АСТАНА. 11 мамыр. Чехияда хоккейден әлем чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Әзірге топтық кезең бәсекелері өтуде. Кеше түнде тағы 4 кездесудің нәтижесі белгілі болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Чемпиондықтан басты үміткер Канада қатарынан алтыншы рет жеңіске жетті. Сондай-ақ, аталған құраманың негізгі қарсыластары АҚШ пен Ресей де өз ойындарын жеңіспен аяқтады. Әлем чемпионатының жүлдесінен үміткерлердің бірі, жарысты ұйымдастырушы ел – Чехия да кезекті үш ұпайына қол жеткізді.
Сонымен 10 мамырда өткен ойындардың нәтижелері төмендегідей:
«А» тобы:
Германия – Чехия 2:4 (1:1, 1:2, 0:1);
Швейцария – Канада 2:7 (1:2, 0:3, 1:2).
«В» тобы:
Словения – АҚШ 1:3 (0:2, 1:0, 0:1);
Словакия – Ресей 2:3 (овертайм) (1:0, 0:1, 1:1, 0:1).
Осы ойыннан кейін Канада 18 ұпаймен «А» тобындағы көшбасшылығын одан әрі нығайта түсті. Екінші және үшінші орындарда келе жатқан Швеция мен Чехияның еншісінде 13 ұпайдан бар. Ал плей-офф бәсекесіне өтуге мүмкіндік беретін 4-сатыда әзірге 9 ұпайы бар Швейцария келеді.
«В» тобындағы жағдайға келсек, кешегі ойыннан кейін АҚШ 15 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Ал қарсыласын овертаймда жеңгені үшін бір ұпай жоғалтқан Ресей 14 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Үшінші және төртінші орындарда Финляндия (12 ұпай) мен Беларусь (10 ұпай) келеді. Бұл екі құрама бүгін өзара күш сынасады.
Бүгін болатын ойындар кестесі:
«А» тобы:
Германия – Австрия;
Швеция – Франция.
«В» тобы:
Финляндия – Беларусь;
Словения – Дания.
Чехиядағы әлемдік дода 17 мамырда аяқталатынын естеріңізге сала кетейік.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: championat.com.