Шаруашылық • Бүгін, 09:35

Мал өнімін дайындауға басымдық берілсе...

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шалғай елді мекендерден қалаға дейін жететін азық-түлік пен мал шикізаттары өнімін дайындау мекемелерін қалыптастыру – ауыл тіршілігін заманға сай қайта құру деген сөз. Үкімет осы міндетті ойдағыдай шешсе, ішкі миграцияны реттеу, шекаралық өңірлердің босап қалуын тоқтату және еліміздің ұлттық ерекшеліктері мен жер ресурстарын пайдалану жайын ескере отырып, агроиндустрияны қалыптастырудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болады.

Мал өнімін дайындауға басымдық берілсе...

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Үкімет отыз жыл бойы осы мә­селені шеше алмай келді. Оның объективті себеп­тері де болды. Бұрынғы кеңшар жү­йесі бұзылғаннан кейін өңдеу кә­сіп­орындарының жұмысы тоқы­рады. Жол жағдайы нашарлап, ауыл­­дармен қатынас қиындады. Жан-жақтан қаулаған тапшылық, әлеу­­меттік-эко­номикалық, инфра­құры­лымдық проблема етектен тартты.

Енді осы мәселені реттеудің алғы­шарттары қалыптаса бастады. Мал ша­руашылығында жекеменшік түбе­гейлі қалыптасты. Кемінде үйір­леп жылқы ұстайтын, жүздеп сиыр мен қой бағатын фермерлер пайда болды. Қазір төрт түлік малдың 45 па­йызы солардың қолында.

Сол секілді малдың қалған 45 па­йы­­зына иелік етіп, ауылдарда тығыз шо­ғырланып отырған үй шаруа­шы­лықтарының иелері де тұрақты жүйе­мен жұмыс істейтін дайындау меке­мелеріне ет тапсыруға аса ынталы. Осындай жүйенің жоқтығы фер­мерлермен қатар халықтың осы тобының арқасына аяздай батуда. Елімізде 2 миллионға жуық үй шаруа­шылығы бар десек, бұл – 6-7 млн ауыл тұрғынының ортақ проблемасы.

Бұл мәселені шешуге алғышарттар бар. Мал басы жеткілікті. 2024 жылы ірі қара 8,3 млн, қой-ешкі – 20,9 млн, жылқы 4,1 млн басқа жетті.

Өсім бар. 2025 жылдың қаңтарында мал шаруашылығы жалпы өнімінің индексі 104,1% болып, өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетті.

Экспорттауға мүмкіндік мол. Сиыр етіне сыртқы нарықта сұраныс артып келеді. Биыл алғашқы жарты­жылдықта экспорт көлемі 16,1 мың тоннаға жетіп, 2,4 есеге өсті.

Игерілмей бос жатқан жайылым­дықтар мен шабындықтар алынып, мал ұстап отырған адамдарға тапсырыла бастады.

Мемлекет басшысы агросекторды жаңғырту міндетін қойып, 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімін екі есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ мал өсірушілерге, мал тұқымын асылдандырушыларға, бірігіп тірлік құруға бейімделе бастаған кооперативтерге арзан несие мен субсидия, салық жеңілдігін беру қарастырылған. Ауылдармен жол, көлік қатынасы жылдан-жылға жақсарып келеді.

Үкімет 2024–2028 жылдарға арнал­ған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жоспарын бекітті. Бұл жоспар өңдеу инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған.

Демек, енді жоғарыда айтқан жүйені қалыптастыру мәселесі пісіп-жетілді деп есептейміз. Ветерина­риялық-санитарлық талаптарды қатаң сақтау, жануарларды сою, шикі­затты сақтау және қайта өңдеу объектілеріне қойылатын талаптар заңмен бекітілген. Енді мал өнімдерін дайындаудың өндірістік инфрақұрылымын қалыптастырып, дамыту қажет. Мал сою пункттері, ет комбинаттары, сүт өңдеу зауыттары сияқты объектілерді ауылдық аумақтарға жақын орналастыру – шикізатты жоғалтпай, сапасын сақтап жеткізуге мүмкіндік береді.

Жүйені жолға қоюдың кезеңдеріне тоқталсақ.

Құқықтық база. «Ветеринария туралы» заңға сәйкес барлық өндіріс объектілері санитарлық нормаларға сай болуға тиіс. Шикізат дайындау кезінде малдың шығу тегі, денсаулық жағдайы және ветеринарлық құжат­тары міндетті түрде тіркелуге тиіс.

Технологиялық шешімдер. Мал өнімдерін өндіру технологиясы бо­йынша жекелеген оқу орындары­ның мамандарды даярлау бағдарлама­лары бар. Бұл мамандар жаңа әдістерді енгі­зіп, өндірістің тиімділігін арттырады.

Логистика және нарық. Өңірлік кооперативтер құру арқылы фер­мер­лердің өнімін жинақтап, бір ор­талықтан өңдеу және өткізу жүйесін қалыптастыру. Ішкі нарықпен қатар экспорттық бағыттарға (Қытай, Ресей, Таяу Шығыс) шығу үшін халықаралық стандарттарға сәйкестік қажет.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда мал шикізаты мен өнімдерін дайын­дау жүйесін жолға қою үшін заңна­малық талаптарды орындау, өңдеу инфрақұрылымын дамыту, мамандарды даярлау және логистикалық тізбекті жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, ауылдық аймақтардың эконо­микалық дамуына серпін береді.

Мал шикізаты мен өнімдерін дайын­дау мен жеткізу схемасы төмен­дегідей болғаны жөн.

Ауылдағы дайындау пункттері. Мұндағы сою пункті малды сани­та­рия­лық талапқа сай сояды. Сүт қа­был­дау бекеті фермерлерден сүтті жинап, салқындатқышта сақтайды. Тері қой­масы теріні тұздап, консерві­леп сақтауды жүргізеді. Барлық өнім аудан аумағындағы кооперативке өткізіледі.

Кооперативтік орталық ауылдардан өнімді жинайды. Тоңазытқыш қоймалары мен алғашқы өңдеу цехтары өнімді май мен кілегейге айналдыра алады. Оларды бір брендпен (мысалы, «Зайсан еті», «Катон сүті») қораптап белгілейді. Сонан кейін тоңазытқышы бар рефрижератор көлігімен ауылдан қала халқына немесе ет комбинаттарына, тері фабрикаларына жеткізеді.

Жеткізу жиілігі. Сүт – күнделікті немесе күнара. Ет – аптасына 2–3 рет. Тері – айына 1–2 рет.

Қаладағы өткізу жүйесінде әр ауданың фермерлік дүкендері болады. Сондай-ақ қалалар әкімдіктерімен бірлесе отырып, апта сайын ауыл өнімдері сатылатын алаңдар және жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Мұның сыртында қала тұрғында­ры «WhatsApp», «Telegram» арқылы аудан кооперативтеріне алдын ала тапсырыс береді.

Осындай жолмен ауылдан қалаға дейінгі мал өнімдерін дайындап жеткізудің делдалдан тыс өркениетті тізбегі қалыптасып, бұл тізбек ветери­нарлық талаптарға толық жауап бере алады. Көп ұзамай аудандар арасында қала халқын ет, сүт, кілегей, май, сүзбе өнімдерімен қамтудың өзара бәсекесі пайда болады.

Осы арада айта кететін бір мәселе, халықты қаншама жыл сансыратқан «делдалдар» дегеніміз – шын мәнінде хаостық жағдайда пайда бола кеткен дайындаушылар. Стихиялы түрде қалыптасқан осы бір әлеуметтік топты да жаңа жүйеге тарту (мәселен, өз еріктерімен ауылдардан қабылдау пункттерін ашқызу немесе аудандық кооператив қызметіне кіргізу) арқылы олардың қызметін бұдан былайғы уақыттары толық бақылауда ұстауға болады.

Енді осы жүйені толық қалып­тас­тыру үшін әр ауданға 300 млн тең­ге қаржы қажет болады десек, бүкіл елі­міз бойынша 51 млрд теңге қаржы керек екен. Мемлекет үшін бұл соншама үлкен қаражат емес. Немесе оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы шешуге болады. Мұндай жағдайда мемлекет шығыны көп азаяды.

Біздің ойымызша, мұның ең тиімді жолы – отандық олигархтарымыздың шетелдерге шығарған қаражатын тар­ту. Осыған орай «Олигарх капиталын ауыл шаруашылығына тарту» атты жоба да әзірлеуге болады. Бұл құжат мемлекет пен ірі капитал иеле­рінің арасындағы ерікті келісімге негіз­де­ліп, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталады.

Мемлекет үшін тиімділік – қар­жы көзі дайын, сыртқа кеткен мил­лиардтаған қаржы ел ішінде нақты инфрақұрылымға жұмсалады. Ауылда жұмыс орындары ашылады, халықтың табысы артады. Азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп, ішкі нарық тұрақты өніммен қамтамасыз етіледі.

Инвестор (олигарх) үшін тиімділік – шетелдегі қаржысы ел ішінде заңды түрде капиталданып, бизнеске айналады. Тұрақты табысқа жол
ашылады.

Қорыта айтқанда, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін дайындау желі­сін заманға сай қалыптастыру деге­німіз – терең әлеуметтік мәні бар эконо­микалық мәселе. Жобаны депутаттар, сарапшылар және мамандардың қатысуымен ақылдаса отырып, тиімді бизнес түрінде құруға болады. Мұндай жағдайда оның болашағы жарқын, өміршең болады деген сенімдеміз.

 

Ұлықбек ТҰМАШИНОВ,

Мәжіліс депутаты 

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50