Іссапар Ахмет Ясауи университеті, Ғылым ордасы, Astana IT University және Гарвард университетінің консорциумдық келісімі негізінде жүзеге асып отыр. Қазақстандық делегация құрамына Ахмет Ясауи университеті Ғылым департаментінің директоры, PhD Хайрулла Масадиков, Nazarbayev University Әлеуметтану және антропология кафедрасының профессоры, PhD Ұлан Биғожин кірді.
Негізгі мақсат – Қазақстанның тарихи қолжазбаларын реестрлеу, ғылыми каталогтау және цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу, сондай-ақ Гарвард университетінің және Дэвис орталығы ғалымдарымен тығыз байланыс орнату, жетекші сарапшылармен пікір алмасу және ғылыми мәселелерді талқылау, ортақ ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру мәселесіне тоқталу.
Ғалымдар Гарвардтың Дэвис орталығы мен Хоутон, Вайденер кітапханаларының мамандарымен кездесіп, сирек қолжазбалар қорымен, каталогтау және цифрландырудың заманауи тәсілдерімен танысты. HOLLIS жүйесі арқылы Орталық Азияға қатысты ислам дереккөздерінің базасымен жұмыс жүргізді. Кездесулер барысында бірлескен семинарлар, воркшоптар, ғылыми жобалар және шағатай тілін оқыту бағытында жаңа серіктестік, Қазақстанға Гарвард ғалымдарының сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктері қаралды.
Сонымен қатар Гарвард ғалымдары ғылыми жоба аясында шағатай тілінің онлайн сөздігін әзірлеу туралы бастама ұсынды. Бұл халықаралық деңгейдегі бірегей ғылыми өнім болмақ. Іссапар Қазақстан ғалымдарына сирек қолжазбалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгеруге, халықаралық ғылыми желіні кеңейтуге, жоба нәтижелерін жаңа деңгейде іске асыруға мүмкіндік береді.