Руханият • Кеше

Өңірде жүріп өндіре жазған

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл Оңтүстік өңірінің халқы тарихшы, аудармашы, жазушы Дулат Тұрантегінің 90 жылдық мерей­тойын кең көлемде атап өтті. Мерекелік іс-шара көзі тірісінде негізін қалап, он үш жыл алғашқы директоры болған Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану мұражайында арнайы мүйістің ашылуымен басталды. Мәдениет үйінде Дулат Тұрантегінің қайраткерлік және шығармашылық еңбегіне арналған кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, Дулат ағаның көзін көрген, қызметтес болған азаматтар мен шәкірттері ұзақ жыл үйінде жинаған мол кітап қорын аудандық орталықтандырылған кітапханаға алдырып, «Дулат Тұрантегі атындағы оқу залын» ашу, өмірінің соңында жазып кеткен Созақ өңірінің тарихи энциклопедиясын ауданның 100 жылдығы қарсаңында жарыққа шығару мәселесін орынды көтерді.

Өңірде жүріп өндіре жазған

...Атқарып жүрген шаруасы мен елмен араласу үлгісіне қарап кейінгілер бой түзеген ағалардың бірі – Созақта туып-өсіп, бар ғұмырын ауыл­да өткізген, әлемдік білім құнарын бойына жиған, белсенді өмір салтын ұстанған сирек талант иесі Дулат Тұрантегі еді. Студент кезімізде Алматыда Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменовтерге жолыққанда олар ауылдың амандығын сұрап, әуелі Дулат Тұрантегінің есімін ауызға алатын. Оқыған-тоқығаны көп, кез келген тақырыпта ойын жүйелеп жеткізе алатын, білімді азаматты еске алуы — оның қабілет-қарымы мен ойшылдығын бағалағаны деп түсінетінбіз. Ол ағаларымыз жыл аралатып Созаққа жолы түскенде де Дулат ағаға сәлем беріп, әңгіме-дүкен құрғанды ұнататын. Бұл кезде Дулат Тұрантегі аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқаратын. Асқар Сүлейменов кабинетінде отырып, қағаздан бас көтермейтін жолдасына: «Мына қаржымыңмен нар түйенің жүгін көтеріп жүріп, бұл шаруаның ұштығына шығар ма екенсің?» деген екен. Сол кезеңнің саясатын күйттеп, міндетін атқармауға шарасы жоқ, жоғары жаққа партия комитетінің бар қағазын сауатты жазып, жөнелтуді жүктеп қойған. Сол кезде сарылып қағаз жазудан қолы босамайтын оның жай-күйіне жанашырлық танытқан Асекеңнің ойын енді түсінгендейміз. Партиялық қызметте жүріп те әлемдік өркениет жаңалығынан тысқары қалмады, мәдениет пен әдебиеттегі, ғылым мен тарихтағы, озық ой, ағымдарды Мәскеу мен Алматыдан шығатын газет-журналдардан, кітаптардан оқып, уақыт көшіне ілесуге ұмты­лып бақты. Созақтың кешегісі мен бүгінінен хабары мол Дукеңді ауданға келген журналист пен ғалым, көкірегі ояу жанның бәрі тауып алатын. Партия тараған кезде Дулат Тұрантегі аудандағы Сұлтанбек Қожанұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайын ашуға кірісіп, құнды жәдігерлермен қамтуға күш салды, алғашқы директоры болды. Созақтың көне тарихына қатысты құнды деректерді жинақтап, ғылыми ізге түсіріп берді. Осы елдің өткені мен бүгіні, келешегі туралы сөз қозғалған алқалы жиындарда Дүкеңнің ойы көптің көңілінен шығып жататын. Аудан басшылары озық ойлы азаматпен кеңесіп, ақыл-ойын қаперге алатын. «Шіркін-ай, Дулат ағамыз да кешегі Асқар мен Төлеген достарымен бірге Алматыға кетіп қалғанда қазақ әдебиеті көшінің белортасынан лайықты орнын алған болар еді-ау!» деген ой қылаң беретін. Үздіксіз оқып-тоқып, қазақтың өңшең ығай мен сығайы бас қосқан зиялы ортада, бәсеке қызған жерде көркем ой шыңының биігіне құлаш ұрар ма еді?

Орта мектепті ауылда бітіріп, Алма­ты­дағы мемлекеттік Абай атын­дағы педа­гоги­калық институттың тіл-әдебиет факультетіне оқуға түсті. Ауданының «Жуантөбе», «Шолаққоған» орта мектеп­те­рінде мұғалім болып еңбек жолын бас­тап, комсомол қызметіне кірісті. Бөлім меңгерушісі, бірінші хатшы болды. 1962–1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. Ізденуші ретінде философиядан кандидаттық емтихан тапсырды. Тұрмыс жағдайына байланысты елге оралып, 1964–1994 жылдары әкімшілік қызметін шиыр­лады. Шығармашылық жұмыс­пен студенттік кезден айналысты. Алғашқы өлеңдері 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1956–1958 жылдары «Жұлдыз» журналында жарияланды. Әлемнің классик ақындары Гете, Шиллер, Гейне, Гюго, Петефи, Тагор, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Фет, Тютчев, Есенин, Блок, Пастернак, Мандельштамм, Ғамзатов, Вознесенский, Рождественский, Высоцкийлердің үздік өлеңдерін аудар­ды. Көптеген тәржіма өлеңдері «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрді.

Көркем шығармаға жауапкерші­лікпен қарады. Баспалар мен газет-журналдарға жазғандарын орынды-орынсыз тықпалай бермеді. Созақтан шыққан Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Керімбек Сыздықов, Рахманқұл Бердібай тәрізді айтулы қаламгерлермен әдебиет пен өнер туралы пікір алысып, сұхбат­тас­қанының пайдасы болар, әр жылдары «Сыншы, ғалым Рахманқұл Бердібай», «Асқар әлемі», «Сыншы Төлеген Тоқбер­ге­нов» атты әдеби портрет кітап­тарын жазды.

Алғашқы жыр жинағы 1994 жылы «Көкейтесті» деген атпен жарық көрді. Ақын өлеңдерінің бей­нелі, өрнекті болғанына мән береді. Табиғаттың көркем суреті­мен шектеліп қалмай, сол сұлу көріністі адамның жан дүниесімен қабыстырып, философиялық ой түйетін. Ақын өлең жазуды бейнелі ойлау деп түсініп, әрдайым осы көркемдік кредосынан айнымайды. «Бесін ауып барады» өлеңдер жинағы Дүкеңнің поэзия әлеміндегі өзіндік үні мен қолтаңбасын көрсетіп берді.

Автордың қалам қуаты тарихи тақы­рып­қа құлаш ұрудан бай­қалды. Ұзақ жылдық ізденісінің жемісі ретінде 1996 жылы «Баба Түкті Шашты Әзіз», келесі жылы «Шоғырдағы жарық жұлдыз» (мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы туралы), «Қайран қарттарым» (поэма) кітаптары өмірге келді. «Жандауыс» (поэмалар жинағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналды), 1998 жылы «Тарихи тұғыр» (Созақ ауданының тарихы), 1999 жылы «Ысқақ баб» (исламның қазақ даласына келу тарихын зерттеу очерктері), 2003 жылы «Көне де жаңа Созақ» (публицистикалық альбом), 2005 жылы «Біз жауынгерлік парызды өтедік», 2006 жылы «Тарихтың таң шапағы» (Баба Түкті Шашты Әзіз туралы), 2008 жылы «Тарихы терең» — Созақ ауданының тарихы, 2009 жылы «Бақ жұлдызы жоғары» эссе-роман кітаптарын шығарды. Көркем әдебиет сынымен де айналысып, эссе-сын кітаптар жазып, мерзімді баспасөз бетінде «Егер мен сыншы болсам» және «Талғам таразысы» атты мақалалар жазды.

Шығармалары туралы әр жылдары танымал сыншы-ғалымдар – Р.Бердібай, Н.Ғабдуллин, Т.Кәкішевтер баға беріп, К.Сыздықов, З.Серікқалиев, Т.Тоқбергеновтер жазған кітаптарына алғысөз жазып, жағымды пікір білдірді. Профессор Н.Ғабдуллин «Сыншы, ғалым Рахманқұл Бердібай» атты әдеби портрет кітабына жазған алғысөзінде: «Бұл еңбегі Дулат Тұрантегін тағы бір қырынан танытқандай. Ол бұл туындысында маман зерттеуші атқаратын іске қол артқан. Бұл еңбекте тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасынан хабары мол, талғамы биік зерделі оқырманның адал лебізі деп қараған абзал», деген ғылыми баға береді. «Дала бүркіті, қоңыр ұл», күйші Сүгір туралы «Күйші-Қызыр», «Атабай сақы», өзге де поэмалары енген «Жандауыс» поэтикалық жинағына белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев: «Дулат Тұрантегі — Созақ өңірінде жастайы­нан жауапты қызметтерге белсене араласып, өз парызын абыроймен атқарып келе жатқан, өмірдің өзінен оқып, әрлі-берлі рухани асыл қазыналарды өз бетінше іздене жүріп білімін байытқан зиялы азаматтардың бірі. Тағдырдың өзіне берген сыйы – Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов сияқты күні кешеге дейін тіршілік қызығын бірге бөліскен аяулы арыстардың жүрегімен, жанымен баяғыда-ақ Дулаттың тұла бойында тұнған көмбенің ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір ашылатынын, күн көзіне көрінетінін сезгенмін. Алысқа шабар сәйгүліктің сырын сақтар сәтінің де шегі болады. Тума талант қауызын жарды» («Жас Алаш» газеті, 3 наурыз, 1993 жыл).

Оның қаламынан туған «Ит терісі», «Тарғыл тастардың көз жасы», өзге де бір актілі драмалық шығармалар бар. Тарихи драмаларына әйгілі Созақ көтерілісі, саяси қуғын-сүргін зобалаңындағы оқиғалар арқау болған. Олардың біразы жергілікті халық театрында сахналанды. Бұрынғы Калинин атындағы кеңшар мәдениет үйінде өнерпаздарды жиып, пьесасын сахнаға шығарған кезі де есте. Қойылымның драматургиясын өзі жазып, режиссері де өзі болып, рөлдерге лайық жандарды таңдап, әуре-сарсаңға түсіп жүріп, сахналаған пъесасы діттеген жерден шықты ма, шықпады ма, сол кезде Дулат ағаның өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан екеніне көзіміз жеткен еді. Қаламгер ағамыз жасының ұлғаюына қарамастан өнімді еңбек етіп, аса өзекті, қоғамдағы зәру тақырыптарға қалам тербеп, әдеби сын, публицис­тикалық мақалалар жазды. Созақ көтерілісі туралы деректі хикаят­тарын «Жұлдыз», «Ақиқат», «Қазығұрт», «Әлем әдебиеті» журналдарынан кезіктіруге болады. Көп жылдық зерттеу еңбегінің нәтижесі сияқты «Созақ» атты көлемді тарихи-танымдық еңбегін бітірді. Соңғы кезде ауылға телефон шалып, Дүкеңді іздегенде Ресей жаққа сапарлап кеткенін білдім. «Сексеннің сеңгіріндегі ауыл қариясы шалғай елге не үшін барды екен?» деген де ой келген. Ұзақ сапарлап, мұрағаттарда сарылып отыратын дағдысымен жүріп-тұруға жарайтын кезде Омбыдағы қазақтарды іздеп барады. «Омбыда жақындарыңыз бар ма еді?» деген сауалымызға: «Шет елде тұратынның бәрі менің жақыным, бауырларым!», деп жауап берді. Омбыдағы Қазақстан консульдігінен бастап, қазақ мәдени орталығында, Шоқан Уәлиханов көшесіндегі тарихи тұлғаның еңселі ескерткішіне, жас кезінде оқыған Кадет корпусында, «Шоқан жолы» қоғамдық ұйымында, «Zamandas» газетінің редакциясында болғанын, Алаш ардақтылары туралы тың деректер тапқанын қызықты етіп әңгімелегенде жасының ұлғайғанына, ұзақ жол азабын тартып, зейнетақысын шығындап, Ресейдегі қандастарымызбен жүздесіп, Омбы қазақтарының ертедегі тарихына қатысты құнды деректер тауып, рухани азық алып қайтқан еді. Осы Ресей сапары туралы жазбалары «Жұлдыз» журналының екі нөмірінде жарық көрді.

Кейінгі кезде Д.Тұрантегінің «Ой кешу» атты публицистикалық, әдебиет сынының өзекті мәселелеріне арналған мақалалар жинағы, әлем ақындарының озық өлең үлгілерінен аудармалар «Антологиясы», соңғы жылдары жазған өлеңдері, туған өлкенің жеті қат жер астындағы қазба байлығын өндірудің жай-күйін зерттеген «Құт дарыған өлке» қолжазбасы қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылып, жарыққа шығарар демеушісін күтіп тұрған жайы бар. Автордың осы кезге дейін 21 кітабы жарық көрген екен. «Егемен Қазақстан» газеті сыйлығының, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының, Президент Алғыс­ха­тының, 8 медальдың иегері. Созақ ауданының құрметті азаматы. Дулат Тұрантегінің есімі білікті қаламгер, өрісті өлкетанушы ретінде ұмытылмақ емес.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі