«Тәттімбеттен бастап берідегі Баубек күйшілерге дейінгі шертпе күй шеберлерінің туындыларын терең танып, үздік орындаушы осы Рымхан Әбілханұлы еді» деп бастады алқалы жиынды дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің ұйымдастыруымен Әкім Тарази залында өткен шарада Рымхан Әбілханұлының күйшілігі, тәлімгерлік қыры, адамдық келбеті біршама әңгімеленді. Кезінде өзі экраннан сөйлегенде: «Музыкадан жоғары тұратын күй өнері – тілмен, әңгімемен айтып жеткізе алмайтын өнер. Сөзбен жеткізсек, әңгіме болып кетеді, поэма, поэзия, пьеса болып әдеби жанрға айналып кетеді. Сол әдеби жанрдың күші жетпейтін, тілі жетпейтін, адамның сезім құбылысында болып жатқан алапат сезімді, ішіндегі дауылдарды қазақ күй тілімен жеткізіп отырған. Мысалы, «Салтанат» күйінде анасы қайтыс болып, балалардың анасын аңсап іздегенінде – бүкіл адамзатқа тән махаббат, шексіз сүйіспеншілік тұнып тұр», депті.
Еске алу кешінде алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай күйшімен 20 жыл көрші тұрғанын, күйшілігімен қатар адамдық ар-ұятына кіршік түсірмей өткен тектілігі турасында сөйледі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова нағыз күй қонған адам деп еске алды.
Кезіндегі республикалық «Күй-керуен» фестивалінің «Алтын домбыра» иегері Рымхан Әбілханұлы 2015 жылы Лондондағы қазақ әртістерінің фестивалінде өнерімен әйгіленген. Қазақ телевизиясы мен радиосының «Алтын қорында» «Күйші Рымхан Әбілханұлы» атты хабар сақтаулы.
«Қазақтың күй өнеріне шексіз үлес қосқан, шертпе күйдің хас шебері, тәлімгер ұстаз Рымхан Әбілханұлы «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық халық аспаптар оркестрінде, Л.Н.Гумилев атындағы университетте және Қазақ ұлттық өнер университетінде көп жыл жемісті еңбек етті, үздік шәкірттер даярлады. Тәттімбет, Сүгір, Төлеген, Нұрғиса күйлерін насихаттады. Ұстаздық жолындағы жауапкершілігі, адамдық болмысы қазақтың дәстүрлі күй өнеріне шынайы берілгендігі біз үшін үлгі» деді аталған университеттің домбыра кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абылғазы Ахмадиев. Сондай-ақ «Астана ақшамының» журналисі Аманғали Қалжанов жүрекжарды лебізін білдірсе, күйшінің жары, белгілі ақын Оңайгүл Тұржан ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтты.