Фото: atameken.kz
Шағын бизнеске қосымша қиындықтар туғызады
ШҚО КП ақпаратына сәйкес, өңір кәсіпкерлері инфляцияны тежеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бастаманың негізгі мақсатын қолдай отырып, оның әлеуметтік маңыздылығын (құжатта бағалары мемлекеттік реттеуге жататын тауарлар тізімін кеңейту қарастырылған) мойындап отыр. Алайда олар іс жүзінде ұсынылып отырған шаралар әуелі шағын бизнеске кері әсерін тигізеді деп санайды. «Үй жанындағы» дүкендер иелерінің пікірінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін 33 позицияға дейін кеңейту олардың қызметіне қосымша қиындықтар мен қауіп-қатерлер туғызады.
Халыққа тікелей әсер етеді
ШҚО КП-ның директоры Қайрат Мамырбаев қазіргі жағдай шағын және микробизнес үшін жүйелі тәуекелдер алып келетінін айтты.
«Үй жанындағы дүкендер жоғары өзіндік құн жағдайында жұмыс істейді: сатып алу бағалары, жалдау ақысы, логистика, коммуналдық төлемдер және жалақы жыл сайын өседі. 33 позиция бойынша сауда үстемесін 10-15%-ға шектеу кәсіпкерлерді шығындарын жабу мүмкіндігінен айырады. Бұл нөлдік немесе тіпті теріс табысқа әкеледі. Біз шағын дүкендердің жабылу қаупін және тауар түрлерінің қысқаруын көріп отырмыз, бұл тікелей халыққа әсер етеді», деді Қайрат Мамырбаев.
Тапшылық туындау қаупі бар
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Айжан Жәңгірханова да тізбенің кеңеюі қосымша әкімшілік жүктеме туғызатынын айтты: кәсіпкерлерге сатып алу және бөлшек бағаларды қадағалап, үстеме сақталғанын растау, әр тауар бойынша есептілік беру қажет болады. Ал бағаларды өндірушілер, көтерме жеткізушілер мен дистрибьюторлар қалыптастырады, дүкендердің оларға ықпал ету мүмкіндігі жоқ.
«Егер жеткізушілер көлемдерді басқа өткізу арналарына қайта бөлісе бастаса, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығы туындау қаупі бар. Ал қосылған позициялардың басым бөлігі – тез бұзылатын өнімдер. Есеп шоттан шығарып тастау мен шығындар тәуекелі бірнеше есеге артады», деді А.Жәнгірханова.
Ең болмаса, тарифтер жеңілдетілсе...
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкерлер «үй жанындағы» дүкендер үшін коммуналдық қызметтер бойынша бөлек тарифтік санатты енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраған. Алайда өтініш қолдау таппаған. Осыған байланысты Палата бұл мәселеге қайта оралуды және кем дегенде әлеуметтік маңызы бар тауарларды сататын дүкендер үшін жеңілдетілген тарифтерді қарастыруды ұсынады.
Мемлекет пен бизнес арасындағы диалог қажет
«Егер мемлекет бағаны ұстап тұрғысы келсе, өзіндік құнның барлық құрамдас бөліктерін ескеру қажет. Біз коммуналдық қызметтер бойынша ең жоғары шығын үлесін көтереміз – табыстың 30%-на дейін. Қолдау кешенді болуы тиіс, әйтпесе нақты шығындардан тыс баға реттеуі инфляциялық қысымды күшейтеді», дейді кәсіпкерлер.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесін өзгерту жөніндегі бастамалар бизнес арасында айтарлықтай алаңдаушылық тудыратыны айтылды. Қатаң баға реттеуі және үстемеақыны шектеу табыстылықтың төмендеуіне, дүкендердің жабылуына және нарықта тапшылық қаупіне әкелуі мүмкін.
«Мемлекет пен бизнес арасындағы диалог қажет. Біз әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен экономикалық тиімділік арасындағы балансты табуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, шағын бизнестің тұрақтылығы мен өңір тұрғындарының қолайлылығы қауіпке ұшырайды», деп түйіндеді ШҚО КП-ның директоры Қайрат Мамырбаев.