Экономика • Бүгін, 07:20

Аграрлық салаға серпін берудің үлгісі

0 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Түркістан облысы биылғы 10 айдың қорытындысында 114,8% экономикалық өсімге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда көш бастап, инвестиция тартуда алдың­ғы қатарда тұрған өңірдің экономикалық-әлеумет­тік ахуалы жақсарып келеді. Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифинг­те облыс әкімі Нұралхан Көшеров атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады.

Аграрлық салаға серпін берудің үлгісі

«Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриал­дық және «Turan» арнайы экономика­лық аймақтары құрылған. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі мен тамақ өндірісіне тиесілі. Импорт көлемі 98 млрд теңгеге жетті», деген өңір басшысы тауарлар шығару­ға мүмкіндік мол екенін, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалдық, арнайы экономика­лық аймақтардан дайын алаңша­лар ұсынғанын жеткізді. Импорт алмас­тыратын 20 жоба іске асырылып жатқанын, бұл өз кезегінде 53 млрд теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

«Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд теңге болатын 99 инвес­тициялық жоба іске асырылып, 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінде 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұ­мыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Президент Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 га аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Жеті инвестор Орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде, өңір экономикасына 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 175 жұмыс орны ашылады, бюджетке қосымша 355 млн теңге салық түседі. Қазірде 8 өндірістік ғимараттар салынып үлгеріп, ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр», деді Н.Көшеров.

Облыстың өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылды, жыл аяғына дейін 103,5 млрд теңгеге тағы 8 өнеркәсіп жобалары іске қосылады. Биылғы 10 айда өңірде өнеркәсіптің өнім көлемі 1,3 трлн тең­геге жетіп, өсім деңгейі 113,4%-ды көр­сетті. Өсім қарқыны жөнінен респуб­ликада алғашқы бестікке енді.

«Бір келеңсіздік – өңірге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көз­дер­ден тасымалдауға мәжбүрміз, түркіс­­тандықтар тұтынатын 445 МВт энер­гияның 338,8 МВт-ын сырттан аламыз. Бұл мәселені шешу мақ­сатында 6 маңызды жобаны жүзеге асырмақ­шымыз. «Самұрық Қазына» қорының қолдауымен Сайрам ауданында құны 800 млрд теңге, қуаттылығы 1 000 МВт болатын бу-газ стансасы­ның құрылысы басталды, 2027 жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Мемлекет-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина стан­са­сы салынады (155 млрд теңге). Түлкібас ауданында 320 МВт-тық бу-газ (119 млрд теңге), сондай-ақ Сауран ауданында 485 МВт-тық 2 күн электр стансасының (224 млрд теңге), Бәйдібек ауданында қуаты 350 МВт болатын жел электр станса­сы­ның (505 млрд теңге) құжаттары рәсім­де­ліп, жобалары әзірленіп жатыр. Бұл жобаларды іске асырсақ, экономикаға жалпы 1,8 трлн теңге инвестиция тар­тылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндірі­леді», деген өңір басшысы жаңа өндіріс орындарын ашуда электр қуатынан зәрулік көрмейтінін де алға тартты.

Төрт мезгілдің жаймашуақ ке­зеңі­не молынан кенелетін өлке – Түркістан облысы. Ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы өңір. Заманауи тех­­нологияны қолдану арқылы, осы салада терең қайта өндеуді дамыту басты мақсатымыз деген өңір басшысы облыстың географиялық-климаттық ерекшелігін ескеріп, дамытуды қолға алған 3 кластерлік бағытқа тоқталды.

«Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элита­лық сорттарын өсіруді, шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқы­ма кластері құрылды. Кластер – өндірістік үдерістің барлық кезеңін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бас­тап, жіп, мата, джинсы материалдары сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тартылады. Өнім 2–3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Осылайша, 229 мың тонна мақта өңделеді. Биыл тәжірибе ретінде Отырар ауданында 32 мың га алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, гектарынан 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты мен 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталып келеді.

Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында 35 млрд теңге жұм­салған «Казкрахмал» зауытының құры­лысы аяқталып, желтоқсан айын­да іске қосылады да, 251 жұмыс орны ашы­ла­ды. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шыға­рады. Жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Ет кластерін дамытуда да бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау мен ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешен­дер, заманауи мал биржасы салы­нады. Бүгінге дейін «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz», «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды, нәти­жесінде, қосымша 35 мың тонна ет өң­деледі. Бұдан бөлек, Түлкібас ауда­нын­да «Қарқын Трейд» компаниясымен күшімен ірі құс фабрикасының құ­­ры­­лысы бастау алды. Құны 53 млрд тең­ге бо­латын жоба іске қосылғанда 8 мың адам жұмыспен қамтылып, жылына 48 мың тонна құс еті өндіріледі.

Еліміздегі жылыжайлардың 71%-ы облыстың еншісінде. Биыл жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлға­йып, жалпы алаңы 1 715 гектарға жет­ті. Нәтижесінде, республикадағы үлесі 76%-ға өсті. Жылыжайлардың бірін­ші айналымынан 102 мың тонна көк­өніс жиналды. Ауыл шаруашылығы са­ласында 10 айдың қорытындысында 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріліп, оң өсім қалыптасты.

Ауыл шаруашылығында өндірген өнім көлемі жөнінен ел ішінде алдың­ғы орында тұрған облыста су тапшы­лығы сезі­леді. Өйткені еліміздегі суармалы жер­лердің төрттен бірі осы өңірге тие­сілі – 554 мың га. Биылға дейін суды үнем­­­деу технологиясы 55 мың гек­тарға ен­­гі­зіл­се, тағы 59 мың гектарға зама­на­уи қондырғы тар­тылған. Суару техно­ло­­гия­­­лардың қол­жетім­ділігін арттыру ба­ғыт­­тында 6 кәсіп­орын ашу қолға алынып, төртеуі іске қо­сылды. Келесі жылы та­ғы екі мекеме ашылып, 364 мың га аумақ­ты суаруда ысы­рапшылдыққа жол бе­ріл­мей, үнем­деу технологиясы іске қо­сылады. Об­лыс аумағында ағын су­мен қам­та­масыз ететін ұзындығы 12 731 ша­қы­рым 4 180 арна бар. Оның 70%-ы тоз­­ған. Алдағы уақытта 302 су арнасы жөн­­­деліп, тозу көрсеткіші азайтылады.

Әлеуметтік салада да оң серпін барына тоқталған облыс әкімі «Келешек мектептері» жобасымен 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы басталып, 28 мектеп пайдалануға берілгенін, тағы бір мектептің құрылысы жақында аяқталатынын жеткізді. Жергілікті бюджеттен 17 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп, жыл аяғына дейін 4 мектеп пайдалануға беріледі.

«Облыстағы 50 колледжде 46 мың­нан астам студент 84 мамандық бойынша білім алып жатыр. Осы жылы кол­леджді бітірген 14 806 түлектің 79%-ы (11 697 түлек) жұмыспен қамтылған Оның ішінде 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандық иелері. Биылғы оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінді», деген Н.Көшеров агроөнеркәсіп, энергетика, техникалық бағыттарда бірнеше мамандықта кадр тапшылығы барын да ашып айтты.

Денсаулық сақтау саласында 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Облыс әкімі ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылып, 3 ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілгенін мәлім етті. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 %-ға жеткен.

Еліміздегі көпбалалы отбасылар­дың төрттен бірі осы облыста тұрады. Сондықтан әлеуметтік көмекке жүгіну­шілер саны өзге өңірлер­мен салыстырғанда жоғары. Жүйелі жүр­гізіл­ген жұмыстардың нәтижесінде кейінгі үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқар­ды. 2022 жылы 198,4 мың адам болса, 2024 жылы 94,8 мың адамға азайды. Кедейлік деңгейі 4,4%-ға төмендеді. Биылғы қаңтар–қазан айлары ара­лығында 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды.

Өңір халқының 75%-ы ауылдық жерде тұрады, 763 елді мекендегі 2,1 млн тұрғын (98,5%) ауызсумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңа ауызсу құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Халықты ауызсумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді, яғни 801 елді мекен тіршілік нәрінен тарықпайды. Дегенмен ауыз­суды кес­темен ішетін 192 елді мекен бар. Ұңғы­маларда су дебеті азайып, су жүйелері тозығы жеткендіктен, осылай амалдап отыр. Облыс әкімі бұл мәселені кезең-кезеңге бөліп шешетінін жеткізді.

«Табиғи газ 563 елді мекенге жетіп, 1 834 мың адам көгілдір отын­­ның игілігін көріп отыр. Жыл аяғы­на дейін тағы 37 елді мекенге газ құбы­ры тартылады. Нәтижесінде, газбен қам­тылған халықтың жалпы саны 1 млн 906 мыңнан (88,9%) асады. 951,4 шақы­рым жол күрделі жөндеуден өтіп, жол­дар­дың нормативті үлесі 94,7%-ға жет­ті. Екі жылда 66 елді мекеннің электр жүйе­лері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді», деді.

Баяндамадан соң облыс әкімі журналистердің сауалдарына жауап берді. Құрылғанына жеті жылдың жүзі болған Түркістан облысы руханияттың ғана емес, туризмнің де талбесігіне айналады деген сенім қаншалықты ақталғанын сұрадық.

«Облыста туризм саласы қар­қын­ды дамып келеді. Жыл басынан бері 500 мыңнан астам турист өңір­ге келіп, 6,6 млрд теңге табыс түсті. Түркістан қаласында Есу арнасы мен Қол­өнер­шілер орталығы салын­ды. 99 га аумақты қамтитын «Ипподром» құрылысы аяқталып келеді, ке­лесі жылдың басында пайдалануға бері­леді. Жылдан-жылға Тұран даласын, Түркістан қаласын тамашалауға тал­пынған туристердің қатары қалыңдай түседі», деді Н.Көшеров.