Жасанды интеллект • Бүгін, 08:12

Ұлттық жасанды интеллект экожүйесі

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Цифрлық егемендігімізді қалыптастыруға бір қадам жасалды. Nazarbayev Universіty жанындағы «ISSAI» ғалымдары қазақ тілінде жұмыс істейтін, ұлттық дерекке сүйенген және қауіпсіздік талаптарына сай жасанды интеллект жүйелерін әзірледі. Функционалы жағынан шетелдік платформалардан кем түспейтін «Oylan», «MangiSoz», «TilSync», «Beynele», «Mangitas» секілді шешімдер мемлекеттің цифрлық қауіпсіздігін күшейтіп, қазақ тілінің технологиялық кеңістіктегі өміршеңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұлттық жасанды интеллект экожүйесі

Бүгінде көпшілік «ChatGPT», «Gemini», «Claude» секілді жа­һан­дық жасанды интеллект жүйелерін пайдаланады. Бұл – сөзсіз қуатты құралдар. Алайда олардың бізге беретін жауаптары көбіне жалпылама. Себебі мұндай модельдер бүкіл интер­нет кеңістігіндегі деректерге сүйеніп үйретілген. Ал сол деректер арасында қа­зақтың тілі, мәдениеті, тари­хы мен менталитеті статис­ти­ка­лық көрсеткіш ретін­де ғана қабылданады. Сондық­тан мұндай жүйелерге болмысы­мызға қатысты сұ­рақ қойсақ, үстірт жауап береді.

«Біз бір ғана өнім емес, то­лыққанды жасанды интеллект экожүйесін қалыптастырдық. Бұл жүйелер бізді түсінеді, естиді, ең бастысы, біздің тілі­мізде сөйлейді. Бұл экожүйе­нің өзегі – «Oylan». «Oylan» ұлттық ДНҚ-мен жасалған жасанды интеллект жүйесі деп айтуға болады. Шетелдік модельдер Қазақстан заңдары туралы мәлімет беріп, ұлттық ойындарымызды сипаттап бе­руі мүмкін. Алайда «Oylan» сол ақпаратты қазақы дүниета­ныммен, мәдени контекс­пен және ұлттық менталитет­пен бай­ланыстыра отырып тү­сін­діреді. Оған қазақ әде­биеті, дәстүрі, қоғамның жазыл­маған қа­ғидалары үйретіл­ген. «Oylan»-мен тілдесу – өзің­ді жақ­­сырақ түсінетін отанда­сың­­мен әңгімелескен­дей әсер қал­ды­­рады», дейді «ISSAI» маманы Әмина Байкенова.

Дегенмен интеллект мә­тінмен ғана шектелмейді. Ол бейне арқылы да көрінеді. Осы бағытта «Beynele» жүйесі әзірленген. Батыстың бейнегенерация құралдары Азияны біртұтас, жалпылама кеңістік ретінде бейнелесе, «Beynele» елімізді өзіміз қалай көретін болсақ, солай көрсетеді. Бұл жүйе қарапайым ою мен сакралды өрнектің айырмасын ажыратып, ұлттық рәміздердің мәнін таниды. Осы тұрғыдан алғанда, «Beynele» – еліміздің визуалды дербестігін қалыптастыратын құрал.

Халықаралық кеңістікте еркін әрі кедергісіз байланыс ор­нату үшін «MangiSoz» және «TilSync» жүйелері әзірле­ніп, қолданысқа енгізілді. «MangiSoz» мәтінді дыбысқа, дыбыс­ты мәтінге айналдыратын жүйе. Бағдарлама қазақ тілінің әуезін, сөйлеу ырғағын ескере отырып, қазақша дәл дыбыстайды. Ал «TilSync» аударма жұмысын мүмкіндігінше жеделдетеді. Бұның ең басты ерекшелігі – дәл сол сәтте аударма жасайтынында. Жүйені халықаралық іс-шаралар, ресми кездесулер мен көптілді орта­да тиім­ді коммуникация құра­лы ре­тінде пайдалануға әбден болады.

Сонымен қатар отандық жасанды интеллект шешімдерін дамытудағы негізгі мәселенің бірі – деректер қауіпсіздігі. Қауіпсіздіксіз технологияның толыққанды әрі ұзақмерзімді тиімділігі болмайды. Қазіргі таңда шетелдік жасанды интеллект сервистерін қолдану барысында пайдаланушының ойы, жұмыс стратегиясы және ішкі деректері ел аумағынан тыс серверлерге жіберіледі. Мұндай жағдайда ақпараттың қайда сақталатыны, қалай өңде­летіні және кімнің қолында болатыны әрдайым ашық айтыла бермейді. Осының алдын алу үшін «Mangitas» жүйесі әзірленген. «Mangitas» – барлық отандық жасанды интеллект өнімін интернетке қоспай-ақ, толық жабық желіде іске қосуға мүмкіндік беретін автономды ЖИ сервер. Жүйе бұлтты сервис­терге тәуелді емес әрі барлық деректің пайдаланушының өз бақылауында сақталуын қамтамасыз етеді.

«ISSAI» институтының бас директоры Хусейн Атакан Варолдың айтуынша, университет жасанды интеллектінің әлеуетін ерте кезден-ақ бағалап, жүйелі жұмысқа кіріскен. Соның нәтижесінде бүгінде жаһандық технологиялық бә­секеде Қазақстан да өз өнім­дерін ұсынып отыр.

«Бұдан он жыл бұрын жасанды интеллект Тьюринг тесті­нен өтеді, күрделі матема­тикалық есептерді шеше­ді немесе автокөлікті өздігі­нен жүргізеді деген ойлар фило­софтар мен фантаст-жазушы­лардың ойы ғана еді. Бүгінде бұл болжамдардың барлығы шындыққа айналды. Қазір өнер туындыларын жасап, музыка жазатын жасанды интеллект ешкімді таңғалдырмайды. Кейде тіпті ЖИ жасаған бейне мен шынайы суреттің айырмасын ажырату қиын. Алайда осы технологияларды кім жасап жатыр деген сұраққа келгенде, назар екі ірі орталыққа – АҚШ пен Қытайға ауады. Әлемдік бәсекені алға жылжытып отырған бұл алпауыт компаниялар негізінен ірі экономикалар мен үстем тілдерге басымдық береді. Соның салдарынан көптеген ел мен тіл технологиялық тұрғыдан тәуелді күйде қалып отыр. Осы олқылықтың орнын толтырудың бір үлгісі ретінде Nazarbayev Universіty жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) тәжірибесін атауға болады. Генеративті жасанды интеллект бәсекесі басталған сәтте инс­титут дайын болды. Команда көптүйінді супересептеу клас­терлерін меңгеріп, 150 мил­лиард токеннен тұратын ауқым­ды дерек қорын жинады. Нәтижесінде, әріптестердің қолдауымен қазақ тіліндегі ірі тілдік модель жасалды. Бұл модель – цифрлық ресурсы аз тілдер үшін жасалған алғашқы жоғары өнімді жүйелердің бірі», деді ол.

Бүгінге дейін бағдарла­малар 138 мыңнан астам рет жүктеліпті. Зерттеушілер, стартапшылар, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар тарапынан сұраныс артқан. 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 09:15