Тарих толқынында әр халықтың алатын орны оның маңдайына бітетін біртума тұлғасы – көшбасшысымен тығыз байланысты екені мәлім. Болмысынан өрлік пен бостандықты ту еткен көшпелілердің рухынан бастау алған, ұлан-ғайыр мекенін ұрпағына мұра ету жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен ата-бабаларымыз ел тізгінін нық ұстап, қазақ ұлтының атын асқақтатып, ғасырдан-ғасырға ұранын асыра алып келді.Замана тізбегінің алуан алмасқан сәттерін басынан өткізіп, тауқыметі зор ғұмыр кешкен халқымыздың тарих қойнауына өткен сара жолына үңілсек, жаугершілікке қарсы тұрған байырғы заманда аты аңызға айналған батыр-ларымыз жеңіс туын желбіретсе, олардың жеңісін Елбасымыз бүгінде бейбіт күннің майданында жалғастыруда.
Ата-бабаларымыз армандаған ел егемендігіне қол жеткізіп, дербес мемлекет құру жолындағы Елбасының ерен еңбегі ақталып, еліміз жаңа дәуірдегі өркениетті елдер қатарынан лайықты орын алуда. Кешегі одақтық республикалар арасында бүгінде Қазақстанның экономикалық-саяси дәрежесі жөнінде шоқтығы биік тұрып, халықаралық сахнада зор бедел-ге ие болуының сыры – ел басына төнген түрлі ауыртпалық шақтарда Елбасының қайсар саясаткерлік танытып, Қазақстан атты алып кеменің бағытын дұрыс таңдай білуінде.
Тәуелсіздікке қол жеткізген қысқа мерзім ішіндегі Елбасының бастауымен еліміздің өткен жолдары мен жетістіктері тарих беттерінің алтын парақтары болып қалмақ. Алғашқы Конституциямыздан-ақ дүние жүзіне демократия жолын таңдайтынымызды жария еттік. Еліміз өтпелі дәуір экономикасының шырғалаң соқпақтарын игеріп, нарық заманының қатал шарттарына сай тұратын дәрежеге жетті. Елбасының ынтасымен осы қиын-қыстау жылдар қойнауында Астана атты көрікті шаһарымыз дүниеге келді. Қазір әлемде Астана аты бейбітшілік пен бірліктің жаршысы ретінде танымал. Дүние жүзінде ұлтаралық қайшылықтар шиеленісіп, конфессиялар қақтығысы орын алып жатқан кезеңде Қазақстан өзін бірлік пен татулықтың үлгісі ретінде танытып, әлем қауіпсіздігі мен жалпы адамзаттық ынтымақ үшін зор үлесін қосуда.
Бүгінгі таңда Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуға бетбұрыс жасап, білім-ғылым-ақпарат жолын таңдауы – өскелең ұрпақ үшін сенімді болашақ тудырары анық. Қазақстанның қай өлкесін алсақ та экономикалық-әлеуметтік жандану үстінде, республиканың түкпір-түкпірінен естілген өндірістің өркендеуіндегі жетістіктер – Елбасы саясатының әлемдік дағдарыс атты кезекті зауалға қатқан лайықты жауап-жобасының орындалу көріністері.
Жаңа дәуірде ұлтымыздың рухы, зердесі мен мәдениеті асқақ тұрып, ел экономикасының дүние жүзі елдері арасындағы бәсекелестік бәйгесінде алдыңғы орындардан табылуы жолындағы игі жоспарларды жүзеге асыруда халқымызға бейбіт өмір, саламатты денсаулық, табиғат пен қоршаған ортасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Елбасының еңбегі орасан.
“Адамның денсаулығы – экономиканың қозғаушы күші” –деген адамзаттық прогрестік даму қағидасын негізге ала отырып, Елбасының ынтасымен ұлттық медицинамызды әлемдік деңгейге көтеру мақсатымен елімізде теңдессіз шаралар жасалуда. Астанамыздың сол жағалауында Ұлттық медицина холдингінің негізінде медициналық кластер жүйесі бой көтеріп, білім мен ғылым іздеушілерге Назарбаев университеті есігін айқара ашты. Бұл жетістіктер халқымыздың ел шеңберінде емделіп, денсаулығын нығайтуына зор мүмкіндік сыйлап, жас ұрпаққа шетелмен бәсекеге сай білім көзінен нәр алдырмақ. Сау және білімді ұрпақ – өніп шығатын алтын дән, еліміздің ертеңі.
Еліміздің денсаулық сақтау саласын өмірінің мәніне ай-налдырған халық денсаулығы сақшыларының атынан “Ұлт байлығы – денсаулық” сала-сын көркейтуде Елбасының көрсеткен қолдауы мен қам-қорлығы үшін ықыласымды білдіремін. Еліміздің өркениетті өрлеу жолындағы асқан асулары мен бағындырған бе-лестерінің, ауқымды жетістіктерінің болашақтағы қарымына сенімім мол.
Нұрсұлтан Әбішұлын 70 жастың кемеліне келуімен құт-тықтай отырып, “Ел тағдыры – ер тағдыры” ұранымен елдің бейбіт, берекелі, шадыман ғұмыры жолында халықпен біте қайнасқан еңбегі мен үлгі-өнегелі өмірінің шапағаты жас ұрпақтан сабақтастық тауып, жарқын болашақта еліміздің еңсесі биіктей түсіп, жасампаздығы арта берсін деген шынайы тілегімді жолдаймын.
Төрегелді ШАРМАНОВ, академик.