Қоғам • Бүгін, 08:28

Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы: Саяси дамудың жауапты кезеңі

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңінде ауылдардың әлеуетін арттыру мәселесін де ұмыт қалдырмай, оны ұлттық саяса­тымыздың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қатысуымен өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы ауылдық аумақтарды дамытуға тың серпін берген айрықша маңызды оқиға болды.

Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы: Саяси дамудың жауапты кезеңі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Бұл жиын көптен бері қорда­ланып келе жатқан мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, ауыл менеджментінің жаңа моделіне бағытталған институционалдық реформалардың нақты бастамасы болды. Форумда негізінен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мәселесі көтерілді. Өз сөзінде Президент жол, ауыз­су, электр қуаты, интернет, ден­сау­лық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсартуды ең басты міндет ретінде алға тартты.

Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келе жатқанын айт­қан Мемлекет басшысы өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түскенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен аса өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті бұл көптеген ел қол жеткізе ал­майтын қаржылай көмек деуге болады. Алайда алдымызда биік мақ­саттар тұр: біз ауыл­дағы жағ­дайды жақсартып, жұмыс­ты күшейтуіміз керек», деді Қ.Тоқаев.

Бұл орайда алдағы кезеңде ауыл­дар­ға арналған ұлттық инфра­­құрылым стан­­дарты заң жүзінде бекітілетіні бұл ба­ғыт­тағы саясаттың нақты бағда­рын ай­қындайды. Сонымен қатар мәс­­ли­хаттардың инфрақұ­ры­лым­дық жобаларды жоспар­лау, мониторинг жасау және бақы­лау жөніндегі өкілеттік­те­рін күшейту бастамасы бюд­жет қаражатының тиімді жұмсалуына және шешімдердің жергілікті қажеттіліктерге толық сәйкестендірілуіне мүмкіндік береді.

Жалпы, жуырда өткен диалог-платформа ауыл әкімде­рі­нің қызметіне деген көзқарасты жүйелі түрде қайта қарау қажет­тігін көрсетті. Қазір ауыл әкімі жай ғана жергі­лік­ті ат­қарушы тұлға емес, эконо­ми­ка­лық даму мен қоғамдық тұрақ­тылыққа жауапты жаңа фор­маттағы «ауыл менеджері» болуға тиіс.

Осыған байланысты алдағы реформалар аясында әкімдер қызметіне арналған KPI жүйесін заңнамалық деңгейде бекіту, көрсеткіштер орындалмаған жағдайда мәслихаттардың әкім­дерді қызметтен босату мүм­кіндігін кеңейту, ауыл әкімдерін менеджерлік және жобалық басқару дағдыларын меңгерген кәсіби корпус ретінде даярлау мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл өзгерістер ауыл дең­гейінде жауапкершілікті күшей­тіп, басқарудың жаңа сапасын қалыптастырады.

Мемлекет басшысы ауыл эко­но­микасының тірегі шағын фермерлік шаруашылықтар екенін нақты атап өтті. Сол себепті кооперацияны дамы­ту, өңдеу өнеркәсібін күшейту, логис­тикалық инфрақұрылымды жетілдіру стратегиялық міндет болып отыр. Сон­дықтан заңнамалық деңгейде ауыл кооперативтері туралы жаңа заң қа­былдау немесе қолданыстағы норма­ларға түбегейлі түзетулерді, ауыл кәсіп­­керлеріне бағытталған салық­тық жеңіл­діктер пакетін, жер пайдалану саласында қоғам­­дық бақылауды күшейту тетік­те­­рін енгізу сынды негізгі баста­малар­ды пысықтап алғанымыз абзал.

Сондай-ақ жеке қосалқы шаруа­шылықты заңмен күшей­ту де осы жиынның негізгі бағыт­тарының бірі ретінде талқы­ланды. Бұл арқылы  ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды, жергілікті өндірістің әлеуетін көтеруді және отбасылық шаруашылықты тұрақты табыс көзіне айналдыруды көздейміз.

Дәрігер, мұғалім, ветеринар, агроном сынды мамандардың тапшылығы ауылдар үшін өзекті мәселе болып отырғаны жасырын емес. Бұл түйткілге жүйелі шешім ретінде ауыл жастарына арналған жаңа форматта арнайы бағдарлама әзір­­леп, оны заңмен бекіту, мамандарға тұр­ғын үй, көтерме жәрдемақы, әлеумет­тік пакет ұсыну сынды тетіктерді қарас­тыру қажет. Бұл ауылдың кадрлық әлеуе­тін күшейтіп, жастардың ауылда тұрақ­тап қызмет етуіне қолайлы жағдай жасайды.

Президент ауыл тұрғындары­ның шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысуы қажеттігін де атап өтті. Осы бағытта мәслихат­тардың бақылау өкілеттіктерін кеңейту, ауылдық округтерде шағын қоғамдық кеңестер құру және әкімдердің халық алдында жыл сайын міндетті есеп бе­руін заңдастыру нормалары қарас­тырылып жатыр. Бұл бастамалар жергілікті демократияны күшей­тіп, ауыл тұрғындарының басқару үдерісіне қатысуын арттырады.

Форумнан кейін байқалған тенден­ция­ларға тоқталсақ, қо­ғам­­дық тал­қылаулар мен са­рап­тамалық пікірлерге сүйе­не отырып, төмендегідей бағыт­тар­­дың күшейгенін көріп отырмыз. Айта­лық, өңірлік әкімдіктер мен саяси пар­тиялар Президент тапсырмаларын түсіндіру және орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығы мен АӨК сала­сын­да­ғы жобалардың басымдығы арта бас­тады. Үздік ауыл әкімдерінің тәжі­ри­бесін тара­ту ісі күшейді. Ауылдық жер­­л­ердің инфрақұрылымдық жоба­лары қайта қарқын алды. Соны­мен қатар ре­формалардың өңір­лік ресурс­тар мен әкімдердің кәсі­билігіне қарай әртүр­лі нәтижелер беру ықтималдығы байқалады.

Қорыта айтсақ, ауыл әкімдері­нің диалог-платформасы ауыл саясатының келесі буын моделін қалыптастыруға мүмкіндік бер­ген тарихи шешім болды. Оның стратегиялық маңызы Прези­денттің ұзақмерзімді бағытымен толық үй­леседі; мәслихаттарды күшей­ту ар­қылы жергілікті басқаруды жаңғыр­тады; аграрлық экономиканың үлесін арт­ты­руға жол ашады және ауылдан қалаға кө­шу қарқынын төмендетуге ықпал етеді.

Ауыл әкімдерімен өткен диалог-платформаны еліміздің ауылдық аумақтарын басқаруды жаңғыртудағы жаңа кезеңнің бастауы деуге әбден болады. Ал нақты нәтиже – уақыт еншісінде. Ең маңыз­ды­сы, жарияланған міндеттерді нақты жобаларға, қаржылық жоспарларға, орындалатын іс-шараларға айналдыруымыз қажет. Форум осы бағыттағы саяси ерік-жігерді күшейтіп, ауылды дамытуға қолайлы институционалдық орта қалыптастырды.

 

Амангелді НҰҒМАНОВ,

Сенат депутаты 

Соңғы жаңалықтар