Сурет: zakon.kz
Өзі де санқырлы һәм тағдырлы адам еді. Ғажап ғұмыр кешті. Көптеген қиындықты, жауыңа да тілемейтін қиындықтарды бастан өткерді. Ол қиындықтың бәрін халықтың махаббаты арқылы жеңді. Өзі күрескер адам. Тәңірден берілген көл-көсір талант, соған қоса бұл адамға мінез бермесе, рух бермесе сынып кетуі әбден мүмкін-ді. Әсіресе талантты адамның жаны нәзік болады. Оған қоса, бұл кісіге алапат мінез берген ғой. Соның арқасында барлық қиындықты жеңді. Тік жүрді, тік тұрды.
Өзі айтатын трилогиясы: «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» бар да Асанәлі Әшімұлының аты ешқашан өшпейді. Биіктей береді, жыл өткен сайын сағынатын боламыз.
Ас-ағаң ғажап кітаптар жазды. «Менің жанрым күнделік» деген кітабының өзі үш томға толды. Таяуда «Актермін мен мың өліп, мың тірілген» деген кітабы жарық көрді. Оның сыртында сол кітаптың қалыңдығындай алты дәптер қалды. Көкірегі көмбе, қазына кісі еді. Осыншама телегей теңіз, жаныңа жақын адам туралы мұндайда терең сөз айту қиын, әрине.
Өткен ғасырдың орта шені, осы ғасырдың басынан бері мұндай танымалдылыққа ие болған тұлғалар өте сирек. Асекең сол санаулы санаткердің бірі демеске қоймайды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы әкем театры аталған Әуезов театры десек, Асекең соның алтын ғасырын жасаған тұлғалардың бірі.
Қалтай Мұхамеджанов айтатын, «Асанәлі – ұлт руханиятының паспорты», деп. Шын мәнінде солай еді. Мемлекеттің мақтанышы, елдің байлығы іспетті тұлға. Және сол биікте қалды, қала да береді. Ол туралы әлі талай жазатын боламыз.
Екеуміздің шығармашылық байланысымыз туралы жұрттың бәрі жақсы біледі. Маған рухани әке болды. Осыншалықты биігі бізді де, өзін де, бәрімізді өсірді.
Рухыңыз шат болсын, қадірлі аға!
Қали Сәрсенбай,
журналист, қоғам қайраткері