтірді. Замандас бауыры, белгілі ақын Дәурен Берікқажыұлы:

«Жақсы өлең жазсам болды деп

Жүретін ақын көп жүдеп,

Жүрегін ұстап тап-таза

Жетпіске келді мөлдіреп.

Қиялына он түнеп

Қазағын ойлап тоңды көп,

Пеш қалап жүріп ауылда

Қой баққан ақын соңғы рет.

Ұстаған қолы мол күрек

Өмірді өлең көрді тек.

Паңсыған жұрттың бәріне

Пайғамбар сынды елжіреп», деген шумақтарымен жолдады лебізін.

Кеш барысында өлең оқылып, ән шырқалып, оқырмандар автордан қол­таңба алды.