Руханият • Кеше

Аққыздың аманатын арқалаған

180 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер университетінде фольклорлық орталықтың ашылғанына да біршама уақыт өтіпті. Базаралы Мүптекеев басшылық жасаған жылдары көп жұмыстың басын қайырып еді. Базекең компьютерде тапжылмай ұзақ отыратын. Сыртынан қарап «балбал тас» деп қалжыңдайтындар да болыпты. Өзінің өмір бойы экспедиция сапарларынан жинаған материалдарын өңдеп, құнды деп тапқандарын ұрпақ игілігіне жаратамын деп жүретін. Сол Базекеңмен әріптес болдық.

Аққыздың аманатын арқалаған

Суретте солдан оңға: А.Сейдімбек, оның артында С.Ақтаев, Аққыз, Мағауия күйшілер, 1977 жыл

Бірде Базаралы ағамыз бастап Қара­ғанды өңіріне экспедицияға шықтық. Ағадыр, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай өңірін тегіс араладық. Мақсатымыз – ән мен күйдің алтын ұясындай болған өңірлерден фольклор жинау, оны таспаға басып, хатқа түсіру.

Ауылдың шежірешісі, күйші Сәнеке Сағындықұлы ақсақалдың көзі тірі кезі. Тоқсанды алқымдаған қария қалжырап қалыпты. Күйді бабына келтіре алмаса да, есте қаларлықтай мағыналы сөз сөйлеп отырды. Әйгілі әнші Манарбек Ержановпен дос болғанын әңгімелеп отырып: «Әншілік пен күйшілікті қатар ұстанған Манарбекке «ән салған ауыр ма, күй шерткен ауыр ма» дедім, сонда Мәкең: «Әнді сыртқа шығарып айтасың, күйді іште толғайсың, күй тартқан ауыр» дегені бар», деп ескіден сөз қозғап еді.

Арқа домбырашыларының күй шер­тісіне қарап отырып әр ұрпаққа идеал болған күй өнерінің ірі тұлғаларының мәнерін байқадық. Шау тартқан Сәнеке ақса­қалдың қағысы Әбікен мәнерін еске салса, одан кейінгі буынға Мағауия Хамзиннің отты тартысы әсер етіпті, ал, кейінгі шертпешілер Дәулетбек Сә­дуақасов сынды домбыраны сауып тартуды қалап тұратындай.

Осы сапарда Болат Тәкішев деген ағамызбен таныстық. Алыстан күйшілер келді деп әспеттеп, бізді қонақүйге жайғас­тырып, қолұшын берді. Базекең жасы елуді алқымдап қалған полиция полковнигін «Аққыздың жиені, күйші» деп таныстырды.

«Өмір бойы полицияда жүрген жан не тартушы еді» деген де қыжыртпа ойдың қылтиғаны рас. Бақсақ, үлкенге де, кішіге де «Сіз» деп сөйлейтін Болат ағамыздың домбырасының үні де көркем екен. Күй тартты. Сәлден соң тыңдаушысын шертіп отырған күйіне мән беріп, үңілуге мәжбүрлей бастады. Күйі мінезді. «Қайран елім» деп боздап кеткен домбыра үні өжет, өткір шықты. Дейтұрғанмен, сол кездегі шертісімен қазіргі тартуында едәуір айырмашылық бар екен. Бұрынғысына қарағанда қазір табиғилық басым. Жа­зушы Тәкен Әлімқұлов «домбыраны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйлетеді» депті. Жуырда тыңдадық. Болат Жұматайұлына Халық әртісі Секен Тұрысбек домбыра сыйлапты. Сол аспаптың үні, Болат аға­мыздың тәтті шертісі ойға қалдырды. Күй­шінің саусағы емес, көкірегі сөйлеп тұр.

Бөкең Арқа күйлерін тартады. Әсіресе Аққыз күйлеріне жүйрік. Күй шертісінен кешегі Манарбек дәуірі есіп тұрады. Мағауияның дыбыс қуатының нышаны сезіледі. Бұрынғы күйшілер секілді ескіліктен сыр шертіп, шерлене тартады. Белгілі ғалым Саида Еламанова дәстүрлі өнерпаздың басты ерекшелігі, «дыбыс қасиеті, дыбыс киесі» (сакральдық) деп пікір айтқан. Біздің Әбікен Хасенов тектес күйшілерді жалықпай тыңдауымыздың да басты себебі – дыбыстың қасиетінде. Болат ағамыздың күй шертісінде «тереңдік бар, ескі дәстүр бар» деп нық сеніммен айта аламыз. Сол себепті этномузыкатанушы ғалымдар «Мәңгілік сарын», «Күй керуен», Халықаралық «Астана арқауы» түркі музыкасы фестивальдарына күйшіні арнайы шақырады. Болат ағамыз сол фестивальдарда сахна саңлақтарымен иық тіресіп өнер көрсетіп, лауреат атанады. Қарашаңырақ консерватория күйшімен кездесу ұйымдастырып, шеберлік сағатын өткізуге мүмкіндік жасайды.

Күйші 2007 жылы «Аққыз» атты кітап құрастырған. Сол жинақтың «Менің әжем» деген тарауы Болат ағамыздың аққызтануға үлкен үлес қосқан зерттеушілердің бірі екенін айғақтайды. Арқа күйінің ірі тұлғаларының біріне арнап жинақ құрастырып, ол жинаққа ой саларлық тың деректер беруі – күйтанудағы үлкен олжа. Мысалы, Аққыз бен күйшінің әкесі Ахметбай жайында мынадай деректерді кездестіреміз: «Ахмет байдың байлығы туралы әртүрлі дерек бар. Кенже баласы Әбілқаптың айтуынша 22 мыңдай қой, 7 мың жылқы, 200 түйесі болған. Ал бір деректе тек 10 мың ақ қой (қара қойда есеп болмаған), 10 соқыр түйесі бар (санақта әрбір жүз түйеден соң бір түйенің көзін ағызып жіберіп отырған) делінген. Ахметбай ауылының малды ұстап бағуда өзіндік әдісі болған, әр үйге кемі 100-ден қой таратып беріп, тек өсімінің белгілі бір пайызы­н алып, басқасын еңбекақы, күн көрісіне қалдырған және сол ауылдағы қарапайым халық аздаған малын жаярға жер таппай, еріксіз барлық малдарын байдікі деп есепке кіргізіп отырған. Осындай мырзалығымен еліне, төңірегіне сыйлы болған...

...1928 жылы Балқаш, Ақтоғай, Шет аумағында тәркіленген атақты екі байдың бірі – Адамбай-Тұрсын болса, екіншісі – Ахметбай. Бәйбішесі Дәрия мен балалары Шұғайыпбек, Өмірбек, Мағұрыпбек, Сағадибекпен 1928 жылы Қостанайға жер ауып, еліне 1932 жылдың күзінде Балқаш көлінің жағасына оралып, келесі көктемде қайтыс болады. Аққыздың «Қайран елім», «Жетім қыз» күйлері осы кезеңде шыққан» дейді зерттеуші.

Бөкең берген деректен текті байлар елінің құты болғанын аңғарамыз. «Әр үйге кемі 100-ден қой таратып беріп, тек өсімінің белгілі бір пайызын алып, басқасын еңбекақы, күн көрісіне қалдырған» деген жолдар осы сөзімізге дәлел. Мыңды айдаған бай баласы, бұла боп өскен сұлу, келбетіне сүйсінген елі «Аққыз» атаған Мүгілсімдей өнер дарыған айтулы күйші, дүние төңкеріліп түскенде «Қайран елім» деп күй толғайды. Зұлмат тағдырмен бетпе-бет келген өнерпаз көрген нәубетті домбырада сарнатады. Қысқаша қайырсақ, Болат ағамыз күйшінің төңірегінде болған жандардың қоғамдағы бет-бейнесіне, сол дәуірдегі саяси жағдай мен күйшіге қатысты деректерге бойлаған. Ескі көздерден әңгіме сұраған. Мысалы, Аққыздың еріксіз ұзатылуының астарында саяси шешім тұрғаны, қазақы дәстүрмен өскен қыздың әке жарлығына қарсы келмеуі, күйшінің жат жұртқа аттанарда замандастарымен күй шертіп қоштасуы, қырағы ел жастарының жаңа шыққан күйді, соны туындыны жазбай тануы – Арқа жұртының мәдени әлемінің сұлу да сырлы көрінісі.

Осы күні Арқа күйін шертушілер азайып кетті. Шертпе күйдің отанында ескінің көзін көрген дәстүрлі күйшілерден Мұхаметжан Тілеухан мен Болат Тәкішев ағамыз ғана қалды. Қазіргі күні бұл кісі Қарағандыдағы Күйші­лер одағының төрағасы. Әңгімесінен Арқа күйінің болашағына алаңдайтынын аңғардық.

Ертеректе Бальзактың «Полковник Шабер» деген әңгімесін оқып едім. Сол туындыда ерлігінің арқасында полковник шеніне жеткен әрі тобықтан қан кешкен батыр өз шаңырағына кіре алмай, опасыздықтың не түрін көрсе де жан дүниесін таза сақтап қалғаны жайында баяндалады.

Әлбетте, Болат ағамыздың отбасы, туған туы­сы, өнерпаздар арасында беделі биік. Десе де Болат күйшінің қолында күй қалуының, саусағының басына қасиет, кие даруының бір себебі, жүрегін кірлетпегенінің белгісі болар. Аққыз күйші өзінің домбырасын Бөкеңнің қатар өскен досы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбековке аманаттапты. Аманатқа адал Нұрағаң 2024 жылы исі қазаққа сауын айтып, Аққыз күйшіге арнап жыр мүшәйрасын өткізіп, торқалы тойға ат қосқан ақындардың өлеңін жинақ қылып шығарды.

Өнер мен руханияттағы шертпе күй шежіресінің шумақталған бір сипаты осындай.

 

Қайрат АЙТБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025