Қоғам • Бүгін, 07:30

Жазушының аманат-мұрасы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітап­ханада көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Жұмабай Шаш­тайұлының мемлекеттік тапсырыспен шыққан төрт томдық толық шығармалар жинағының ресми таныстырылымы өтті.

Жазушының аманат-мұрасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Алқалы жиын аясында биыл туғанына 75 жыл толған қаламгердің «Жылдар мен жолдар…» атты иллюстрациялық-кітап көрмесі қойылып, арнайы бейнеролик ұсынылды. Жазушының көркем туындыларына шолу жасалып, әдебиеттегі жолы мен шығармашылық әлемі жайлы естеліктер айтылды.

Қаламгер туралы естеліктермен көм­керілген әдеби іс-шараны алаштанушы ғалым, филология ғылымда­рының докторы Айгүл Ісмақова ашып, жүр­гізіп отырды. Ол өз тарапынан жазу­шының азаматтық келбетіне тоқталып, өзінің мақаланы қазақша жазуына Жұмабай Шаштайұлы тіке­лей әсер еткенін, қаламгердің ұлт­шыл, отаншыл қасиеттерін атап өтті. Мәдениет және ақпарат министр­лігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаламгерлерді, кітап­тарды насихаттау бағытындағы жұмыс­тармен, іске асып жатқан жобалармен таныстырды.

Сондай-ақ жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбай қаламгердің өзіне ерекше ұнаған «Аспанқора» повесіне тоқталды. Шағын ғана шығармада адамның тағдыры тамаша суреттелгенін айтты. Ақын, жазушы, жыршы Баянғали Әлімжанов өзінің айтыста жүріп, әдебиетке араласуына Жұмабай Шаш­тайұлы жол ашқанын, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болғанда шығармалары басылғанын жеткізді. Ал белгілі ғалымдар Кәрімбек Құрманәлиев, Амантай Шәріп, Дихан Қамзабекұлы, әдебиет сыншысы Аман­гелді Кеңші­лікұлы, жазушының басқа да замандас­тары пікірлерін айтты.

Қазіргі қазақ прозасында өзін­дік қолтаңбасымен көрініп, әдебиет әлемінде соны соқпағын салған Жұма­бай Шаштайұлының төрт томдық толық шығармалар жинағының бірінші томына адам жан дүниесіндегі түрлі құбылыстар мен табиғаттың тылсым сырлары нәзік шеберлікпен суреттелетін повестер мен әңгімелер жинақталған. Екінші томына кешегі кеңестік кезеңнің өліара тұсындағы қоғамның «партноменклатура» деп аталатын бөлшегінің құпияға толы қатпарларын терең ашуға арналған «Аяз би» романы енген. Жазушының үшінші томына соцреализмге бой алдырмай, малшының машақатқа толы ауыр тіршілігі мен жастардың қажыр қайратын суреттеген «Қызыл қар» романы еніп отыр. Ең алғаш 1984 жылды повесть болып жарық көріп, «репрессияға» ұшыраған шығарма 30 жылдан кейін қайта жазылып, романға айналды. Сондай-ақ бұл томға атакәсіптің бейнетін белшесінен кешкен қазақтар, қалаға енді ғана орналасып, үлкен мұрат көздеген болашақ зиялы қауым өкілдері сурет­телетін «Замана илеуі» романы да енген. Ал төртінші томы – қаламгердің журналистикадағы ұзақ жылғы ғұмы­рына ойша көз жүгіртіп, өткеніне сын көзбен қараған өмірбаяндық толғанысы. Автор аудандық газеттегі сегіз жылынан бастап, Алматыдағы республикалық басылымға қызметке орналасқан кезеңін, шығармашылық ізденістері мен кәсіби ортадағы қарым-қатынастарын бүкпесіз баяндайды.

Кітаптар шығарма желісімен салын­ған иллюстрациялық суреттермен безендірілген. Жинақ 3 000 дана таралыммен шығып, республиканың барлық кітапханасына тарады.

Соңғы жаңалықтар