Аймақтар • 18 Желтоқсан, 2025

Диқан еңбегі дәріптелді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырған облыстық айтыс осы тақырыпқа арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Диқан еңбегі дәріптелді

Оның ішінде дархан дала төсінде ақық дән аялаған диқан еңбегі ересен. Биыл ақмолалық диқандар 7 миллион 600 мың тонна рекордтық астық жинады. Айта қаларлық табыс. Осы тарихи жетістікке орай облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында өткен «Жаса, диқан, ерлерім!» тақырыбындағы облыстық айтысқа 12 ақын қатысты. Сахна төрінде күнді түнге, түнді күнге ұластырып жан аямай еңбек еткен диқандардың маңдай тері, еңбектегі ерлігі, ел ырыздығын молайту жолындағы іргелі ісі жыр өзегіне айналды. Бұл шараны ұйымдастырушы «Аманат» партиясының облыстық филиалы, облыстық ақындар одағы. Бір айта кетерлігі, сөз сайысына елге танылып қалған тіс қаққан ақындармен қатар, өнер өлкесіне енді ғана қадам басқан жас талапкерлер де қатысты. Ұтымды пікір, ұтқыр сөзімен көпшілік көңілін баураған кей тұстарда жас ақындардың да суырып салар ұшқырлығы, сөз өнерін қапысыз меңгерген табиғи таланты аңғарылып тұрды. Жалаң теңеу, жалпылама сөз емес, еңбек атты құдіреттің халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл қасиеті екендігі сөз астарына салмақ салынып айтылды. Жетелі тыңдарман қауымның жан-дүниесін баурайтын жақсы сөз елдің ырысы мен ырыздығын, берекесі мен бірлігін арттырып, жасампаз істер төңірегінде топтастыруға бағытталды. Әзіл-қалжың да айтылды.

Қазылар алқасы сахна төріне көтерілген 12 ақынның ішінен төртеуін іріктеп алып, республикалық айтысқа жолдама берді. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Сөз додасының соңында қазылар алқасының төрағасы Ермек Нұғыманов айтысты қорытындылап, пайымды пікірін білдірсе, «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов барлық ақындарға алғыс лебізін жеткізді.  

Соңғы жаңалықтар