АСТАНА. 11 мамыр. Польшада кеше, жексенбі күні өткен президент сайлауы, exit poll мәліметтері бойынша, екінші турға ауысатын болып отыр. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Бірінші турда күтпеген жерден «Құқық және әділдік» партиясынан мемлекет басшылығына таласып жатқан Анджей Дуда іс басындағы президент Бронислав Коморовскиден сәл ғана басымдықпен жеңіске жетті. Бірақ үміткерлердің бірде-бірі 50 пайыздан жоғары дауыс ала алған жоқ.
Президент сайлауының екінші туры енді 24 мамыр күні өтеді.
Ал IPSOS зерттеу орталығының exit poll мәліметі бойынша, жексенбі күні сайлаушылардың 34,8 пайызы Анджей Дудаға, 32,2 пайызы Бронислав Коморовскиге дауыс берген.
Сарапшылар exit poll нәтижесі Анджей Дуданы Польша президенттігіне кандидат етіп ұсынған Ярослав Качиньскидің «Құқық және әділеттілік» партиясы штабында нағыз саяси сенсация ретінде қабылданып, үлкен қуаныш туғызып жатқанын айтып отыр.
Сол сияқты тәуелсіз кандидат Павел Кукиздің 20,3 пайыз дауыс алғаны тағы бір сенсация саналуда. Бұдан әрі Януш Крвин-Микке – 4,4, Магдалена Огурек 2,4 пайызбен келеді.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, сурет: РИА Новости.