Фото: ашық дереккөз
Биыл энергетикалық инфрақұрылым саласында маңызды нәтижеге қол жеткізілді, тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту циклі басталды. Электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарына салынған капитал көлемі 20%-ға өсті.
Ел бойынша жылу электр орталықтары жабдықтарының жалпы тозу деңгейі алғаш рет төмендеп, 61%-ды құрады. Барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының жүргізілуі Кентау, Риддер және Екібастұз қалаларындағы станцияларды қоса алғанда, 9 энергия көзін тәуекел аймағынан шығаруға мүмкіндік берді.
Жылу желілерін жаңғырту аясында 323 км құбыр ауыстырылып, бұл тұтынушыларды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге және тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендетуге ықпал етті. Жылу желілерінің тозуы 25%-ға азайды.
«Қолданыстағы инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар, жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу қамтамасыз етілді. 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газтурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар ЖЭС-інде қуаты 130 МВт болатын жаңа турбоагрегат іске қосылды. Жыл қорытындысы бойынша елдің энергожүйесі рекордтық 118 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіріп, сұраныстан озық режимде жұмыс істеді», деді Ерлан Ақкенженов.
Келесі жылдан бастап Үкімет өңірлік деңгейде жылумен жабдықтау сызбаларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмысқа кіріседі. Пилоттық жобалар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында айқындалды.
Айта кетейік, 2025 жылғы Үкімет қызметін қорытындылау аясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Astana Hub алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, энергетика саласын дамыту мәселелерін талқылаған еді.