Өткен маусымда Shymbulak 1,5 миллионнан астам қонақты қабылдады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осылайша, курорт 2030 жылға қарай көзделген межеге мерзімінен бұрын қол жеткізді. Туристер санының өсуі инженерлік жүйелерді, сервисті үнемі жаңғыртуды және қауіпсіздік стандарттарын арттыруды талап ететіні анық.
Қайта жаңғыртудан кейін сырғанау жабдықтарын жалға беру мен сақтаудың негізгі аймағы да жаңартылды. Жалға беру қызметінің супервайзері Мүслім Жұмаев қызмет көрсету «бір терезе» қағидатымен іске асатынын, ал локерлер саны екі есеге артқанын атап өтті.
«Қонақтардың қатары жыл сайын артып келеді, сондықтан басты міндетіміз – сырғанауға дейінгі ұйымдастыру рәсімдеріне кететін уақытты қысқарту. Негізгі жалға беру аймағы қазір “Медеу” станциясында орналасқан, ал “Шымбұлақ” станциясында кәсіби райдерлерге арналған локерлер мен жалға беру нүктесі жұмыс істейді. Бұл қарбалас уақытта қызмет көрсетуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Тағы бір жақсы жаңалық – осы маусымда тау шаңғысы жабдықтары толық жаңартылды», деді Мүслім Жұмаев.
2025–2026 жылғы сырғанау маусымында курортта сервисті цифрлық бақылау жүйесі енгізілді. Қонақтар инфоорталықтарда, тау шаңғысы мен сноуборд мектебінде, сондай-ақ курорттың сайтында орналасқан QR-кодтар арқылы өтініштер мен ұсыныстарын жолдай алады.
«Қонақтардың пікірін жинау мен талдауды автоматтандырдық. Бұл курорт қызметін объективті бағалауға, жетілдіруді қажет ететін тұстарымызды жедел анықтауға және қызмет сапасын жүйелі түрде күшейтуге мүмкіндік береді», деді Клиенттік сервис және сапаны бақылау департаментінің басшысы Ольга Беляева.
Жаңа маусымда санитарлық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Курорттың негізгі аймақтарында, соның ішінде 3200 метр биіктегі және адам көп шоғырланатын станцияларда дәретханалар жаңартылды.
Баспасөз туры барысында жаңартылған ратрак паркі, жасанды қар жасау жүйелері және аспалы жолдардың жұмысын көрсетілді. Осы маусымда Shymbulak Еуропа, Азия және Латын Америкасындағы курорттарды басқаратын халықаралық PGI Management компаниясымен ынтымақтастықты жүзеге асырмақ.
Сондай-ақ курорт «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, Кіші Алматы шатқалындағы Тянь-Шань шыршаларын қалпына келтіру мақсатында Shyrshaly аумағында жобасын қолға алды. Биыл курорт аумағында 500 көшет отырғызылды.
Деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында шетелдік туристер арасында ең танымал мекен ретінде Shymbulak аталған. Туристердің 30,62%-ы курортқа баруды ықылас танытқан. Қорыта айтқанда Алматыға келген әрбір үшінші шетелдік қонақ Shymbulak курортына барған.