Экономика • Кеше

Инвестициялық жобаларды еселеген өңір

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жетісу облысы 2023–2024 жылдары жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімі жөнінен өзге өңірлерден үздік шықты. Былтырғы қорытындыда өнім көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, 14,8%-ға ұлғайды. Биылғы жылдың соңында жалпы өңірлік өнім 2,7 трлн теңгеге жетпекші. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Бейбіт Исабаев аймақтың ахуалын жан-жақты баяндады.

Инвестициялық жобаларды еселеген өңір

Құрылғанына үш жылдан асқан Жетісу облысында биыл­ғы он айдың қорытындысын сара­лағанда барлық салада тұ­рақ­ты өсім байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023–2024 жылдары 894 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі – 71,3% (637 млрд теңге). Жыл басынан бері облыс экономикасына 17,5% өсіммен 397 млрд теңге инвестиция тартылған. Өңір басшысының айтуынша, кейінгі үш жылда құны 87,5 млрд теңге болатын 27 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 7 кәсіпорын кеңейтілді. Олардың қатарында «Қайнар АКБ» зауытының қуатын жылына 100 мың өнеркәсіптік аккумулятор шығаратын қуаттылыққа жеткізу арқылы жаңартылуы, жылдық қуаты 210 мың өндіріс­тік стацинарлық аккумулятор шығаратын «ASMA Industrial» жаңа зауыты, Алакөл, Сарқан аудандарында салынған әрқай­сысы 50 МВт қуаттылыққа ие екі жел электр стансасы бар. Облыста жалпы қуаты 251 МВт болатын 18 жаңартылған энергетика нысаны жұмыс істейді.

Брифингте Бейбіт Өксікбай­ұлы үш жылда өңірде 108,5 мың жұмыс орны құрылып, оның ішінде 70 мыңнан астам адам тұ­рақты жұмысқа орналасқанын атап өтті. Нәтижесінде, жұмыс­сыз­дық деңгейі 4,7%-ға төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар екі есеге азайған. Орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 331 мың теңгеге, жан басына шақ­қан­­дағы орташа табыс 19%-ға ұлғайып, 172 мың теңгеге жеткен.

Жер жәннатына баланатын өңірдің жазиралы белдері мен аққу-қазы қалқыған айдын көлдері туризмді дамытуға сұранып тұр. Облыс құрылғалы бұл салада 64 жаңа нысан пайда­лануға берілді. Биыл облыста жаңадан Туризм басқармасы құрылып, 5 ауданда бөлімдер ашылды. Алакөл, Балқаш көлде­рі­нің жағалауын күтіп ұстау мақ­сатында екі коммуналдық мекеме құрылды. Туризмді әрі қарай дамытуға бағытталған арнайы жоспар әзірленді.

– Жыл сайын өңірге 2 миллионнан астам турист келеді. Олардың келіп-кетуіне, алаңсыз демалуына қолайлы жағдай жасау – басты міндеттің бірі. Айталық, Алакөл, Балқаш көлдеріне көліктік қол­же­тімділік жақсарды. Биыл жаңа «Ақши – Бескөл» электр желі­сі мен қосалқы стансасы іске қосыл­ды. Жағалауды нығайту бөгет­терінің, сонымен қатар кәріз та­зарту құрылғысының құ­ры­лы­сы жүргізіліп жатыр. Балқаш кө­лінің жағалауына дейін жол, сумен жабдықтау, су бұру, электр желілері жеткізілді. Көл жағалауында 6 коммуналдық жағажай болады, оның үшеуінде құрылыс басталды. Алда аумақ­ты абаттандырып, жеке инвесторларды тартып, демалыс аймақ­тарын салу міндеті тұр. Сондай-ақ Лепсі стансасында жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталып, келер жылы қолданысқа беріледі, – деді облыс әкімі.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парк аумақтарында визит-орталықтар ашылған. Жасылкөл көлі мен Шоқан Уәлиханов мемориалдық мұ­ра­жайына апаратын жолдар жөн­делді. «Бұрқанбұлақ» сарқы­ра­масы жолының құры­лысы да басталды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде кейінгі екі жылда 29 саябақ салынып, жаңғыртылып, 250 мыңдай ағаш көшеті егілді. 2 орталық алаң, бірнеше спорт алаңы салынып, жаңғыртылды. Облыс көлемінде елді мекендер аумағында 249,9 мың ағаш отыр­ғызылып, орман қоры 27,4 млн түп ағашқа ұлғайды. Сон­дай-ақ бағ­дарлама аясында 111 көп­қабатты тұрғын үйдің шатыры мен 43 үйдің қасбеті жөнделіп, арық желілері қалпына келтірілді, көше жарығы шамдары орнатылды. Газ тарту да қарқынды жүргізіліп, жыл соңына дейін 72%-ға орындалмақшы.

– Облыс құрылғанға дейін тек 5 елді мекенге ғана газ бар­ған еді. Жыл соңына дейін газ құ­быры тартылған елді мекендер саны 126-ға жетеді. Биыл «Тал­ды­қорған – Үшарал» магис­тралды газ құбырының құры­лысы аяқталды. Ақсу, Сар­қан, Алакөл аудандарының шама­мен 152 мыңнан астам ада­мы бар 84 елді мекенін таби­ғи газбен қамтамасыз етуге арнал­ған жобалық-сметалық құжат­тамалар әзірленіп жатыр. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2028 жылы облыс­та 210 елді мекен газдандырылып, 652 мыңнан астам тұр­ғын, халықтың 92,8%-ы газға қосылуға мүмкіндік алады деп жоспарлап отырмыз. Облыста газға деген қажет­тілік артып келе жатқандықтан, жеке инвестициялар есебінен «Алматы – Талдықорған» екінші ма­гистралды газ құбырының жоба­лық-сметалық құжаттамасы да әзір­леніп жатыр», – деді Б.Исабаев.

Жетісу облысында орталық су жүйесімен қамту 99,9%-ға жетіп, 2023–2024 жылдары орта­лықтандырылған сумен жабдық­тауға 4 ауыл – Алакөл ауданының Бибақан, Тоқжайлау ауылдары, Қа­ратал ауданының Бесағаш, Бірлік ауылдары қосылды. 494 ша­қы­рым су құбыры желіле­рін қайта жаңартудың нәтиже­сінде об­лыстың 25 елді меке­нін­де ауыз­судың сапасы жақсар­ды. Биыл тағы 4 елді мекен ор­талықтандырылған сумен қам­­тамасыз етілді. Жалпы, 61 шақы­рым сумен жаб­дық­тау желілері салынып, қайта жаңар­тылды, соның нәтижесінде 329 елді мекен орталықтандырылған суды тұтынып отыр.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатын өңдеу үлесі 2023 жылмен салыстырған­да 49%-дан 68%-ға өсті. Қайта өң­делген өнімнің үлесін 80%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

– Үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты 2023 жылы толық модернизациядан өтіп, қайта іске қосылды. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін «Жетісу Мажико Агрокешені» (100 мың тонна), Көксу қант (тәулігіне 1,7 мың тоннадан 2,2 мың тоннаға дейін өндіреді), Жаркент крахмал-сірне (жылына 150 мың тоннадан 220 мың тоннаға дейін өнім өндіреді) зауыттарының қуаттары ұлғайтылды. Сонымен қатар облыста жыл сайын 100 мың тоннадан астам сүт, 1,5 мың тоннаға дейін балық өңделеді. Қант қызылшасының егіс алаңы 3 есе артып, 2022 жылғы 4,2 мың гектардан 2025 жылы 12,2 мың гектарға жетті. Биыл 490 мың тонна тәтті түбір жиналып, екі қант зауыты 87 мың тонна қант өндіруді көздеп отыр. Оның 60 мың тоннасы қызылшадан, 27 мың тоннасы қамыстан өңделеді. 2028 жылы «Уыз Май Industry» зауыты соямен қатар күнбағыс пен рапсты өңдеу арқылы қуаттылығын 65 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде қайта өңделетін өнімнің үлесі 68%-дан 80%-ға дейін жеткізілетін болады. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін ұлғайтып, ішкі нарықты қамту­мен қатар, экспортқа бағыттауға басымдық беріледі, – деді облыс басшысы.

Ирригациялық желілерді қалпына келтіруде 37,7 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылып жатыр. Былтыр 5 нысанның жұмысы аяқталып, 4,8 мың га суармалы жер айналымға енді. Келесі жылдың соңында қалған 6 жоба аяқталса, айналымға 3,2 мың га жаңа суармалы алқапты енгізіп, 23,2 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр. Облыста 1,3 млн га тұрақты пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. 712 мың га жер қайта айналымға енгізілді, 603 мың га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің шикізатын өңдеу үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 49%-дан 68%-ға дейін өскен. Өңір басшысы Ақсу қант зауыты толық модернизациядан өтіп, қайта іске қосылғанын, майлы дақылдарды қайта өңдейтін «Агрокешен Жетісу Мажико», «Көксу қант», «Жаркент крахмал-сірне» зауыттарының өнім өндіру қуаты артқанын атап өтті.

– 2023–2025 жылдары 1 млн шаршы метр тұрғын үй, 13 498 пәтер пайдалануға берілді, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 6 689 пәтер салынды. Апатты 388 тұрғын үйдің мәселесі шешіліп, халықтың әлеуметтік осал топтарына 2 362 пәтер кілті табысталды. Облыста тұрғын үй кезегінде 43,1 мың адам бар, 13,2 мың азамат әлеуметтік осал топ санатында кезекте тұр. Үш жылда әлеуметтік нысандарды жаңартудың деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетіп, 276 нысан жөнделді. Білім саласында 19 жаңа нысан салынып, 22 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде, бейімделген мектептер саны 69-дан 38-ге қысқарды. Бізде апатты жағдайдағы, үшауысымды мектеп жоқ. Денсаулық сақтау саласында 149 жаңа нысан қолданысқа берілді. Сондай-ақ 13 нысанға күрделі жөндеу жжүргізілді. 39 спорттық, 34 мәдениет нысандары жаңартылып, пайдалануға берілді, – деді облыс әкімі.

Баяндамасынан кейін журналистер өңір басшысына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сауалдарын қойды. Өз тарапымыздан Ақсу ауданындағы орталық аурухананы жөндеу неліктен ұзаққа созылғанын сұрадық.

– Жалпы, қаражаты межелі мерзімінде бөлінген, дегенмен мердігер компанияның жауап­сыздығы салдарынан құры­лысы созылып кеткені рас. Келісім­шартты сот арқылы бұзуға шешім қабылдадық, енді жұмысты басқа компания жалғастырады. Келесі жылдың мамыр айында жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды міндеттедік», деп жауап берді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025