Қайрат көшесімен жүріп келемін. Пристанская көшесін кесіп өтсеңіз, түзу жолға түсесіз. Бірақ сәл жүргенде алдымнан Шөже Қаржаубайұлы даңғылы шықты. Бұл жерде үлкен айналма жол бар. Осы жерге келгенде Қайрат көшесі үзіледі. Сондай үзік-үзік көше.
Осы сәтте менің ойыма: «Қайрат пен Семейді не байланыстырады?» деген сауал келді. Екі үлкен байланысы бар екен. Ең әуелі – азаттық жолында басын бәйгеге тіккен қаһарман оғланның жас тәні Семей топырағын жамылыпты. Ал ақтық үкімі оқылған жері, яғни соты осы Семейде болды. Қайрат Рысқұлбековті қайта жерлеу оқиғасы есіме түсті де, сол жәйтті көзімен көргендердің бірі Жұмаш Кенебайға телефон шалдым.

– Желтоқсаншыларды қаралау жағында Жармақан Тұяқбаев та болған. Бірақ ол кейіннен Желтоқсаншылар ақталған кезде халықтан кешірім сұрап, қателескенін мойындаған. Ал Қайраттың сүйегін әуелі Семейден Абай ауданына қарай шығар беріске, қазіргі аэропорт жаққа, ай далаға көміп кеткен. Оны айтқан адам Қайраттың сүйегін күзеткен орыс екен. Содан сүйегін алып, мұсылмандар зиратына қойған кезде мен де болдым, – дейді.
Оның айтуынша, желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда сол кездегі жоғарғы прокурор Елемесов те болып, көтерілісшілерге «кетіңдер, тараңдар» деген.
Әлихан Омарбеков «Қайрат Рысқұлбековтың қабірі қалай табылды?» деген естелігінде Ақсуат ауданының тумасы, ұлты неміс Альберт Алексейұлы Фунт деген азамат, өзі қазақшаға судай көрінеді, Қайраттың мәйітін көмген кезде үйілген топыраққа лом тастап кетіпті. Кейін туыстары іздестіргенде, сол белгі арқылы Қайраттың асыл сүйегін тауып береді.
Мен тағы бір көлденең жатқан Гете көшесіне келіп тірелдім. Бұл жерде Рысқұлбеков көшесі тағы үзіледі. Жолдың ортасында «Балжан» деген балалар орталығы тұр. Одан өткендегі көлденең көше – Әзілхан Нұршайықов. Бұдан кейін Қ.Рысқұлбеков көшесі тағы жалғасып барады да, «Елемесов» көшесіне тіреледі. Қысқа көше осымен тұйықталады. Бұл Елемесов кім дейсіз ғой, жоғарыда Жұмаш Кенебай ағамыз айтқан – прокурор Елемесов.

Мән-жайдың анық-қанығын біліп алмақ үшін, Қайраттың сотында аудармашы болған Дос Көшімге хабарластым.

– Иә, ол кезде жоғарғы прокурор Елемесов-тұғын. Бірақ Қайраттың сотында ол емес, басқа екі прокурор болды. Қазір қателеспесем, үш адам өлім құшты, екі адамға өлім жазасы кесіліп, 99 азамат сотталды. Міне, соның бәрінде, яғни Желтоқсаншыларды қаралау жағында Елемесов те болған. Оның атына көше беру – әділетсіздік. Мен де біреулерден естіп едім, – деп кейіс білдірді ол.
Сәйкестік пе, тағдыр ма, тылсым ба, белгісіз. Осы ретте Дос мырза тағы бір қызық деталді айтып еді.
– Есімде қалғаны, Қайрат сотта екі өлең оқыды. Бірі – «Ей, прокурор!» деп басталып, түрмедегі жағдайын баяндайтын өлең, екіншісі – «Ақтық сөзі», яғни баршамызбен қоштасуы еді. Соттың төрағасы Ефим Грабарник деген еврей маған «Өлеңді аударып бер» деді. Мен: «Өлең аударылмайды. Ол әке-шешесімен қоштасу бағытында жазылған» дедім. Сотта жалғыз Қайрат емес, Тайжұмаев та, Күзембаев та өздерін өте жоғары ұстады. Төртеуінің қасқиып тұрған суреттері де бар емес пе? Сосын есімде қалғаны: сот басталардың алдында бұлардың барлығын мойындатпақ болыпты. Сотқа телевизия өкілдерін шақырып: «Сендер кінәлі екендеріңді мойындайсыңдар ма?» дегенде, жігіттердің барлығы «Мойындамаймыз!» дейді бірауыздан, – дейді ол.
Менің ойымнан «Ей, прокурор!» деп басталады деген өлеңі шықпай қойды. Іздеп таба алмадым. Дала қатты суық, кеш түсіп кеткен еді. Үйге қайттым, бірақ жылынбастан бірден Мәкен Уақтегінің «Қайрат және Желтоқсан көтерілісі» деген кітабын парақтап отырсам, прокурор Елемесовтің аты-жөні аталады екен.

«Қайратты өлтірген кім?» деген тарауда: «1987 жылдың жаңа жылында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» желеуімен Қайрат Рысқұлбековты Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – Мәдiбек Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен таңға жуық ұстап әкетеді… Кейіннен, көпшілікке мәлім болғандай, аса тергеуші А.Л. Дубаев дегеннің аяр да зымиян әрекеттерімен Қайратқа неше түрлі айла-шарғылар қолданыла отырып, Сергей Савицкийдің өліміне тікелей кінәлі етеді. Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е. Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы үкімімен Қайрат Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасына – атуға бұйырылды. Қазақ халқының қаһарманына жабылған жалған айыптаулармен шығарылған бұл үкім халық заседательдері А. Түсіпбекова мен Л. Юсуповалардың, мемлекеттік айыптаушы Е. Баймұханбетовтың, қоғамдық айыптаушылар Ж. Жұмабаев, М. Толысбаева, А. Оразовтардың қолдауларымен шығарылды. Сол кезде республика Жоғарғы Сотының төрағасы Т. К. Айтмұханбетов, прокуроры Ғ. Б. Елемісов еді», деп жазылыпты («Өркениет», Алматы 2001 ж. 12-бет).
Мында «Покурор Ғ. Б. Елемісов» деп жазылса, жоғарыда айтылған естеліктерде де оның есімі аталады. Қазақтың қаһарман ұлы жас Қайратты түрмеде қанішер Власенко деген жендет өлтірді дейтін бейресми дерек көп. Мұны ойласаң, бойыңды шарасыздық пен намыс кернейді. Пенде баласының өткенге жүргізер үкімі жоқ қой.
Ал «прокурор Елемесов» жайын мен бұрын Семейдегі зиялы қауымның аузынан көп естігем. Қайраттың көшесімен оның көшесінің қиылысуы – парадокс. Бір Семей ғана емес, егер 2GIS көрсеткен дерекке сенсек, «Ғалым Елемесов көшесі» деген Көкшетау, Шортанды қалаларында да бар екен. Былтыр 95 жылдығы тойланып, Көкшетауда ескерткіші бой көтерген көрінеді.
Кімнің кім екеніне төрелік айтудан аулақпыз. Алайда Әділетті Қазақстанда төл тарихымыз әділ бағаланып, тұлғаларға лайықты құрмет көрсетілуге тиіс. Бұл ретте, отаршылдық кезеңде және советтік дәуірден қалған, ескі идеологиялық атаулардан арылу – маңызды мәселе.
2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екеніне айта келіп:
«Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», деген еді.
Абай облысы