Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) жасанды интеллект арқылы медициналық көмек көрсетудің 14 стандартын іске қосты. Сондай-ақ 350 ақаулар мен заң бұзушылықтарды анықтау алгоритмдерін жүзеге асырды. Бұл ретте ЖИ 45 алгоритмді дербес әзірледі, олар қазір сынақтан өтіп жатыр. Жұмысты әрі қарай дамыту мақсатында медициналық көмек стандарттары мен клиникалық хаттамаларды жаңарту, цифрландыру көзделіп отыр. Бұл шараларды медициналық қауымдастықпен бірігіп жасаған жөн. Бүкіл әлемде медициналық қызметтер мен шығындар көлемінің, технологиялық жетістіктердің сондай-ақ ақпарат көлемінің өсуіне байланысты денсаулық сақтау үдерістерін автоматтандыру негізгі басымдыққа айналып келеді.
Президент Жолдауында: «Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап отыр» деп, МӘМС-тің тиімділігі мен өміршеңдігін атап өтті.
ӘМСҚ бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды қаржылық институт саналады. Президент атап өткендей, бюджет мүмкіндігі шектеулі жағдайда Қор шығындарды арттырмай, тиімділікті сақтап, жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. ӘМСҚ – мемлекет пен азаматтар арасындағы қаржылық дәнекер. Ол азаматтар мен жұмыс берушілердің жарналарын жинап, сол қаражат есебінен халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алады. Бұрын бұл функциялар тікелей мемлекетке тиесілі болса, қазір Қор сатып алу, мониторинг жүйесін нарықтық қағидаттарға жақындатты, тиімді жұмыс істейтін емханалар мен ауруханалар көбірек тапсырыс беруді батыл қолға алды.
Қор қызмет көрсетуші медициналық ұйымдарға тек қаржы бөлумен шектелмейді, сонымен қатар көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді, әрбір қызметтің нақты көлемі мен құнына мониторинг жүргізеді, ем-дом алушылардың шағымдарын талдайды, кері байланыс орнатады, жалған немесе негізсіз көрсетілген қызметтерді анықтап, қаржыны кері қайтарады.
Қор денсаулық сақтау саласының қаржылық реттеуші құралдарының бірі. Ол медициналық ұйымдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шарттарын белгілеп, саладағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Қызмет сапасына қарай төлем жүйесін енгізеді. Осы арқылы бюджет шығынын көбейтпей, бірақ қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде тиімсіз шығындар қысқарып, медициналық қызметтердің ашықтығы артып, азаматтардың сақтандыру арқылы сапалы қызметке қол жеткізу мүмкіндігі кеңейеді. ӘМСҚ тек қаржы бөлетін құрылым емес, ол саладағы қаржының тиімді айналымын қамтамасыз ететін, сапаны реттейтін әрі азаматтардың құқықтарын қорғайтын стратегиялық институт деңгейіне көтерілді.
МӘМС жүйесі іске қосылғалы халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігі нақты артты. Біріншіден, бүгінде тұрғындардың 84%-дан астамы сақтандырылған әрі бұрын ақылы болған КТ, МРТ, стоматология, қымбат жоғары технологиялық қызметтерді тегін ала алады. Екіншіден, МӘМС-тің қаражаты көбеюіне байланысты медициналық көмек көрсетушілердің саны артып келеді. Үшіншіден, цифрландырудың нәтижесінде дәрігердің қабылдауына жазылу мен жолдама алу жеңілдеп, кезек күту уақыты қысқарады. Нәтижесінде, қарапайым азамат сапалы медициналық көмекке бұрынғыдан әлдеқайда оңай қол жеткізеді.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
МӘМС жүйесінің басты артықшылығы – ай сайынғы шағын жарналар арқылы қымбат емді тегін алу мүмкіндігі. Созылмалы аурулары бар азаматтар дәрігердің тұрақты бақылауында болып, тексерулер мен ем-шараларды тегін өтеді. Жедел көмек қажет болған жағдайларда қымбат ем мен оңалту да МӘМС есебінен тегін көрсетіледі. Яғни ай сайын аз ғана жарна төлей отырып, адам өз денсаулығын қаржылай қорғап, керек кезде сапалы медициналық көмекке ақысыз қол жеткізеді. Қарапайым тілмен айтқанда, МӘМС-тің арқасында «ауырып қалсам, бәрі ақылы» деген қорқыныш азаяды.
«Табысты адамның осал топқа жәрдемі» қағидаты – МӘМС жүйесінің әлеуметтік басты ұстанымы. Жұмыс істейтін, табысы бар азаматтар төлейтін жарналар есебінен мемлекет әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың медициналық сақтандыруын өз мойнына алады. Адамдардың барлығына тең мүмкіндік беріледі, табысына қарамастан бірдей сападағы медициналық көмек ала алады. Бұл МӘМС жүйесінің әлеуметтік теңдік қағидатының нақты іске асқанын көрсетеді.
2024 жылы Астана қаласында 983 мың адам медициналық көмек алған, соның ішінде негізгі үлес – әлеуметтік осал топтарға тиесілі. Жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін 753 мың адам үшін ӘМСҚ 105 млрд теңге төлеген. Бұл жалпы соманың шамамен 76%-ы, яғни қаражаттың басым бөлігі осал топтарға бағытталған. Жұмыс істейтін азаматтар (156 мың адам) үшін жұмыс берушілердің жарналары есебінен 19,3 млрд теңге төленген. Жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істейтіндер – 51 мың адам, 7 млрд теңге. Өзін-өзі сақтандырған азаматтар – 23 мың адам, 6,2 млрд теңге. Қысқаша айтқанда, бұл жүйе – қоғамдық өзара көмек үлгісі.
Келер жылдан тұрмысы төмен азаматтардың МӘМС жүйесіндегі жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл – әлеуметтік әділдік пен қолжетімді медициналық көмекті күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Көмек тұрмысы нашар, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға бағытталады. Азаматтың мәртебесі әлеуметтік қорғау органдары арқылы анықталады. Бұл – «Әділетті Қазақстан» қағидатының нақты іске асуы.
2025 жылғы 1 қазандағы есепке сүйенсек, Астана қаласының сақтандырылмаған тұрғындарының саны – 240 мың адам. Әрбір адам айына 4250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлеп, сақтандыру мәртебесін ала алады.
Келесі жылдан бастап медициналық көмектің екі пакеті – ТМККК мен МӘМС бірыңғай медициналық көмек пакеті ретінде біріктіріледі. ТМККК, МӘМС пакеттерін біріктірудің басты мақсаты – жүйені жеңілдетіп, азаматтарға медициналық көмекті барынша қолжетімді ету. Мұндай біріктірудің тиімділігі көп.
Біріншіден, халыққа түсінікті әрі ыңғайлы жүйе құрылады. Қазір екі пакет бар: бірінде – шұғыл және әлеуметтік маңызы бар көмек, екіншісінде – жоспарлы, кеңейтілген қызметтер. Бірыңғай пакет енгізілсе, азамат «сақтандырылғанмын ба, жоқ па?» деп алаңдамай, барлық негізгі медициналық көмекті бір жүйе арқылы алады.
Екіншіден, қаржыны тиімді бөлу. Біртұтас пакет денсаулық сақтау саласында қаржының бөлінуін оңтайландырады, қайталанатын әкімшілік шығындар азаяды. Бұл бірдей қызметтерге екі бөлек көзден қаржы жұмсамауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, әлеуметтік теңдікті күшейту. Жаңа модельде халық табысына немесе мәртебесіне қарамастан, барлығы негізгі медициналық қызметтерге қол жеткізе алады. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары мен әлеуметтік осал топтарға тиімді.
Төртіншісі, басқару мен бақылаудың жеңілдеуі. Біріктірілген жүйе бұл үдерісті қарапайым әрі ашық етеді.
Түйіндеп айтқанда, бірыңғай медициналық көмек пакеті – азаматтарға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін, түсінікті, тиімді, ұтымды жүйе.
Абзал ЗЕЙДУЛЛА,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қалалық филиалы директорының орынбасары