Сурет: allsee.team
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні білім саласына енгізуге тапсырма берді. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Асылбек АХМЕТЖАНОВ:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында орта білім ұйымдарында жасанды интеллектіні оқу барысына енгізу жұмысын бастады. Алғашқы кезеңде қауіпсіз әрі жауапты қолдануды қамтамасыз ету мақсатында ауқымды сауалнама жүргізіліп, оның нәтижесінде бірқатар құжат дайындалды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні мектептерде, колледждерде пайдалану жөніндегі этикалық стандарттар, нұсқаулықтар, 2025–2029 жылдарға арналған енгізу тұжырымдамасы әзірленді. Қазір оқушыларға арналған онлайн курстар іске қосылып, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға үш деңгейлі модель енгізілді. Осы уақытқа дейін 180 мыңнан астам педагог жасанды интеллект негіздерін игерді. Жұмыс жалғасып жатыр. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы базасында арнайы ұлттық зертхана құрылып, жаңа оқу ресурстарын әзірлеу қолға алынды.
– Жасанды интеллектіні білім жүйесіне қалай дұрыс енгізу қажет, қазіргі жүйеде қателіктер бар ма?

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ:
– Бүгінде білім жүйесінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу үдерісі қызу талқыланып жатыр. Дегенмен шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Ең алдымен ұстаздардың дайындығы алаңдатады. Қолдағы деректерге сүйенсек, педагогтердің аз бөлігі ғана жаңа платформалармен еркін жұмыс істей алады. Бұл – білім мазмұнын жаңартуға үлкен кедергі. Мектептер мен колледждерде де айқын бағыт жоқ. Салада бастама бар, бірақ жүйелілік жетіспейді. Мұғалімдердің біліктілігі әлсіз, деректердің қауіпсіздігі күмәнді, бағдарламалардың мазмұны заман талабына сай емес.
Асылбек АХМЕТЖАНОВ:
– Мектептерде жасанды интеллектіні пайдалану төрт негізгі бағытта жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, қауіпсіздік, басқару, оқу барысы, бағалау жүйесі. Қауіпсіздік саласында биометриялық жүйелер арқылы оқушылардың мектепке келуін автоматты тіркеу, ата-аналарға хабарлама жіберу, асханада қол арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылып отыр. Басқару бағытына оқу кестесін автоматты құрастыру, әдістемелік жоспарлау, аналитикалық дашборд құру кіреді. Оқу барысында жасанды интеллект оқулықтарды цифрландырып, репетитор қызметін атқарып, сабақ жоспарын, тестілер мен презентацияларды автоматты түрде құрастыруға мүмкіндік береді. Визуализация, симуляция, чат-бот сияқты құралдар да кеңінен енгізілмек. Ал бағалау жүйесінде тапсырмаларды автоматты тексеру, жеке кеңес беру, тест нәтижелерін сараптау және кәсіби бағдар беру шешімдері қарастырылған. Бұл бағытта отандық стартаптар да белсенді. Мәселен, «Алақан мектеп» жобасы алақанның вена құрылымын тану арқылы биометриялық төлемді енгізсе, «Протектор» жүйесі агрессивті мінез-құлық пен буллингті анықтап, жауапты мамандарға автоматты хабарлама жібереді. «Зерек» жобасы мектеп әкімшілігіне дәл сол сәтте деректерді талдауға мүмкіндік берсе, «AI Kitap» цифрлық оқулықты оқушының деңгейіне қарай бейімделіп, әлсіз тұстарын толықтырады. «Тест KZ» платформасы виртуалды көмекші ретінде оқушыларға тәулік бойы қолдау көрсетіп, мұғалімдерге сабақ жоспарын автоматты құрастыруға жәрдемдеседі.

Асқар МАҚСАТҰЛЫ:
– Жасанды интеллектіні білім саласына енгізудің ең дұрысы – оны бірден «мұғалімді алмастыратын суперробот» ретінде көру емес. Әлемнің өзі әлі таң атқаннан кеш батқанға дейін ЖИ-мен жұмыс істейтін деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан ақырын жүріп, анық басқан дұрыс. Біз тәжірибемізде мынаны анық көрдік: оқушылар жасанды интеллектімен тікелей сөйлескенде оның алгоритм екенін бірден сезеді. Яғни баламен тікелей сөйлесетін чатбот жасау – бастапқыда көрінгендей тиімді емес. Балаға «ChatGPT» ме, басқа модель ме, айырмашылығы болмайды. Сондықтан ЖИ-ді «оқушыға жауап беретін құрал» ретінде емес, мұғалім мен ментордың екінші миы ретінде қолдану әлдеқайда өнімді. Жасанды интеллект ең алдымен мұғалімнің уақытын үнемдеуге тиіс. Мектеп мұғалімдері аптасына 40 сағат жұмыс істесе, соның 20-сы дайындыққа ғана кетеді. КМЖ жасау, презентация құрастыру, материал аудару – осының бәрін жасанды интеллект автоматтандыра алады. Мұғалімге артылған ауыртпалық азайса, ол энергиясын балаға жұмсайды. Міне, пайда болатын нақты әсер осы. ЖИ білім саласына бір-ақ мақсатта енуі керек. Алдымен мұғалімнің жүгін жеңілдететін құрал ретінде, әрі қарай оқу барысының белгілі бөліктерін автоматтандыратын көмекші ретінде. Қазіргі жүйе қалыптасып үлгерген жоқ, сондықтан бізде қателеспеуге мүмкіндік бар.
– Жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу туралы көп талқыланады. Нақты қандай ұсыныстарды ескеру қажет?

Мадина Тыныбаева:
– Алдымен үйрету мәселесі. Былтыр педагогтердің қысқамерзімді жоспар дайындау барысын зерттегенде, жасанды интеллект құралдарын қолданған мұғалімдердің уақыты айтарлықтай үнемделетіні анықталды. Бұл уақытты олар оқушыларға арнай алады. Сондықтан білім жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың арнайы педагогикалық әдістемесін әзірлеу маңызды. Әлемде бұл бағытта Аустралия, сондай-ақ ОЭСР сынды ұйымдар өз фреймворктарын жасап үлгерді. Елімізде де осындай ұлттық бағдар қажет. Бұл педагогтерге нақты бағыт береді әрі оқу бағдарламаларына енгізілетін өзгерістерді жүйелеуге мүмкіндік туғызады.
Екінші мәселе – реттеу. ЮНЕСКО ұсынып отырғандай, жасанды интеллектінің функционалы мен әсерін реттеу, әсіресе әлеуметтік салада, аса маңызды. Бүгінде әлеуметтік желілердің алгоритмдері жастарды ой еңбегін пайдалануға итермелемейді. Сондықтан балалардың психикалық саулығы мен қауіпсіздігін қорғау тетіктері енгізілуге тиіс.
Үшінші бағыт – алдын алу. Сарапшылар балалардың сыни ойлау қабілетінің әлсіреу қаупін ескертеді. Өйткені жасанды интеллект тестілерді балалардан да жақсы орындайды. Сондықтан кей елдерде жазбаша жұмыстардың орнына ауызша емтихан мен офлайн тестілеу енгізіліп жатыр. Бұл академиялық адалдықты сақтаудың тиімді жолы.
Еліміз үшін бірнеше ұсыныс бар. Біріншіден, «Kazdigital мektebi» платформасын құру арқылы директорлар мен бүкіл мектеп жүйесін жасанды интеллектіні қолдануға міндеттеу қажет. Екіншіден, ЖИ-ді қолдану жөніндегі шекті анықтау маңызды. Үшіншіден, педагогтің цифрлық білім саласындағы кәсіби стандартын енгізу керек. Сондай-ақ жасанды интеллектінің білімге ықпалын жүйелі бағалау мақсатында ұлттық кеңес тобын құру ұсынысын ескеру қажет.
– Жасанды интеллект білім саласын қалай өзгертеді, бүгінгі жүйе өзгере ме?

Асқар БОЛАТ:
– Жасанды интеллектінің білім саласына ықпалы күннен-күнге күшейіп келеді. Бұрын мұғалімнің шеберлігіне ғана тәуелді болған көптеген үдеріс қазір технология арқылы жүйелі түрде іске асып жатыр. Соның бірі – оқытуды қызықты ете отырып, баланың назарын аударуға бағытталған тәсілдер. Қазіргі геймификация элементтері оқушыны тек ойынмен әуестендіруге емес, оның ішкі ынтасын оятып, алған білімін сол сәтте бекітуге арналған нақты құралға айналды. Сонымен қатар нейрожелінің ең кең тараған қолданылуы – мұғалімдерге көмекші болатын ЖИ ассистенттер. Бұған дейін мүмкін емес көрінген нәрсе бүгінде қалыпты үрдіске айналды. ЖИ сабақ жоспарын әзірлейді, мәтіндерді талдайды, түсіндірудің түрлі нұсқасын ұсынады, тіпті оқушының қателерін саралап, мұғалімге дайын талдау береді. Бұл технология мұғалімнің орнын баспайды, керісінше, оның уақытын үнемдеп, нағыз педагогикалық жұмысына көңіл бөлуге жағдай жасайды. ЖИ әкеліп жатқан ең үлкен өзгеріс – әр оқушының жеке оқу жолын қалыптастыруы. Бұрын сынып бір жоспармен жүретін, ал балалардың қабілеті мен қабылдау жылдамдығы әртүрлі екені ескерілмейтін. Қазіргі жүйелер әр баланың деңгейін, қарқынын, мықты және әлсіз тұстарын дербес талдап, сол көрсеткішке сай бағдар ұсына алады. Бұл оқытуды бір қалыптан шығарып, білімді шынайы тұрғыда жеке бағытқа бейімдеу мүмкіндігін ашып
отыр.

Нұрлан ҚИЯСОВ:
– Жасанды интеллект білім саласын өзгерте ала ма деген сұрақ орынды. Иә, ол барлық теңсіздікті толық жойып жібере алмайды. Бірақ, ең маңыздысы, мүмкіндікті теңестіруге жақсы әсер ете алады. Әлеуметтік жағдайы қиын, қолдауы аз, бастапқы мүмкіндігі әлсіз балаларға ЖИ жаңа жол ашады. Олардың оқу қарқынын арттырып, білімге қолжетімділігін кеңейтеді. Біреулер мойындаса да, біреулер жоққа шығарса да, қазіргі білім жүйесінде теңсіздік әлі бар. Дәл осы жерде цифрлық технология мен жасанды интеллектінің рөлі айқындала түседі. Олар баланы тек ақпаратқа қол жеткізумен шектемейді, оның өз қабілетін ашуына, ынтасының оянуына жағдай жасайды. Яғни ЖИ оқушыны ортақ стандартқа емес, өзінің деңгейіне сай жолмен жетелейді. Әрине, ЖИ-ді дұрыс қолданбаған жағдайда кей жобалар айырмашылықты азайту орнына күшейтіп жіберуі мүмкін. Бірақ ғылыми тұрғыда ойластырылған, нақты педагогикалық модельмен енгізілген жасанды интеллект білімдегі алшақтықты азайтады, оқу сапасын арттырады және әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Дайындаған –
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»