– Садақ ату өнерімен қашаннан бері айналысасыз? Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме?
– Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылы өткен жазғы Олимпиада ойындары комментаторларынан садақ ату спортымен кез келген жас мөлшеріндегі адамның айналысуына болатынын естідім. Келесі күні-ақ Астанада садақ атумен айналысатын орын іздеп таптым. Бірақ жаз маусымында жұмыс істемейді екен, сондықтан қазан айынан бастап барып, классикалық садақ атумен айналыса бастадым. Ол кезде аптасына бір-екі рет, кейде бір рет қана уақыт тауып, хобби ретінде шұғылданатынмын.
Есімде. 2019 жылдың желтоқсан айы еді. Жарысқа спортшы ретінде емес, көмекші ретінде бардым. Классикалық садақ атудағы жарыс ережелерін, ұпай санау жүйесін білетіндіктен ұйымдастырушыларға көмектестім.
Сол жарыста ұлттық киім киген, қазақтың дәстүрлі садағын ұстаған спортшыларды көріп, қатты әсерлендім. «Бұл спортпен неге айналыспаймын?» деп ойладым. Сұрастыра келе, Қазақстанда дәстүрлі садақ ату ұлттық ойын деңгейінде ғана дамып жатқанын білдім.
Сол жылы құрылған Федерацияға волонтер ретінде көмектесе бастадым. Сөйтіп жүріп, дәстүрлі садақ атуға біржола көшіп, жаттыға бастадым.
Федерация басшысы Диас Ахметовпен бірге жарыстарды ұйымдастыруға атсалысып, бірнеше жыл ішінде осы спорт түрін ресми түрде тіркеуге үлес қостық. Нәтижесінде, 2022 жылдың шілде айында дәстүрлі садақ ату Қазақстанда ресми ұлттық спорт түрі болып бекітілді. Қазіргі уақытта елімізде чемпионаттар мен кубоктер, тіпті Азия және әлем чемпионаттары өткізіліп тұратыны мәлім.
– Есіңізде ерекше қалған жарыс туралы айтып берсеңіз.
– Ең есімде қалғаны – 2021 жылы Қырғызстандағы алғашқы халықаралық жарысымыз. Ол пандемиядан кейінгі кезең еді. Біз командалық есепте екінші орын алдық. 2022 жылы IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Қазақстаннан алғаш рет үздік 16 спортшы қатарына кірдік. Сол жарыста Қасымхан Қанат күміс жүлде иеленді.
Сол жылы Жаңаөзен қаласында республикалық алғашқы ресми чемпионат өтті. Үш түрлі нысанада – қазақ, түрік, қырғыз нысанасында бақ сынадық. Мен қазақ нысанасында чемпион атандым, ал қалған екі нысанада қола жүлде алдым. Бұл жарыс мен үшін ерекше. Өйткені алғашқы ресми чемпионатта өзіме қойған мақсатымды орындадым, қазақ нысанасында қазақ спортшысы жеңіске жету керек және ол спортшы мен болуым тиіс деген ой-арманымды жүзеге асырдым.
– Күнделікті жаттығуларыңызды қандай нысандарда өткізіп жүрсіздер?
– Бұрын қыс мезгілінде тек «Алатау» спорт кешенінде жаттығатынбыз. Жаз айларында Триатлон паркінде, қаланың сыртындағы алаңдарда, мүмкіндік қайда болса, сол жерде жаттығып жүрдік.
Былтырдан бері бізге Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өткен алаңда жаттығу мүмкіндігі берілді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы ашық аспан астындағы кәсіби жабдықталған жаттығу алаңы.
Мұндай алаңды Ыстамбұлда әлем кубогінде көрген едік. Әкімдікке фотосуреттерін көрсеткен соң, дәл сондай стандартпен жасап берді. Бұл – әкімдік, министрлік және Ұлттық және ат спорт түрлері дирекциясының зор қолдауының нәтижесі. Соның арқасында, оқу-жаттығу жиындарын талай рет өткізіп, әсіресе әлемдік жарыстар басталар алдында дайындық деңгейімізді бірнеше есе арттырдық.
– Садақ ату спортында дене шынықтыру мен психологиялық дайындықтың қайсысы маңыздырақ?
– Екеуі де бірдей маңызды әрі тепе-тең деңгейде болуы керек. Себебі біздің спорт түрі жекелей жарыстарға негізделген. Бұл жерде физикалық дайындық қана емес, психологиялық-эмоционалдық тұрақтылық та аса маңызды.
Көрермендердің, қарсыластың командасының және бапкерлерінің эмоциясы мен айтқандарына берілмеу қажет, яғни, өзіңнің эмоцияңа ерік бермеу керек. Мұндай тұрақтылық тек жарыс үстінде емес, ең алдымен жаттығу барысында қалыптасады.
Жаттығу бойынша шамамен 70-80% уақыт физикалық дайындыққа, 20-30% психологиялық тұрақтылыққа бөлінеді. Ал жарыс кезінде керісінше – дайындықтың 70-80%-ы эмоционалдық тұрақтылыққа бағытталады. Ал физикалық қимылдар – қалай көздейсің-атасың, садақты қалай тартып, жебені қалай жібересің – бәрі автоматтанған деңгейде болуы тиіс.
– Жарыс басталар алдында толқу мен қысымды қалай жеңесіз?
– Жарыстың өзіне тән эмоционалды атмосферасы бар. Толқу мен қысым міндетті түрде болады. Мұны жеңу үшін әуелі өз ойыңды жинақтап, өз мақсатыңа ғана көңіл бөлу керек. Мысалы, онға дейін санау, дәл қазір не істеп жатқанынды ойлау, «Мен бұл жарысқа не үшін келдім?» деген сұраққа жауап беру бәрі көңілді бір нүктеге шоғырландыруға септеседі.
Сыртқы факторлар да әсер етеді, оны да меңгеру керек. Мысалы, жарысқа барғанда таныс спортшылар келіп, сөйлескісі келеді, құшақтайды, бұған энергия аз кетпейді. Ал жарыс кезінде көп энергия қажет. Сондықтан артық сөйлесуден, энергияны босқа жұмсаудан қашқақтаймын. Сонымен қатар, жебелердің толық болуы, су, тамақ, күн ыстық болса – қолшатыр, жаңбыр болса – плащ, сонымен қоса дүрбі, орындық, алғашқы көмекке арналған заттар, яғни, барлық құрал-жабдықтың дайын болуын алдын ала тексеру қажет.
Барлығы дайын әрі өз орнында екенін білу – жарыс алдындағы толқу мен қысымды айтарлықтай азайтады.
– Сізді шабыттандыратын спортшылар бар ма?
– Мені шабыттандыратын спортшылардың бірі – қырғыз елінен Ынтымақ Мұраділұлы. Ол – Қырғызстанның 13 дүркін чемпионы, әрдайым өз техникасын жетілдіруге ұмтылып жүретін спортшы. (Жұбайы да садақшы). Кей жағдайларда бір-бірімізге қолдау көрсетеміз, спортшы ретінде ғана емес, спорттық менеджер және функционер ретінде де үлгі тұтарлық адам.
Сонымен қатар, ресейлік Анна Алексееваны ерекше атап өтер едім. Ол әйелдер категориясында өнер көрсетеді. Мысалы, Қырғызстандағы «Ильбирс-4» халықаралық жарысында финалда Қырғызстанның №1 садақшысы Әсел Садыровамен кездескенде 9 оқтың барлығын тигізді. Бұл – эмоционалдық, психологиялық, физикалық тұрақтылықтың жоғары көрсеткіші. А.Алексеева Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 4 түрлі жарыстан 3 медаль жеңіп алды.
Ол әрдайым жетілуге ұмтылу керек екенін, жетістіктің шексіз екенін дәлелдейтін спортшы. Оның әкесі Ресейге жапон садақ ату дәстүрін алып келген, осы бағытта мектеп ашқан адам. А.Алексеева жапондардың өзін-өзі ұстау мәдениеті мен ұстамдылық принциптерін дәстүрлі садақ ату техникасының негізіне айналдырған.
Мен үшін бұл үлкен үлгі. Мен Анна Алексеева сияқты боламын деп айтпаймын, бірақ өзіме ғана тән, ұлттық құндылықтарға негізделген, ерекше садақ ату стилімді қалыптастыруды мақсат етемін. Болашақта «Бұл – Айым Тілепбергеннің ату стилі» деп танитындай деңгейге жеткім келеді.
– Садақ ату спортының еліміздегі даму деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қазақстанда дәстүрлі садақ ату қарқынды дамып келеді. 2019 жылдан бастап республикалық федерация құрылған кезден 2022 жылға дейінгі үш жарым жылмен қазіргі 2022 жылдан бергі үш жарым жылды салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей.
2022 жылы дәстүрлі садақ ату ресми түрде спорт түрі болып бекітілді. Сол кезден бастап қаржыландыру артты: тек ұлттық құрама ғана емес, жергілікті командалар да әкімдіктер тарапынан қолдау ала бастады. Бүгінде республикалық-халықаралық жарыстар өткізіліп, спортшыларымыз шетелге шығып жүр. Қатысушылардың бір бөлігі республикалық бюджет есебінен, енді бір бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Мен өзім федерацияның вице-президенті Диас Ахметовтың кеңесшісі әрі халықаралық және стратегиялық даму жөніндегі жауапты тұлғамын. 2024 жылдың мамырында Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен жиында 14 мемлекет өкілдерімен бірге Дүниежүзілік федерация құру туралы меморандумға қол қойдық. Оның штаб-пәтері Ыстамбұлда орналасады.
Сол жылы маусым айында Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен жиында 43 мемлекет қатысып, тағы бір Дүниежүзілік федерация құру туралы декларацияға қол қойылды. Қазір Ыстамбұлда құрылған және Оңтүстік Корея бастамасымен құрылған екі федерацияны біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір спортшыларды ғана емес, халықаралық дәрежедегі төрешілерді дайындау жұмысы да басталды. Дәстүрлі садақ ату бүгінде олимпиадалық спорт түрлерімен қатар ұлттық спорттың жетекші бағыттарының біріне айналып келеді.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Жалпы дәстүрлі садақ ату адамға сабырлылық пен талдау жасау қабілетін дарытады. Алдағы мақсатым барлық жарыстарда жеңімпаз атану. Сонымен қатар, дәстүрлі садақ ату және жалпы ұлттық спорт түрлерінің инфрақұрылымына арналған диссертациялық жұмысымды толық аяқтау. (Тарих факультетінің түлегімін, биыл докторантураны тәмамдадым).
Ұлттық спорт саласында ғылыми зерттеулер жүргізетін маман, ғалым ретінде қалыптасу – қазіргі ең басты мақсаттарымның бірі.
- Әңгімеңізге рақмет!